Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтауға келді. Ол алдымен Достық үйіне табан тіреп, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша облыс активімен кездесті. Кездесуден соң халық игілігі үшін теңіз жағасынан бой көтерген ашық аспан астындағы дала сахнасын, жағалауда жасалған жұмыстарды көріп, оң бағасын берді.
- Ақтауға 5 елдің басшылары келіп, Каспийдің барлық мәселесін шешкелі отырмыз. Осы арқылы Ақтау қаласын бүкіл әлем танитын болады. Маңғыстаулықтардың сол үлкен шараға дайындық жасап жатқанын көріп тұрмын. Бүгін арнайы келіп кездесу өткіздім. Ақтау – Қазақстанның теңіз жағалауында орналасқан бірден-бір қаласы. Оны өркендету, өндірісін дамыту үшін көптеген жұмыс жасалып жатыр. Теміржол мен автокөлік жолы бар, теңіз порттары салынып жатыр. Осының барлығы халықтың игілігі үшін. Мына жағалау қандай әдемі кейіпке енген? Болашақта бұл жер туризмнің ошағы болады деп санаймын. Табысты болыңыздар, - деді Елбасы өз сөзінде.
Күні кеше ғана дала сахнасы салтанатты түрде ашылып, қала тұрғындары үшін мерекелік концерт өткен болатын.
Жағалаудағы амфитеатрдың ұзындығы — 70 метр, 19 бағананың биіктігі — 9 метр. Заманауи үлгідегі көпфункционалды сахна 15 шағынаудандағы ұзындығы 1 км 750 метр жаңа жағалауда орналасқан. Сахнаның төріндегі орталық бағананың үстіне «Суын айғырдың» мүсіні қойылған. Мүсінінің биіктігі 4 метр, 20 см. Сахна «Led-экран», заманауи жарық техникаларымен жабдықталған. Мұнда бір мезетте 1000 өнерпаз өнер көрсетіп, олардың өнерін 25 мың көрермен тамашалай алады.
12 тамыз күні Ақтауда Каспий маңы елдерінің саммиті өткелі отыр. Оған Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің басшылары арнайы келеді. Саммитте Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылады деп күтілуде. Каспийдің конституциясына айналар маңызды құжатқа қол қойылған күні Ақтауда ауқымды шаралар өткізу жоспарланған. Ақтаулықтарға әйгілі Изобелла Биффи, Родольфо Гордини және «Сонремо» фестивалінің өнерпаздарының қатысуымен өтетін мерекелік концерт ұсынылады. Дала сахнасында өтетін кештің дайындық барысына дөп түскен Елбасы жағалаудағы халықпен жүздесіп, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Одан әрі теңіз жағалауын бойлап жатқан жартастағы жолды тамашалады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер akorda.kz сайтынан алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="59343,59344,59345,59346"]