Ақтауда «TOM: Aktau» Мейкатон 8-11 қараша күндері Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті алаңында өтеді. Мүгедек жандарға арналған жаңа прототиптер ұсыну шарасы 72 сағатқа созылмақ. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен жиында айтылды.
Халықаралық жобаның мәртебесіне сәйкес Каспий маңы елі, көрші Ресей, Астрахань қаласының екі командасы прототиптерін ұсынады. Астарахань командасы «Зағип жандар үшін түстерді тану» және АГУ командасы «Ғимаратта көру қабілеті нашар адамдарға көмек көрсету аппараттық-бағдарламалық кешені» прототиптерін ұсынбақ.
«Бұл жоба біз үшін маңызды. Себебі мұндай жобалар Маңғыстауда алғаш рет өткізіліп жатыр. Дегенмен осы уақытқа дейін әр түрлі жобалар ұйымдастырылғанымен, жобаның ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамға белсене араласуына мүмкіндік береді. Біздің университетімізідің құндылықтарының бірі – студенттерді даярлау барысында өзіңнің білгеніңді басқаларға үйрету, көмектесу. Мысалға осы жоба келіп түскеннен кейін, біздің Маңғыстаудың студенттері жобаға қатысуға ынта білдіріп, бізде қатысайық, біздің де жобамыз бар, біз де мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектескіміз келеді деген болатын. Сонымен бізде осы жоба қарастырылып жатыр. Жастарымыздың қандай-да бір сауапты іс жасауға жұмыстануы біз үшін жақсы жағдай. 72 сағат өтетін шараны барынша мүмкіндігін жасап жатырмыз. Жатақхана бар, тамақ ішу, көлік мәселесін шешіп жатырмыз. Біз толықтай қолдаймыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін біздің университетіміздің алаңында толықтай қолайлы жағдай жасалынған», - деді Ш.Есенов атындағы университеттің проректоры Ермек Талантұлы.
Айта кетейік, жобада Ақтау, Атырау, Алматы, Қарағанды сияқты қалалардағы біздің отандастарымыз осындай прототиптерді жасауға өз бақтарын сынап көрмек. Атап өтсек, «Камера-белгіше, құлаққаптар арқылы хабарлама береді және кеңістікте зағиптарға бағыттаушы». Одан соң «Балалардың мылқау ата-аналарымен байланысатын құрылғыны жасау», «Қолды дамытуға арналған активті-пассивті тренажер». Сондай-ақ «Мүгедектердің арбасында отыратын адамдарға баспалдақтан өту мәселесін шешу» және «Зағип және көру қабілеті нашар адамдарға арналған ақылды тор» командалары жобаға қатысады.
Яғни 72 сағат үздіксіз жұмыс жасайтын, мүжәлсіз жандардың күнделікті өмір жағдайын оңалту және бейімдеу үшін 7 команда, барлығы 35 қатысушы құралдар, прототиптер жасайтын болады.
Айта кетейік, прототиптердің тақырыбы мен бағытын мүгедектердің өзі анықтаған. Осылайша, көру қабілеті төмен, есту және тірек-қимыл аппараты функциялары нашар адамдардың проблемалары қамтылады. Барлық жасалған прототиптер, сол адамдарға беріледі. Өз кезегінде, қызығушылық танытқан командалар прототиптер бойынша жұмысын жалғастыра алады, оларды толыққанды өнертабысқа жеткізе алады. Бұл жағдайда, командалар кең ауқымды нарыққа өнертабыстарды ұсына отырып, әлеуметтік кәсіпкерлікте өз бағын сынап көре алады.
"Мейкатон Маңғыстауда тұңғыш рет өткізілейін деп жатыр. Бұл жоба бірқатар аймақтарда өткен. Біздің облыс басшыларына өткізу жөнінде ұсыныс келіп түсті. Оны басшылар қолдады", - деді Маңғыстау облысы әлеуметтік басқармалар және жұмыспен қамту мекемесінің бөлім басшысы Анар Закриенова.
Естеріңізге сала кетейік, «ТОМ: Ақтау» мейкатон еліміз бойынша Павлодар, Қарағанды облыстары, Алматы және Астана қалаларынан кейін алтыншы рет ұйымдастырылуда. Қазақстандағы мейкатон тұңғыш рет ТАУ достастық қауымдастығының президенті, кәсіпкер, меценат Александр Антонович Машкевичтің қолдауымен 2017 жылы өткен.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Сурет автордікі