Бұл ғимаратқа ауыр халде түскен жандар еміне шипа тауып, күн сайын жүздегені сауығып, үйіне оралады. Денсаулығы сыр берген әрбір тұрғын осында беттейді, шағымын осы жерге айтады.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы атқарылған жұмыстармен, нәтижелермен, мәселелермен етене таныстыру үшін облыстық аурухана ғимаратында БАҚ өкілдеріне арналған тур ұйымдастырды.
Облыстық аурухана - тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсететін медициналық мекеме. Ғимарат 1989 жылы пайдалануға берілген. Ең соңғы бөлігі (Г блок) 2010-2011 жылы берілді. Аурухана 450 орынды қамтиды. 20 бөлімде 120 дәрігер, 300-дей мейірбике қызмет етеді.
Біздің сапарымыз Жедел жәрдем қабылдау бөлімінен басталды. Журналистерді күтіп алған аурухана басшылары мен дәрігерлер ғимарат құрылысынан бастап науқастарға көрсетілетін күтімге дейін баяндап берді.
Жедел жәрдем қабылдау бөлімі
[caption id="attachment_65110" align="alignnone" width="1024"] Маңғыстау облыстық ауруханасының басшысы Болатбек Қаюпов.[/caption]- Аурухана халыққа заманауи стандартты қызмет көрсету жүйесін біртіндеп енгізіп келеді. Соның бірі – Жедел жәрдем қабылдау бөлімі. Жаңа үлгідегі қабылдау бөлімі науқастарды күттірмей, жылдам қызмет етуге мүмкіндік береді. Оның көмегіне күніне 100-200 науқас жүгінеді. Айына 5000 адам қабылдау бөліміне келсе, оның жартысына жуығы ауруханаға жатқызылады, - дейді облыстық аурухана басшысы Болатбек Қаюпов.
[caption id="attachment_65111" align="alignnone" width="1024"] Қабылдау бөлімінің хирург-дәрігері Айтқали Шалабаев[/caption]- Мұнда келген науқастардың алдымен ауру деңгейі анықталады. Деңгей үшке бөлінеді: жасыл, сары, қызыл. Амбулаториялық ем қабылдайтын, сырқаты жеңіл науқастар жасыл аймақта қаралады. Бұл жерде олар 1 сағатқа дейін болуы мүмкін. Емханалардан алатын емшаралары жазылып, үйіне қайтарылады. Қажетті құрылғымен қамтылған зонада 4 адамға арналған төсек орын бар. Егер жағдайы ауырласа, сары аймаққа жіберіледі.
"Сары аймақ ауруханаға жатқызылатын науқастарға арналған. Оларды 15 минут ішінде дәрігерлер тексеріп, сырқатын анықтайды. Мұнда науқас 1 тәулікке дейін толық тексеріліп, емін қабылдай алады. Аймақ 8 төсек орын, қажетті аппараттармен қамтылған. Екі мейірбике қызмет етеді. Бұл жерден көбі ауруханаға жолданады".
Ал қызыл аймаққа шок алу, қан кету, есінен тану, жүрек талмасы секілді ауыр жағдайдағы науқастар жеткізіледі. Оларға шұғыл түрде көмек көрсетіледі. Мұнда түскен науқастар міндетті түрде ауруханаға жатқызылады, - дейді қабылдау бөлімінің хирург-дәрігері Айтқали Шалабаев.
Компьютерлік томография кабинеті
Тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді.
- Компьютерлік томография жасауға арналған неміс аппараты облыс бойынша ең мүмкіндігі мол құрылғы боп саналады. Мұнда күніне шамамен 30 науқасты қабылдаймыз, - дейді КТ, МРТ бөлімінің меңгерушісі Әнуар Жақсыбаев.
Сондай-ақ күніне 50-60 науқас жарақат бөлімінің көмегіне жүгінеді.
Шұғыл ота жасау бөлімі
Жедел жәрдеммен түскендерге мұнда шұғыл ота жасалады. Ал 8 бөлмемен қамтылған екінші қабаттағы үлкен ота жасау бөлімінде негізгі оталар (нейрохирургиялық, жалпы хирургиялық, жоспарлы, офтольмологиялық т.б.) жасалады. 60 хирург-дәрігер бар. Ота бөлімдерінің барлығы еуропалық стандартқа сай жасақталған.
