Ақтауда Бесінші Каспий саммитінің отырысы аяқталды. Алдымен қарсы алушы тарап ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші Каспий саммитін ашып, баяндама жасады. Одан соң әліпби тәртібінде Әзірбайжан Республикасы Президенті Илхам Алиев, Иран Ислам Республикасы Президенті Хасан Руханиді, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедов сөз сөйледі.
Алдын ала дайын болған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келісімнің мәтіні мақұлданып, қол қойылды.
Сонымен қатар саммит барысында 6 маңызды құжатқа - Каспий теңізінде терроримге қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға; Каспий теңізінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға; Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге, Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге; Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу туралы келісімге және шекара ведомстволарының ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттамаға қол қойылды.
Одан кейін бес елдің Президенті баспасөз құралдарының алдында мәлімдеме жасады.
Конвенцияда Каспий маңы елдерінің өзара қарым-қатынасының барлық құқықтық аспектілері көрсетілген. Конвенцияға сәйкес, Каспий теңізінің мәртебесі айрықша болып белгіленді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Конвенция Каспий теңізін бейбітшілік пен достықтың теңізіне айналдыру, оны бейбітшілік мақсатқа пайдалану, мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық біртұтастығын сақтау, Каспий теңізінде тараптарға тиесілі емес қарулы күштердің болмауы сияқты тараптар үшін тиімді заңды база қалыптастырады.
"Біз аумақтық суларды ені 15 теңіз милі етіп белгіледік, осыған орай оның сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебеге ие болды. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары жалғасып жатыр, мұнда әрбір мемлекет балық кәсіпшілігімен айналысуға құқылы. Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзе беретін болады. Басқа теңізге және әлемдік мұхитқа шығу еркіндігі жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Әрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қатысты егемендік құқығын жүзеге асырады. Сонымен қатар, экологиялық талаптарды сақтай отырып, теңіз түбі бойынша магистральды құбырлар мен кабельдерді төсеу мүмкіндігі қарастырылған", - деді ҚР Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы барша жиналғандарды маңызды құжатқа қол қойылуымен құттықтады.
«Барлықтарыңызды маңызды құжатқа қол қойылуымен құттықтаймын. Біз әріптестерімізбен бірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу бойынша көп жылдық жұмыстың қорытындысын жасадық. "Конвенция - Каспий теңізінің конституциясы" іспеттес. Конвенция теңіз жағалауындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты барлық кешенді мәселелерді реттейді, сонымен қатар Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігінің, тұрақтылығы мен дамуының кепілі болады», - деді Елбасы Н.Назарбаев.
Басты сурет Ақорда сайтынан