Бүгін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші вице-министрі Евниев Арман Қайратұлы маңғыстаулық кәсіпкерлермен кездесті. Оған облыстың 5 ауданы мен 2 қаласынан ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер, бордақылау алаңдарының басшылары, серіктес фермерлер, облыстық және аудандық әкімдіктердің және қаржы институттары филиалдарының өкілдері қатысты.
Республиканың барлық аумағын қамтитын кездесу ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған. Вице-минисрдің жетекшілігімен өткен жиын «Іскерлік ойын» деп аталатын еркін форматты ұстанды. Әр аудан, қала кәсіпкерлері 7 топқа бөлініп, бағдарламаны жан-жақты талқылады.
-Кездесудің екі мақсаты бар: Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне, шаруа қожалықтарына арнайы келіп, мемлекеттік бағдарламада қабылданған өзгерістерді түсіндіру, талқылау. Екіншіден, осы бағдарламаны іске асырып, нәтижеге қол жеткізу. Ол үшін кәсіпкерлер және мемлекеттік қызметшілер, шаруашылықтар бірігіп бағдарлама аясында жұмыс атқаруымыз керек. Әр команданың нақты күнделікті жұмысындағы және осы бағдарлама аясындағы мақсаты қандай болуы керек, қандай көрсеткішке ие болып, қандай жетістікке жетуі керек, соны белгілеп, анықтаймыз. Біз мемлекеттік бағдарлама үшін арнайы жобалық офис құрып, ауыл шаруашылығы министрлігінде әр облысқа жауапты маманды бекітіп қойдық. Ол тікелей жұмыс атқарады, ақпарат алмасады, - дейді Арман Қайратұлы.
Мемлекеттік бағдарлама 2017-2021 жылдарға арналған. Дегенмен вице-министр ауыл шаруашылық саласының жобалары үшін 4-5 жыл аздық ететінін айтады. Сондықтан арнайы кеңес құрып, мерзімді 2027 жылға дейін ұзартқан. Бағдарламадағы басты өзгерістің бірі де осы – мерзімнің 10 жылға ұлғайтылғаны.
-Кәсіпкерлерге жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, біздің бүгінгі тақырыбымыз – ет шаруашылығы. Біздің ұсынып отырған жүйеде әр мал бордақылау алаңының жанында кем дегенде 100 отбасылық ферма болуы керек. Сонда біз республика бойынша бүгінгі 20 мың ферманы 2027 жылға дейін кем дегенде 100 мыңға жеткізуді көздеп отырмыз. Кәсіпкерлерге субсидия алғанша 4 пайызбен 15 жылға жеңілдетілген несие бермекпіз. Нәтижесінде 50 бас сиыры бар бір отбасы, ең кемі 4 млн теңге табыс табады, - дейді вице-министр.
Министрлік мемлекеттік бағдарлама аясында салалық бағдарламаларды да (сүт, ет, құс шаруашылығы) қолға алған.
-Кей жерде қой, кей жерде ірі қара мал шаруашылығы дамыған. Енді Маңғыстау облысында түйені қарастыруымыз керек. Мысалы, Түркістан облысында «Golden Camel» атты компания күніне 100 т түйе сүтін өңдейтін зауыт салып жатыр. Сондай бір жүйені құруымыз керек, - дегенді айтты Арман Евниев.
Ақтаулық кәсіпкер Кенжетай Сисембина алғашқы жылдары мал шаруашылығын қолға алыпты. Дегенмен ауа райының қолайсыздығы салдарынан өсім көңіл көншітпеген. Нәтижесінде соңғы 15 жылда егін егіп табысқа кенелген.
- Алғашқы жылдары несие алып, кәсіп бастағанда қиын болатын. Бүгінгі семинардан түйгенім, бізге жеңілдіктер қарастырылады екен. Бұрын несиені 5 жылға беретін. Ол уақытта өнім алып, малды көбейтіп үлгермейміз. Мәселен, 2005 жылы 500 қойдың 250-і ауа райының қолайсыздығынан қырылып қалды. Жалпы 2003 жылдан бері ауыл шаруашылығымен, соның ішінде егін шаруашылығымен айналысамын. Бүгінде 170 жеміс ағашым бар. Одан биыл 4 т жүзім, 1 т қарақат, 2,5 т өрік өндірдік. Қазір алма ағаштарының әртүрлі сорты өсіп жатыр. Өнімдерімізді базарларға тапсырамыз және дүңгіршегімізге қоямыз. 4 қызметкеріміз бар, - дейді ол.
Аталмыш семинар бұдан әрі Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларында жалғасады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА