Ақтаудағы көп қабатты алты тұрғын үйге QR-коды бар тақтайшалар орнатылды. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімдігінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде өткен брифингте айтылды.
QR - коды бар алғашқы тақтайшалар 26 шағынаудандағы үйлерге орнатылған. Бұл тақтайшалардың ерекшелігі өзіңіз тұрып жатқан тұрғын үй туралы ақпаратты тез әрі оңай алуға мүмкіндік береді. Яғни сол үйге қызмет көрсететін ПИК (Пәтер иелері кооперативі) туралы ақпарат және диспетчерлік қызмет, электрик, сантехник, полиция пунктінің байланыс нөмірлерін тез әрі оңай біле аласыз.
Ол үшін алдымен ұялы телефонға арнайы QR-кодты оқитын мобильді қосымшаны орнату қажет (play - market-те қол жетімді). Осы қосымшаның камерасын QR - кодқа бағыттасаңыз, экраныңызда барлық ақпарат шығады. Бір қызығы, «Айфон» ұялы телефонын қолданатын тұрғындарға мобильді қосымшаны жүктеудің қажеті жоқ. Тек камерасын қосып, QR-кодқа бағыттаса, жетіп жатыр дейді мамандар.
Сонымен қатар кодтың астыңғы жағында пошталық индекс пен post.kz сайтына сілтеме көрсетілген. Осы сайт арқылы коммуналдық төлемдер мен айыппұлдарды төлеуге мүмкіндік бар. Ал пошталық индекс тапсырыс әкелушінің жұмысын жеңілдетеді екен.
- Бұл – тұрғындарға өте ыңғайлы бағдарлама. Тұрғын үй туралы ақпараттардан бөлек QR-кодтың астында әр үйдің өз пошталық индексі жазылған. Ол өз кезегінде тұрғындардың интернет арқылы тапсырыс беруіне, сонымен қатар курьерлердің, пошта қызметінің жұмысын оңайлатуға көмектеседі. Сондай-ақ болашақта QR-код арқылы тұрғындар электронды түрде арыз-шағымдарын, сұрақтарын жолдап, жауап алу мүмкіндігіне де ие болады, - дейді Ақтау қаласы әкімі аппаратының талдау және цифрландыру бөлімінің бас маманы Данияр Шакиров.
QR-коды бар заманауи тақтайшалар алдағы уақытта Ақтау қаласының барлық тұрғын үйлері мен ғимараттарын қамтитын болады. Бұл жоба "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында пәтер иелерінің кооперативтерінің өз қаражаты есебінен жасалып отыр.
Айта кету керек, қазіргі таңда аты аталған тақтайшалар Астана, Алматы, Қостанай және Ақтөбе қалаларында кеңінен қолданылып жүр.
Айгүл ОРЫНБАЕВА
Суреттерді Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="65426,65425,65423"]