Бүгін өңірімізге жұмыс сапарымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Мемлекет басшысы Достық үйінде облыс активімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытымен танысып, зиялы қауым өкілдерінің, жастардың, кәсіпкерлердің, үкіметтік емес ұйым басшыларының ой-пікірін тыңдады.
Жиын басталмас бұрын облыс әкімі Ералы Тоғжанов Елбасына түбектің дамуына серпін беретін жоспарланған тың жобаларды таныстырды. Атап айтсақ, алдағы 2 жылдың ішінде "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС кәсіпорнының аумағында қуаттылығы 250 МВт болатын бу-газ қондырғысы бой көтеріп, 100-ден аса адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл жоба өңірдегі электр қуатына деген қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Түпқараған ауданында "жасыл экономиканы" дамыту мақсатында инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Құны 20,5 млрд.теңге болатын бұл жоба аясында 15 жаңа жұмыс орыны ашылады. Мұнда таныстырылған тағы бір жоба – Құрық ауылында су тұшыту зауытын салу. Мұнда тәулігіне 50 мың текше метр тұшытылатын тіршілік нәрі жергілікті халыққа, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне және кәсіпорындарға тарайды. Аймақтың алдағы жоспарына жіп және мата өндіретін зауыт салу мәселесі де енгізілген. Индиялық инвесторлар құятын 38,8 млрд. теңге инвестициялық қаржыға қуаттылығы 2,2 млн. теңге мата мен 27 мың тонна жіп өндіретін өндіріс ошағы бой көтереді. Бұл ішкі және сыртқы нарықты қамтуға бағытталған жеңіл өнеркәсіп саласы арқылы жобаның 1-кезеңінде 50, толық қуатында іске қосылғанда 650 адам жұмыспен қамтылады. Аталған өндіріс орындарынан өзге қуаттылығы 384 МВт болатын Жаңаөзенде электр стансасы, облыс орталығында "Эко-город Ақтау" жобасын іске қосу жоспарланған.
– Құрметті маңғыстаулықтар! Сіздермен үлкен шаруаның қарсаңында жолығып отырмыз. 20 жылдан бергі Каспий теңізінің мәселесі түбегейлі шешіледі. Каспий жағалауы елдері үшін тарихи шешім қабылданады. Әулиелі мекен Маңғыстауға келіп сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Тарихи-мәдени ескерткіштері көп, ашық аспан астындағы мұражай болып саналатын өлкенің болашақтағы өсіп-өркендеуі әр уақытта менің бақылауымда болады. Ақтау әлемдік саясатта орны бар қала болады. Осының өзі қаланың қаншалықты стратегиялық маңызының зор екенін көрсетеді. Бұл өңір еліміздің дамуына ерекше үлес қосып келе жатыр. Маңғыстауда бүкіл республика бойынша өндірілетін мұнайдың 4/1-і бар. Маңғыстау халқы "мұнай, газ" деп келе жатыр. Бұл қалыптасқан қағидадан арылуымыз қажет. Жастарды басқа мамандыққа бағыттау, үйрету керек. Өлке бұрынғы Жібек жолының орнында тұр. Теміржол, автокөлік арқылы Жібек жолы өз орнына қайта келейін деп отыр. Маңғыстау – ұшақ, автокөлік, пойыз, кеме, паром қатынайтын бірден-бір өңір. Инфрақұрылымды дамыту саласында мемлекет бірқатар ауқымды жобалар жасады. Оның барлығы Маңғыстаудың өсіп-өркендеуіне септігін тигізетін болады. Өзбекстан шекарасы мен Құрық порты іске қосылғаннан кейін барыс-келіс артады. Құрық портының салынуы – еліміздегі үшінші жаңғырудың көрінісі. Облыстың елмен бірге өсіп-өркендеу қарқыны жаман емес. Өткен жылы өңірлік өнім 4,4 %-ға өсті. Жарты жылдың ішіндегі өндірістің көрсеткіші де жақсарды. Инвестиция да өсіп келеді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша құны 400 миллиард теңгеден асатын 45 жоба іске қосылып, 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Тұрғын үй мәселесін шешуде Маңғыстауда соңғы 5 жылдың ішінде 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыста демографиялық көрсеткіш де жоғары. Соңғы 10 жылдың ішінде халық саны 60 %-ға өсті. Халықтың тұрмысын жайлы деп бағалауға болады. Мұның бәрі бірліктің, татулықтың арқасында жүзеге асты, – деді Елбасы Н.Назарбаев.
https://youtu.be/3tGrAIEE3P0Алқалы жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінен хабардар етті.
– Ішкі өңірлік өнім 2017 жылдың 6 айымен салыстырғанда 99,2%-дан 104,4 %-ға дейін артты. Оң динамика өңдеу өнеркәсібі мен инвестиция көлемінің өсу есебінен қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптің нақты көлем индексі 101,2 %-ды құрады. Өткен жылғы көрсеткіш – 99,1%. Тау-кен өндірісінің өсімі – 101,1%. Өсімді мұнай өндіру және техникалық қызмет көрсету көлемінің артуы қамтамасыз етті. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 12%-ға артты.
Экономиканың басқа базалық салаларында да өсім бар: құрылыс секторы – 119,6%, ауылшаруашылығы – 105,1%; сауда саласы – 101,2%. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6%-ке артып, 256 млрд.теңгені құрады. Сонымен қатар, өңір экономикасы өсімінің резерві ретінде ауылшаруашылығы өндірісін және туризм саласында қызметтерді кеңейтуді айқындадық. Негізгі басымдықты транспорт және логистиканы одан әрі дамытуға бағыттадық, – деді аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы.
Жиын барысында әр салада белсенді еңбек етіп жүрген әртүрлі буын өкілдері сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.
– Аса құрметті Елбасы! Қасиетті Маңғыстау өңіріне қош келдіңіз! Өлкемізге бұл кезекті сапарыңыздың маңызы өте ерекше. Алдағы Саммитте қарт Каспийдің мәртебесін айқындайтын Конвенция қабылдайсыздар. Бұл мәселе 20 жылдай шешімін таппай келгені белгілі. Каспий мәртебесіне нүкте қоятын жиынды әріптестеріңіздің қай-қайсысы да өз елдерінде өткізгісі келген болар. Сіздің әлемдегі абырой-беделіңіздің, әріптестеріңіздің сізге деген сенімінің, дүние жүзі мойындаған бітімгершілік қасиетіңіздің арқасында бұл басқосу біздің елімізде өтетін болып отыр. Бұл көрші мемлекеттер арасындағы экономикалық қарым-қатынасты ұлғайтып қана қоймайды. Сонымен қатар халықтардың дәстүрлі достығын нығайтатын елеулі фактор екені сөзсіз. Каспий Саммиті еліміздің мәртебесін одан әрі биік дәрежеге көтеретіні айдан анық. Өлкеміздің дамуы сіздің назарыңыздан тыс қалып көрген жоқ. Ел оны өте жақсы біледі және сіздің келуіңізбен маңызды жобалар іске асатынына нақты сенеді. Стратегиялық маңызы бар Құрық портының іске қосылуы соның айқын дәлелі. Кеше ғана Швейцарияның экс-президенті бастаған ондаған бизнесмендер 3 ұшақпен келіп, портты көріп, таңғалып кетті. Еуропаға шығатын транзиттік кеңістік, мыңдаған шақырым теміржол, тақтайдай тас жолдар салып, бүкіл әлемді таңғалдырдыңыз. Елдің шеті болып, бару-келудің қиындығын басынан кешкен, тұйық түбек атанған Маңғыстауды транзиттік аймаққа айналдырдыңыз. Біздер төрткүл дүниеге жермен де, сумен де, әуемен де қатынасып, жылдам баратын жағдайға жетіп отырмыз. Өлкеміздің дамуына арнаған зор еңбегіңіз үшін тұрғындардың атынан зор алғысымды қабыл алыңыз.
Құрметті Елбасы! Алла тағала сізге денсаулық берсін деп тілейміз. Елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу жолында жортқанда жолыңыз болсын, Қыдыр ата жолдасыңыз болсын, қасиетті пір Бекет атамыз қолдап жүрсін. Маңғыстаулықтар әрқашан да сізбен бірге, – деді Маңғыстау облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Есен Күмісқали.
– Аса қадірлі Елбасы! Маңғыстау өлкесіне қош келдіңіз! Сіздің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақалаңыздан басталған бағдарлама ұлттық идеологиямызға айналып үлгерді. Аталмыш мақаладағы Сіздің ең басты ойларыңыздың бірі –мемлекетіміздің әрбір азаматын "Мен елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?!"деген ұстанымға шақыру деп білеміз. Сананың жаңғыруы туған жерге тағзымнан басталады демекші, маңғыстаулықтар оған ерекше үлес қосуда. Туған жерге тағзым ретінде мемлекеттік бюджеттен тыс ел азаматтарының демеушілігімен 12 миллиардқа жуық қаражат халық игілігіне жұмсалып, облысымыз бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр. Айта кетсек, 30 спорттық кешен мен алаңдар бой көтеріп, 50 орта мектеп қажетті спорттық құралдармен қамтылды. Жас мамандарға арналған 500 орындық 2 жатақхана салынды. Сонымен қатар шөлейтті мекенді көгалдандыру және мектеп оқушыларын еңбекке баулу мақсатында "Жасыл мектебім, жасыл мекенім" жобасы іске асуда.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Осы берілген мүмкіндіктерді спорт, білім, ғылым, өнер жолындағы өскелең ұрпақ және демеуші кәсіпкерлер Сіздің қамқорлығыңыз деп біледі. "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" бойынша өлкеміздегі 15 киелі нысан жалпыұлттық маңызы бар ескерткіштер қатарына енді. Рухани жаңғыру біз үшін өткенімізді түгендеу!
Рухани жаңғыру біз үшін рухымызды жігерлендіріп, серпін беруші жаңа дем! Мен өз замандастарымның атынан қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттық даму бағытын дер кезінде ұсынып, оны орындауды да жеке бақылауыңызға алып отырғаныңыз үшін Сізге зор алғысымды білдіремін! – деді өлкетанушы Бекболат Төлегенұлы.
Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде Маңғыстау алыс-беріс пен барыс- келіс жанданатын аймаққа айналатынын айтып, киелі өлкені туристік аймаққа айналдырудың қажеттігін қаперге салды.
– Маңғыстау облысының экономикалық-саяси ахуалы тұрақты. Елмен бірге дамып, өркендеп келеді. Ол үшін Мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Мемлекет тарапынан бірнеше бағдарлама қабылданды. Мәселен, қазір индустриалды- инновациялық бағдарлама қолданыста. Еліміз әртүрлі табиғи ресурстарға бай. Бірақ бұл тауарлардың әлемдік биржада бағалары құбылып тұр. Сондықтан ресурстарға арқа сүйей алмаймыз. Біз баламалы экономиканы дамытуымыз қажет. "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша инфрақұрылым жүргізіліп, жолдар салынды. Біз жаңа жолдардың бойында қызмет көрсету сервисін дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруымыз қажет. Бағдарлама аясында Түрікменстан, Иран арқылы Парсы шығанағына шықтық. Құрық порты арқылы Бакуге, одан Иранға, Еуропаға шығуға мүмкіндік аламыз. Мен халыққа жолдаған 100 нақты қадам, 5 әлеуметтік ұсыныс, әлеуметтік бастамаларды тиімді пайдаланып, еңбек етіп, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Рухани жаңғыруды жариялаудағы басты мақсатым халықтың санасын өзгерту еді. Жаңа заманға сай болуымыз қажет. Өз Отанымызды, тарихымызды, салт-дәстүрімізді, әдет- ғұрпымызды жастардың санасына сіңіруіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жиынды түйіндеген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі басшыларға өлкеде шағын және орта бизнестің үлесін арттыруды, өңірде туризмді жүйелі дамытуды тапсырды. Мемлекет басшысы әлемдегі ахуалды бағамдай келе, "халықтың тыныштығы – ең жоғары құндылық" екендігін жеткізді. Маңғыстаудағы барлық ағайындарға дұғай сәлем жолдаған Елбасы елге амандық, татулық, ауызбіршілік, әр жанұяға бақыт пен бақ-береке тіледі.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="59334,59329,59351,59352,59353,59332,59337,59333,59335,59336,59354,59355"]