©
1-5 тамыз аралығында Маңғыстау облысында көркем гимнастикадан ІІ халықаралық «Шағала» турнирі өтеді. Сайысқа 6-15 жас аралығындағы (2003-2012 жж туылған) гимнасшы қыздар қатысады.
Сайысқа Өзбекстан, Грузия, Израильден қатысушылар келді. Өз елімізден Алматы, Шымкент және Атырау облысы гимнасшылары бақ сынамақ. Турнирге барлығы 250-дей спортшы қатысады. Былтыр 180 қатысушы болған. Маңғыстау облысының намысын 60 гимнасшы қорғайды.
Облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы жарыс алдында шетелден маман шақырып, өңірдің жас спортшыларының дайындығын пысықтаған. Оларға Израильден келген көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі төреші, Кеңес Одағының 13 дүркін чемпионы Венера Зарипова бағыт көрсетіп, тәлім берген.
Федерация өкілдері көркем гимнастикаға қызығушылар санының артып келе жатқанын алға тартады. Мамандар бұл орайда туындаған мәселені де айтып қалды.
-Бұл спортқа келетін қыздар саны өте көп. Сондықтан залға сыймай жатады. Аудандардан да гимнастикаға қызығып, балаларын әкелетіндер бар.Таңертеңнен кешкі 8-ге дейін жаттығамыз. Бізге гимнастикаға арналған зал жетіспейді. Топтарды кезек-кезек, бірінен соң бірін шақырып, жаттығамыз, - дейді МО көркем гимнастикадан аға жаттықтырушы Бибігүл Ерназарова
Бұл мәселеге облыстық спорт басқармасы басшысының м.а. Нұрбек Қарабалаев быйлай деп жауап берді:
-Осы жылдың басында спорттық гимнастикаға арналған спорт зал ашылды. 20 жыл төңірегінде бізде мұндай ғимарат болмаған. Алдағы уақытта бұл спорт түрі дамып, чемпиондар көбейеді деген ойдамыз. Бір жылдың ішінде облыста 11 спорттық кешен салынды. Спортпен шұғылданатын тұрғындар саны 45 мыңға артты. Сондықтан бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамыз, - деді ол.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА