Тал шыбықты қалай исең, солай өседі. Баланың санасына не сіңсе, сонымен қалыптаспақ. Бүлдіршіндердің ойнайтын ойыны арқылы да ой-өрісі арта түсетін көрінеді.
Астананың 20 және Ақтау қаласының 55 жылдығына және 5-ші Каспий саммитіне орай балаларға ұлттық ойындарды насихаттау, еліміздің татулық пен бейбітшілік бағытында патриоттық тәрбие беру мақсатында Маңғыстау облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Ақтаудағы №24 балалар бақшасында «Мен Маңғыстауыммен мақтанамын!» тақырыбында ұлттық шара өтті. Педагог Рафига Насибова ұйымдастырған бұл шара барысында әр түрлі ұлттар өкілдерінің балалары қазақтын ұлттық ойындарының бірі асық ату ойынын ойнады. Сондай-ақ балалар ұлттық билер биледі, патриоттық әндер айтып, Маңғыстау туралы өлеңдерді мәнерлеп оқыды.
Балаларға арналған осынау шараға арнайы «Қоғамдық келісім» мекемесінен қонақтар қатысты. Олар — «Достлуг» азірбайжан этномәдени бірлестігінен Шахназ Абдуллаева, татар және қазақ ұлтымен аралас Амина Аккушимова, әнші Дени Аккушимов. Көңілді басқосу соңында қызықты шара ұйымдастырып, белсенділік танытқаны үшін №24 балабақшасына «Қоғамдық келісім» КММ атынан Алғыс хат табысталды.
Ал ата-аналар мен балабақша қызметкерлері бүлдіршіндерге мереке сыйлаған азаматтарға ризашылық білдіріп, алғыс айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА