12-14 қазан күндері «Абай» мәдени-демалыс кешенінде маңғыстаулық белгілі шахматшы Сағындық Рабаевты еске алуға арналған шахматтан «Aktau Chess Open-2018» Халықаралық турнир өтті.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Маңғыстау облыстық мәслихат хатшысы С.Трұмов, МО мәслихат депутаты Қ.Әбдірахман, «Нұр Отан» партиясы МОФ төрағасының бірінші орынбасары Н.Тұмышев құттықтау сөз сөйлеп, турнирге старт берді.
Турнирдің ерекшелігі – оған дәрежелі шахматшылардың (гроссмейстерлер мен спорт шеберлерінің) қатысуы.
-Турнирді елімізге белгілі маңғыстаулық шахматшы, шахматтан спорт шеберлігіне үміткер Сағындық Рабаевтың құрметіне еске алу шарасы ретінде арнадық. Қазақстандық шахматтың қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлесі бар Сағындық Рабаевты көрген азаматтар оның кішіпейілділігі мен адамгершілік қасиетін ерекше атайды. Сондай жандардың бірі екеніме қуанамын. Оның айырықша тапқырлығы мен есте сақтау қабілеті, таланты мен талабы заманында көптің ықыласына шабыт бергені рас, - деді С.Рабаевтың досы Әбдірахман Қуанышбек.
Сағындық Рабаев 1962 жылдың 27 қыркүйегінде Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан, Хожелі қаласында дүниеге келген.
1969 жылы Хожелі қалалық А.П.Чехов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп табалдырығын аттап, 1979 жылы озат түлек қатарында бітіріп шығады.
1979 жылы Қарағанды политехникалық институтының «Азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс факультетіне» оқуға түседі.
Шахматқа қызығушылығы басым С.Рабаев институт қабырғасында шахмат секциясының белсендісі болды. Студенттік кезінде-ақ 1984-1985 жылдары екі жыл қатарынан Қарағанды қалалық шахмат турнирінің чемпионы атанды.
1985 жылы жоғары оқу орнын инженер-құрылысшы мамандығымен аяқтап, еңбек жолын «Тахиаташгидроэнергострой» құрылыс басқармасынан бастаған. Өндірістік-техникалық бөлімнің технигі қызметіне қабылданған.
Өзбекстан Республикасының турнирлерінде екі дүркін чемпион болған. Шахматтан спорт шеберлігіне үміткер.
2001 жылы ата қоныс Маңғыстауға оралып, «Визирь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бас маман қызметіне орналасады.
2003-2005 жылдар аралығында «Алтынқұрық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері қызметін атқарған.
Сайысқа Қазақстанмен қатар Ресей, Әзірбайжан, Белорусь, Өзбекстан шахматшылары да қатысты.
Турнирдің алғашқы күнінде белгілі шахматшы, «Қара қабылан» («Черная пантера») лақап атымен өнер көрсетіп жүрген бес дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева 13 жас шахматшымен бір мезеттік кездесу өткізді.
Турнирдің алғашқы 2 күні Рапид Турнир өткізілді. Ал 14 қазан күні турнирдің салтанатты жабылуында Блиц Турнир ұйымдастырылды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63462,63459,63460,63458"]