©
Ақтауда Бесінші Каспий саммиті басталды. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші Каспий саммиті өтетін "Достық" үйінде Иран Ислам Республикасы Президенті Хасан Руханиді, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді, Әзірбайжан Республикасы Президенті Илхам Алиев пен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедовті қарсы алды.
Елбасы Саммит жұмысының отырысын ашық деп жариялап, үш мәселені талқылайтынын атап өтті. Олардың біріншісі - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау. Екінші Каспий теңізіндегі ынтымақтастық мәселесі және аумақтық-халықаралық мәселе.
«Каспий теңізінің ерекше тарихы бар. Географиялық орналасуына байланысты Каспийдің геосаяси маңызы бар. Каспий теңізі арқылы стратегиялық транзиттік коммуникациялар өтіп жатыр. Каспий теңізі мемлекеттеріміздің арасындағы, сонымен қатар Еуропа мен Азия арасындағы тиімді байланыстырушы көпір болып табылады», - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Елбасы Каспий маңы елдерінің әлеуетінің зор екенін және тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде теңіз жағалауындағы бес мемлекетте 240 миллионнан астам адам өмір сүреді. "Осының барлығы Каспий теңізіне байланысты кешенді мәселелерді бірлесе шешуді қажет етті", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Конвенцияның теңіз жағалауындағы мемлекеттердің Каспий теңізіне қатысты, соның ішінде теңіз суы, теңіз түбі, қойнауы мен табиғи ресурстары және әуе кеңістігі саласындағы құқықтары мен міндеттерін қамтитын құжат екенін атап өтті. Құжатта қауіпсіздік мәселесі, Каспий маңы мемлекеттерінің төтенше жағдайлар мен әскери іс-әрекетінің салдарының алдын алу мен жою мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Қазақстан Президенті теңіздегі көліктік-транзит қуатын арттыру мақсатында Конвенцияға қол қоюшы мемлекеттер арасында тасымалдау жағдайын жақсарту және тарифтік саясатты оңтайландыруды ұсынды. "Каспий теңізінің ерекше экологиялық жүйесін сақтау мақтасында биологиялық ресурстардың заңсыз кәсіпке айналдырғандармен күрес жөніндегі арнайы құжат қабылдау қажет", - деді Елбасы. Елбасының айтуынша, саммит барысында 6 маңызды құжатқа қол қойылмақ.Сурет Ақорда сайтынан алынды