Ақтауда «Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық жаттығу шеңберінде «Дабыл-1001» белгісімен қалалар мен аудандардың азаматтық қорғанысының аумақтық құрылымдары тексерілді. Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінде аймақтық штаб орналастырылып, штабқа облыстық азаматтық қорғау қызметінің жауапты қызметкерлері, сондай-ақ қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындар қатысты. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев қатысып, әр кәсіпорынның жұмысымен танысты.
«Бүгінгі республикалық командалық-штабтық жаттығу жыл сайын өткізіледі. Қыс-2018 атты шара белгілі бір әр облыста техногендік немесе табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар болған уақыттағы жергілікті атқарушы органдардың, сонымен қатар Азаматтық қорғау құрылымдары қызметтерінің дайындығын тексеру, қарау, сонымен қатар осындай белгілі бір төтенше жағдай болғанда дер кезінде жұмылдыруға байланысты көрініс өткізіп жатырмыз», - деді Ақтау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Алмас Ысқақов.
Шарада Ақтау қаласының әкімінің шешімімен құралған жедел шұғыл әрекет ету отрядының жеке құрамы мен техникалары жиналды. Атап өтсек, 150-ге жақын жеке құрам мен 70-ке жуық техника жұмылдырылды.
Басқарма басшысының айтуынша біздің өңіріміз қысқа дайын. «Қала жолдарының», коммуналдық мекемелердің техникалары мен белгілі бір инертті материалдары да дайын екендігін айтты.
«Біз бүгін қысқа дайындық бойынша техникаларымызды таныстырдық. Техникамыз жеткілікті. Қысқа дайындығымыз жақсы. Бізде барлығы 23 техника бар. Ал адам саны жетерлік. Мәселен, жүргізуші саны 40 адам, ал оның жанында қосымша көмектесушілері - 45 адам. Өткен жылы адам да, техника да жеткілікті болды. Қар күрейтін, су соратын, құм, тұз шашатын, сыпыратын, сосын қыста қарды күреп жүк машинасына тиейтін техникамыз бар. Биылғы қысқа 1,5 мың куб құм, тұзымыз дайын тұр», - деді «Қала жолдары» мекемесінің бас механигі Байрам Сартаев.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыстық штабтық жаттығу аясында 1 қараша күні 2 тәжірибелік оқу-жаттығуы ұйымдастырылып, Ақтау қаласының төтенше жағдайда әрекет ету бөлімшесіне шолу жасалған.
Бірінші оқу-жаттығу "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС аумағындағы екінші жылу электр станциясында өтті. Оқу-жаттығу аясында өрт «МАЭК Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ның №220 ЖЭО-2 ғимаратындағы кабельдік туннельдің технологиялық бұзылуы салдарынан өрт шыққан. Объект қызметкері болған жайтты бірден «101» қызметіне хабарлағаннан соң, оқиға орнына шұғыл Маңғыстау гарнизонының бөлімшелері жеткізілген.
Аталған шараға зауыттың жедел қызметкерлері, Ақтау қаласының өрт сөндіру бөлімшелері гарнизонының 100 қызметкері, «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС, «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС, «Өрт сөндіруші» АҚ, Интергаз, шұғыл құтқару бөлімшесі, 24 негізгі өрт сөндіру техникасы, арнайы және көмекші жабдықтар, жедел жәрдем орталығының қызметкерлері, «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС жедел жәрдем бригадасы қатысты.
Екінші оқу-жаттығу «Теміржол платформаларында арнайы техниканы тиеу» Маңғыстау станциясының аумағында өтті. Онда Қазақстанның басқа аймақтарында төтенше жағдайлар орын алғанда көмек көрсетуге арналған азаматтық қорғаныс құралдарының күштері мен құралдарының пойыздарында ауыр жүк көліктерін тиеу элементтері әзірленеді. Жаттығуға 139 қызметкер мен 51 техника жұмылдырылды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суретті түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64965,64966,64967,64968,64969,64970"]