- Келесі жылы жаңа жабдықтар сатып алуды жоспарлап отырмыз. ЖМС негізінде мүмкіндігі өте жоғары компьютерлік томография аппаратын сатып алмақпыз. Құны шамамен 60 млн теңгеден жоғары. Біз ауруханаға қажетті нәрселерді алдын-ала жоспарлаймыз. Қабылдаған науқастардың санына, емдеу, ота жасау, сапалы қызметке сәйкес алдағы жылға қаржы бөлінеді. Оған біз дәрі-дәрмек шығынын, жалақы, ғимарат қажеттілігін барлығын қосамыз. Осы жылға 2,5 млрд теңге бөлінген болатын, - дейді аурухана директоры.
Аурухананың жалпы штаты 1200 маманға арналған. Өзге өңірлерден шақырылған 15 маман қызмет етеді. Олардың қатарында Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларынан келген дәрігерлер бар. Болатбек Аманкелдіұлынан дәрігерлерге жасалған жағдай, мүмкіндіктер жөнінде де сұрағанбыз.
- Апта сайын жұмыстар жоспарлы жүргізіледі. Меңгерушілер жас дәрігерлерге кеңес беріп, біліктілігін арттыратын семинарлар өткізеді. Бүгінде жас дәрігерлердің жалақысы – 60 мың теңге, мейірбикелерде – 40 мың. Санаты, тағылымдамадан өткені, кезекшілігі т.б. қосылғанда 120-130 мың теңге болады, - дейді ол.
Маңғыстау облыстық аурухана ғимаратында айналмалы баспалдақ барын тұрғындар жақсы біледі. Мініп-түсуге ыңғайлы жасақталған саты Ленинград стилінде салынған дейді басшы.
Кардиохирургия бөлімі
Бөлім 2014 жылы ашылған. Елордадағы Ұлттық кардиохирургия орталығында жасалатын оталардың 80 пайызын осында жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бөлім 24/7 режимінде науқастарға қызмет көрсетеді. 15 төсек орынмен қамтылған.
- 2017 жылы тәжірибемізге 15 жаңа ота түрі енгізілді. Алда басқа да түрлерін қосу жоспарда бар. Көп жағдайда бізге шұғыл көмек көрсетілетін науқастар келеді. Өкінішке қарай, қазір балаларға кардиооталарды жасай алмай отырмыз. Өткен жылы 3 мықты маманымыз басқа өңірлерге ауысты. Қазір кеңес берумен ғана шектеліп отырмыз. Әрі қарай республикалық деңгейдегі ауруханаларға жолданады. Бұл мәселе де көп ұзамай шешімін табады деген үміттеміз, - дейді жоғары санатты дәрігер, бөлім меңгерушісі Ернұр Ордабаев.
Кардиореанимиация
- Бөлімшеде 4 дәрігер жұмыс істейді. 8 төсек орын бар, оның екеуі балаларға арналған. Әрқайсысының жанында кардиомонитор орналасқан. Орталықтандырылған кислород желілерімен жабдықталған. Ең соңғы үлгідегі жабдықтар осында тұр. Көбіне мұнда науқастар кардиоота жасағаннан кейін әкелінеді. Орындар толықтай жеткілікті. Мұнда гемодиализ аппараты бар. Өкпедегі қысым жоғарылағанына байланысты жүрекке салмақ түседі. Жүрек жеткіліксіздігі, жүректің жиырылу қабілеті төмен болғанда, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде осында ем алады, - дейді кардиолог, бөлім меңгерушісі Маулен Жұмадуллаев.
Барокамера
"Инфекция, тыныс алу жолдарының жетіспеушілігі кезінде 100 пайыз оттегімен қанықтыру үшін науқас барокамера ішіне жатқызылады. Бұл - облыстағы жалғыз аппарат".
Шұғыл кардиология бөлімі
Мұнда бөлім меңгерушісінің м.а. Мезер Татьянаның айтуынша, жүрек ауруымен ер азаматтар жиі түседі екен.
