Жаңаөзенде облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының маманы, облыстық ономастикалық комиссияның төрағасының хатшысы Айгүл Ықыласқызы жұмыс сапармен келіп, қала және ауыл ақсақалдары, тұрғындармен кездесті. Басқосудағы мақсат кісі есімін көшеге беру заңдылығы мен латын графикасына өту мәселелерін түсіндіру, ұсыныс-пікірлерді тыңдау, ономастикалық комиссияның жұмыстары жөнінде ақпараттандыру болды.
Кеңес-кездесу 7 тамыз күні Жаңаөзен қалалық Ардагерлер үйінде ұйымдастырылды. Алдымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаева баяндама жасап, 2015 жылдан бастап көшені кісі атымен атау мәселесі бойынша келіп түскен арыздар жайында айтып өтті.
- Елбасының 2013 жылғы 7 тамыздағы №1449-3//01-7.9 (ПӘ) тапсырмасына сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірліктерді жаппай кісі есімдерін атауға жол бермейтіндігі ескертілді. Ал 2015 жылы елге еңбегі сіңбеген, танымал емес тұлғалардың есімдерін объектілерге, көшелерге беру үрдісі белең алу себебінен ономастикалық атау беру және қайта атау жұмыстары 2016 жылға дейін тоқтатылды. ҚР Президентінің 2017 жылы 28 ақпанда еліміздегі ономастикалық атауларды ретке келтіру, тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру, объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен оның құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруді түбегейлі шектеу жөнінде тапсырма беріліп, 2018 жылы 8 қаңтарда осы уақытқа дейін келіп түскен тапсырмаларды қатаң сақтау қажеттігін қаперге берді, - деді Ұ.Орынбаева.
Сондай-ақ осы мәселе аясында баяндамада 2015-2016 жылы бөлімге 5 арыз қабылданып, Жәумітбай Демегенов, Садық Құспан, Дүйсенбек Қанатбаев, Иса Назымов және Ауған соғысы ардагерлерінің атына көше беру сұралғаны айтылды. Бірақ бұл өтінімдер республика көлемінде ономастикалық жұмыстарға мораторий жариялануына байланысты қанағаттандырылмаған. 2016-2017 жылдары болса Нұрлыхан Бекбосынов, Көбен Орынбасаров, Сағын Сариев, Тынымбай Қарамбетов, Өтежан Алшымбаев, Демесін Арғынбаевқа көше атын беру туралы 8 жеке тұлғадан арыз түскен. Жаңаөзенде кісі атымен атау, ескерткіш орнату бойынша қала әкімі аппараты және Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоры, «Бұрғылау» ЖШС ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, даңқты мұнайшы Нәсіпқали Марабаевтың 80 жылдығына орай «Бұрғышылар» аллеясына ескерткіш бюст және тұрған үйіне ескерткіш тақтайша орнатылып, Ұзақбай жырау Қазжанұлына ескерткіш бюст орнатуға келісім берілген.
Баяндама тыңдалған соң, облыстан келген Айгүл Ықыласқызы латын графикасына көшу жұмыстары жөнінде айтып өтіп, ономастиканың мағынасы мен заңдылығы, үкіметтің қаулыларына тоқталды. Оған қоса, елдімекен, көшелерге берілетін тарихи тұлғалардың республикалық үлгісіндей өңірлік нұсқасы дайындалып жатқандығы, облыстық ономастикалық комиссия мүшелері жұмыстанып жатқандығын жеткізді.
- Облыстық ономастикалық комиссия құрамында зиялы қауым өкілдері, өлкетанушы, тарихшы т.б. білімді тұлғалардан құралған 21 мүшесі бар. Қазіргі таңда ауыл, көшелерді атаудың маңғыстаулық үлгісін дайындап жатырмыз. Мұнда тарихи мекен атаулары мен осы өңірден шыққан, не қызметі сіңген азаматтардың аты кірістірілетін болады, - деді А.Ықыласқызы.
Жиналыс барысы қызу талқылаулар мен өткір сауалдар, ұсыныстармен жалғасты.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА