Алматыда Қазақстан ұлттық құрамасын Индонезияда өтетін XVIII жазғы Азия ойындарына шығарып салу салтанатты рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімге Азиада алдындағы соңғы жаттығу жиындарын Алматыда өткізген спорттық гимнастика, садақ ату, нысана көздеу, стенд ату, еркін күрес, спорттық құзға өрмелеу, су добы және волейбол командалары қатысты.
«Құрама командалар Азиадаға дайындалу үшін ҰОК Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, барлық мүмкіндік жасады. Қазақстан ҰОК президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев спортшыларды кешенді-ғылыми топтармен, техникалық мамандармен қамтамасыз етіп, олимпиадалық спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындарын толықтай өткізуді өз бақылауына алды. Біз бұл еңбек ақталып, өз жемісін береді деп үміттенеміз. Қазақстан атлеттері құрлықтық додада дәстүрлі түрде үздіктер қатарынан көрінеді. Сондықтан, спортшыларымыз биылғы ойындарда да жанкүйер қуанышын еселей түседі деп сенемін», деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Елдос Рамазанов.
Азия ойындарында Қазақстан құрамасын бастап жүретін спорт Дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов құрлық бәсекесінің алдында спортшыларға сәттілік тіледі.
Жазғы Азия ойындары 18 тамыз күні басталады. Аталған ойындарға Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 440 спортшы қатысады, оның ішіндегі 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды.
Джакартадағы (Индонезия) Азия ойындарында жалпы есебі 462 медальдар жиынтығы сарапқа салынады, оның ішінде 363 жүлде олимпиадалық спорт түрлерінен өз иесін таппақ. Тағы бір айта кетерлігі, биыл Азия ойындарының бағдарламасынан нысана көздеу және стенд атудан командалық жарыс пен бокстан ерлер арасында ауыр салмақ дәрежелері (81 келі, 91 келі, +91 келі) алынып тасталды.
Құрлық додасы Джакарта және Палембанг қалаларында өтеді. Атлетикалық ауылдар екі қалада да орналасқан.
Джакартада спорттың мына түрлерінен жарыс өтеді: жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, күрес түрлері, велоспорт (трек, шоссе, маутинбайк), су добы, қазіргі бессайыс, таеквондо, семсерлесу, карате, регби, суда жүзу, гандбол, синхронды жүзу, садақ ату, көркем гимнастика, желкенді спорт, көгалдағы хоккей, ескек есу (слалом), спорттық гимнастика, волейбол, гольф, баскетбол, баскетбол 3х3, батутта секіру.
Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан туын боксшы Әбілхан Аманқұл көтеріп шығады.
Дереккөз: olympic.kz