©
Бүгін Ақтау қалалық әкімдігінде «АУЭС» МҚК директоры Айтбай Аймағамбетов мекеменің 10 айда атқарған жұмыстарын қорытындылады.
Мекеме Ақтау қаласын жарықтандырумен айналысады, сонымен қатар Приозерный, Рауан, Өмірзақ, Приморский елді мекендерін де қамтиды. Бүгінде қала бойынша 9309 электр бағанасы бар, жарықтандыру шамдары 12649 дана.
- Президенттің жолдауы негізінде 1 қыркүйектен бастап тариф 3,54 теңгеден 2,80 теңгеге төмендетілді. Биыл өткен жылмен салыстырғанда нормативтік шығындар болған жоқ, қайта 301 млн 599 мың теңге қаржы үнемдедік, - дейді Айтбай Үргешұлы.
Сондай-ақ оның айтуынша, қаладағы ескірген, 1980 жылдардан бері тұрған бағаналар біртіндеп ауыстырылмақ. 1 ш/а мен «Нұр Плаза» мейрамханасының жаны да жарықтандырылмақ және:
- Жақын арада 4 және 5 шағынауданның арасындағы электр бағаналары ауыстырылады. Сондай-ақ 26 шағынаудандағы облыстық аурухана жанына да жарық орнатқалы жатырмыз. Бұрын ол жер жарықтандырылмаған. Қазір 140 дана бағана сатып алынды. Жоба құны шамамен 10 млн теңгенің үстінде. Жұмыстар қараша айының екінші жартысында басталады, - деді басшы.
Мекеме бүгінде 1500 заңды тұлғамен жұмыс істейді. Жиын барысында электермен қамтамасыз ететін мекемеге қарыздар тұлғаның бар-жоғын да сұрадық.
- Қазіргі таңда бізге 30 мекеме қарыз. Жалпы сомасы 13 млн теңге көлемінде бережақтары бар. Ол бойынша сотқа шағым берілді, мәселелері қаралып жатыр, - дейді Айтбай Аймағамбетов.
Көше шамдарының күндіз жанып тұруы, тексеріске, жөндеу, бақылау жұмыстарына байланысты екенін де айта кетті.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН