Бүгін 12 тамыз Ақтауда көптен күткен маңызды халықаралық шара өтеді. Бесінші Каспий саммитінің жұмысы бірер сағаттан кейін басталады деп жоспарлануда. Оған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан мен Иран Президенттері бастаған бес ел делегациясы қатысады. Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, саммит жұмысына қатысу үшін 563 шетелдік қонақ тіркелген. Саммит жұмысы Ақтауда жаңадан пайдалануға берілген "Достық үйінде" өтеді.
Дәл қазіргі уақытта саммиттің өту барысы туралы хабар тарататын БАҚ өкілдері арнайы ұйымдастырылған баспасөз орталығына жиналды. Журналистердің тікелей эфирде хабар таратуы үшін арнайы жабдықталған орталық 500 адамға арналған.
Жалпы саммиттің өту барысын 362 БАҚ өкілі жаһанға жария ететін болады. Олардың арасында Euronews (Франция), The Guardian (Ұлыбритания), AFP (Ажанс Франс пресс, Франция) , EFE (Испания), The Global Times (ҚХР), Euraktiv (Бельгия), Die Zeit (Германия Федералдық Республикасы), CNBC Arabia (БАӘ), Al-Ahram (Египет) сияқты шетелдік белгілі БАҚ-тар бар.
Айта кетелік, 10 тамыз күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстауға жұмыс сапарымен келіп, облыс активімен кездесіп, Құрықтағы мультимодальды хабтың таныстырылымына қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Каспий бойын жағалаған бес ел Президенттерінің басын қосқан саммит бұған дейін 4 рет өткен болатын.
Алғашқы саммит 2002 жылы Ашхабад қаласында өтті. 2007 жылы Тегеран қаласында өткен ІІ Каспий саммитінің қорытындысы бойынша Әзербайжан, Иран Ислам Республикасының, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан Декларациясына қол қойылды. 2010 жылы Баку қаласында өткен ІІІ Каспий саммиті аясында Президенттердің Бірлескен мәлімдемесі мен Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 2014 жылы Астрахандағы IV Каспий саммиті барысында Президенттер бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Бұл саммиттің бұған дейін өткен төртеуінен ерекшелігі Ақтауда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылады деп күтілуде. Каспий теңізінің конституциясына айналар құжатқа дайындық жұмыстары соңғы 20 жылға жуық уақыт жүрді. Яғни 1996 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу бойынша Арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Бұл топтың 52-ші қорытынды отырысы Ақтау қаласында 10 тамыз күні өтті. Өйткені Каспий теңізі – ерекше су қоймасы, сарапшылар осы жылдар ішінде Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау үшін қандай халықаралық құжаттарды басшылыққа алу керектігін талқылады. Дегенмен, былтыр бес елдің Сыртқы істер министрлері Мәскеуде кездесіп, конвенцияның жобасын келіскен болатын.
Күні кеше Ақтауда саммит қарсаңында қазақстандық тараптың төрағалығымен Каспий маңындағы мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өткен болатын. Бүгін бес елдің арасында көптен күткен келісім жасалмақ.Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="59385,59384,59383,59382,59381,59380,59379,59378"]