- Көктем және күзде науқастар жиі түседі. Олардың жасы шамамен 45-60 жас аралығында. Бірақ бүгінде инфаркт жасарып келеді, себебі 1991, 1995 жылы туған науқастар да кездесті. Стресс, тұқымқуалаушылық, дұрыс өмір салтын сақтамау әсер етеді, - дейді ол.
Кардиология және аритмология бөлімі
Бөлім меңгерушісі Бибіш Әмірова медицина саласында 37 жылдан бері қызмет етіп келеді.
- Кардиология және аритмология бөлімінде 2009 жылдан ангиографиялық бөлім бар. Онда жүрек-қан тамырларын тексеру, қажет болған жағдайда оларды ашу, яғни стендтеу мүмкіндіктері туды. Соңғы 3-4 жылда жүректің созылмалы жетіспеушіліктерінің ауыр сатыларында қойылатын қондырғылармен ота жасалынып жүр. Енді қазір электрофизиологиялық тексеріс жүргізуге арналған қондырғыны алу жоспарда тұр. Жүрек ырғағының бұзылуы барлық адамда кездеседі, ол жас талғамайды және себептері әртүрлі. Соны анықтау үшін осы қондырғы керектігі жөнінде әкімдікке талап қойған болатынбыз. Жобамен 2019-2020 жылдары әкелінеді деп үміттенеміз, - дейді Бибіш Тұрғанбайқызы.
Бөлімде 3 дәрігер қызмет етеді, 28 төсек орынға есептелген. Мұнда жыл басынан бері 16 жүрекке электрокардиостимулятор қондыру отасы жасалған.
- Электрокардиостимуляторды қондыру 1 млн 300 мың тұрады. Бірақ бізде тегін жасалады, - дейді бөлім меңгерушісі.
Науқастар не дейді?
- Жолдасымның жасы 65-те, жүрек-қан тамырларына ота жасады. Екі күн жан сақтау бөлімінде жатты, қазір палатаға ауыстырды. Дәрігер Альберт Саясатұлына, барлық қызмет етіп жүрген дәрігерлерге үлкен рақмет, - дейді Оразбибі Амантаева.
Саринова Алтын:
- Жасым 69-да. Отадан бас тартқан едім. Жүрек тамырларына стенд қойды. 5 күн жан сақтауда жаттым. Қазір барлық жағдайым жақсы. Қызмет көрсетуі өте жақсы. (Қысылған, қан жүрмей тұрған тамырды ашу – стендтеу (дәрігер)).
Оңғарбаев Қоснияз:
- Облыстық ауруханада кардиология бөлімінде емделіп жатырмын. Келгеніме 15 күн болды. Алдымен эндокриминологияда жаттым. Өзім Маңғыстау ауданы, Үштаған ауылында тұрамын. Дәрігерлер өте жақсы қызмет етіп жатыр. 55 жастамын. Мектепте мұғаліммін.
Тимур Сейітов
- Ақтауда 1984 жылдан бері тұрамын. 2003 жылы жүрек талмасына ұшырап, ауруханада емделген едім. Бұл жолы 25 қазан күні жәдел жәрдеммен келдім. Қазір өзімді өте жақсы сезінемін. Дәрігерлерге көп рақметімді айтамын.
- Неліктен екенін, халық тарапынан ауруханаға деген жағымсыз пікір, сенімсіздік қалыптасқан. Бірақ мұнда науқастардан бар көмегін аямайтын, сауығып кетуіне бүкіл жағдайды жасайтын мамандар қызмет етеді. Сенімсіздік салдарынан ақылы емханаларға барып жатады. Былайша айтқанда, тұрғындар тегін алуға болатын ем-шараларына ақы төлейді, - дейді аурухана директоры Болатбек Қаюпов.
Біз бас сұққан аурухана бөлімдерінде қызу жұмыс жүріп жатты. Өйткені дер кезінде екпе егу, дәрі қабылдау, ота жасау – мұнда күнделікті қайталанып жатқан қарбалас. Оның арасынша мамандар бізге сұқбат беріп, қондырғыларды таныстырып та үлгеріп жатты. Тілдескен науқастардың да наразы пікірін естімедік.
Ауырмаңыздар!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="65133,65134,65135,65136"]