©
Өткен аптада «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС электр энергиясы үшін төлем қағазына тағы бір баған қосқаны туралы жазғанбыз. Жағдайды түсінбеген тұрғындар хабарласып, сауалын бізге қойған болатын. Тиісінше аталмыш мекемеге хабарластық. Мекеме басшысының кеңесшісі Қолғанат Нұржаубайұлы бұл әрекеттің себебін түсіндіріп берген еді.
Оның айтуынша, қосымша төлем төлетуге шілде айында электр энергиясы екі еседей көп шығындалуы себеп болған. Бірақ тамыз айында артық сома қайтарылады деген уәж айтты.
Алайда ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің МО бойынша департаменті кәсіпорынның бұл әрекетін жан-жақты тексеру қажет деп тауып, тергеу жұмыстарына кірісті.
«ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті ««МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қатысты келесідей жауап береді.
Қазіргі таңда Департамент тарапынан өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдалану белгілерінің байқалуына байланысты Серіктестікке қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Тергеу мерзімі 3 (үш) айды қамтиды, қажет болған жағдайда 2 айға ұзартылады.
Сондай-ақ Серіктестік мекен-жайына электр энергиясын орта тәуліктік норма бойынша есептеуді тергеу амалдары аяқталғанға дейін тоқтата тұру туралы хат жіберілді», - делінген департаменттің бізге берген жауабында.
Яғни Серіктестік тергеу кезеңінде электр энергиясына қосымша төлем көрсетілген баған уақытша алынып тастауы тиіс.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА