12 тамыз - Халықаралық жастар күні. 1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Жастар ісі жөніндегі дүниежүзілік Министрлер конференциясының 12 тамызды Халықаралық жастар күні етіп жариялау туралы ұсынысын қолдаған болатын. Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Халықаралық жастар күніне орай «Жалындаған жастық шақ» атты мерекелік концерт өтті.
Мерекелік шараның мақсаты қала жастарын айтулы мерекемен құттықтап, ұйымшылдыққа, патриоттық сезімге баулу және қаламыздың жастар саясатын дамытуда белсенділік танытқан жастарды марапаттау болып табылады.
Қала әкімінің орынбасарлары Исахан Сағынбаев пен Сәбит Сейдалиев, мемлекеттік мекеме басшылары, ҮЕҰ, ерікті жастар және қала тұрғындары қатысқан кеште түрлі ойындар мен сайыстар, қолдан жасалған ұлттық бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды.
РОБОТОТЕХНИКА ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН КӨРМЕ
«Мұнайшы» мәдениет үйінің алаңында өткен бұл мерекелік шараға Білім инновациялық лицейі оқушыларының ойлап тапқан техникалық жобалары да тұрғындар назарына көрсетілімге қойылды. «РоботоИкс» үйірмесінің жетекшісі, информатика пәні мұғалімі Нұркей Асқардың жетекшілігімен екі жас жеткіншек су құбырын реттеу, су тарту мәселесі бойынша жасаған өздерінің жобаларын таныстырды. Сонымен бірге, ағаштан ойылған бұйымдар, киізден жасалған ағаш үй мен табиғат көрінісі бейнеленген кілемшелер, сөмкелер және Оқушылар шығармашылық үйінің оқушылары салған керемет суреттерден көрме ұйымдастырылды.
«БАУЫРСАҚ PARTY»
Шара барысында қыз-келіншектер арасында «Бауырсақ Party» сайысы ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарын бауырсақ және шұбат, құрт-балқаймақтан дәм татқызды.
Бұл сайыстың мақсаты қыз-келіншектерді дастарханымыздың сәні, қазақ халқының ұлттық тағамдарының бірі - бауырсақ дайындауға шақыру. Қала тұрғындарын ыстық бауырсақтан дәм татқызу, қазақтың ұлттық тағамдарына деген сүйіспеншілігін нығайту дейді ұйымдастырушылар.
Сайыстың шарттары бойынша қатысушылар өздерінің дайындаған бауырсақтарымен бөлісіп, дәм татушы қонақтар мен тұрғындар көңілдерінен шыққан қатысушының бауырсағына дауыс береді. Яғни, арнайы дайындалған қағазды қыстыру арқылы қатысушылардың қайсысы жеңіске жеткендігі анықталады. Аталған сайысқа 18-30 жас аралығындағы 9 үміткер қатысып, бақ сынады. Сонымен қатар, қатысушылар ұлттық киім үлгісімен келуі шарт. Әр қатысушыға үстел беріліп, берілген үстелді қазақи нақышта безендіруі қажет. Жайылған үстелдер жанына барып, қатысушылардың дайындаған бауырсақтарынан дәм татқан қала активі де қатысушыларға пікірлерін айтып, өз бағаларын берді.
Сайыс нәтижесі халықтың дауыс беруі арқылы қорытындыланып, жүлделі орын иелері дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. І орынға ие болған Сандуғаш Тәңірбергеноваға ноутбук, ІІ орын Алия Самурадоваға планшет және ІІІ орынды иеленген Маржан Бітімбаеваға смартфон сыйға берілді.
«АСЫҒЫҢ АЛШЫСЫНАН ТҮССІН»
Халықаралық жастар күніне арналған кеш барысында «Асығың алшысынан түссін» атты асық ойындарының жарысы да өткен болатын.
Қазақ халқы әуелден ойын-сауықшыл болып келеді. Қазіргі күнге дейін қазақтың көптеген ұлттық ойын түрлерi мәлiм. Солардың бірі асық ойындары - қазақтың әдет-ғұрпына үнемi және айқын ықпал еткен. Асық ойынының тарихы негізі тереңде, көне дәуiрден басталған. Сондықтан қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарының бірін жас ұрпаққа дәріптеу, қайта жаңғырту мақсатында ұйымдас- тырылып жатқан ойынға балалар белсене қатысты.
Жарысқа 12-17 жас аралығындағы он бес бала бақ сынады. Ойын барысын тамашалаған жергілікті билік өкілдері де балалармен бірге асық ату ойынын ойнап, жастық шақтарын еске алды.
Асық ойыны арнайы төреші шешімімен қорытындыланып, жүлделі орындарға ие болған қатысушы балаларға диплом және бағалы сыйлықтар берілді. Атап айтқанда, І орын иесі Рахат Амангелдиевке планшет, ІІ орын Нұрдәулет Дошмұхановқа смартфон және ІІІ орынға ие болған Шыңғыс Алшыновқа ұялы телефон сыйға тартылды.
«ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТЫҚ ШАҚ» АТТЫ ГАЛА-КОНЦЕРТ
12 тамыз - Халықаралық жастар күніне ұйымдастырылған мерекелік шара «Бауырсақ Party», «Асығың алшысынан түссін» ойындарынан және көрмеден соң мерекелік гала-концертке ұласты.
Шараның бастауында алғаш болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев жастарды, кеш қонақтарын және қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сонымен қатар, қаламыздағы жастар саясатын дамытуда белсенділік танытқан жастарды, атап айтқанда, «Жаңаөзен» телеарнасының тілшісі Айнұр Махамбетова, «Жаңаөзен» газетінің тілшісі Айжан Насырова, «Жалын» жайдарман тобы, Ынташ Наурызова, Әзірет Есенбай, Дәулет Мұхайлыев, Қанат Ақбаев және тағы басқа белсенді жастарымызды қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. «Бауырсақ Party» және «Асығың алшысынан түссін» атты сайыстардың жеңімпаздарына диплом мен бағалы сыйлықтар тарту етті.
Аталған концертте қаламыздың жалынды жастары мен әнші-бишілері: «Інжу» би ансамблі, Бектас Гилаж, «NewRiver» би студиясының «Sunshine» тобы, Көркем Қоңырбаев және Ислам Ержанов секілді өнерпаздар өнерлерін ортаға салды.
Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеш жоғары деңгейде өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілдерінен шықты. Осындай мәдени, ұлттық санамыз мен рухымызды тәрбиелейтін шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, жастардың қолындағы болашағымыз жарқын болары сөзсіз.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА