©
1 қараша күні Жаңаөзен қаласы аялдамаларының біріндегі жол-көлік оқиғасынан 3 адам қаза тауып, бірнеше адам ауруханаға жеткізілген еді. Апатқа байланысты Маңғыстау облыстық Полиция департаменті mangystaumedia.kz сайтына ресми ақпар берді.
«1 қараша күні таңғы сағат 8:15 шамасында «GEELY SC7» маркалы автокөлік «Toyota Land Cruiser 100 VX» көлігіне соққан. Соның салдарынан «Toyota Land Cruiser 100 VX» автокөлігі жол жиегіндегі аялдамада тұрған жолаушыларды қаққан.
Жол-көлік оқиғасынан 3 адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті. Олар түрлі жарақатпен Жаңаөзен қалалық ауруханасына жеткізілді, - делінген департамент хабарламасында.
Департамент баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл факт 2018 жылы 1 қарашада Жаңаөзен қалалық ІІБ Алдын ала тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Қазір ҚР ҚК 345 бабы 4 бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Барлық қажетті сараптамалар жүргізілмек.