©
Жергілікті органдар халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына әлеуметтік қолдау шараларын көрсетеді. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес олар материалдық көмек, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін ала алады.
ҚР "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Заңына сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен, яғни 15659 теңгеден аспайтын жандардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқы бар.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілді. Жаңа формат бойынша көмек азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.
Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар (мүгедектер, зейнеткерлер, студенттер, бала күтіміндегі аналар) отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Шартты ақшалай көмек жалғыз тұратын еңбекке қабілетті, табысы аз адамдарға, сондай-ақ өзінің құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар табысы аз отбасыларға көрсетіледі. Бірақ ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда берілетінін ескерген жөн.
Атаулы әлеуметтік көмек туралы негізгі ақпаратқа көз жүгірттік. Бұл жөнінде мәлімет алуымызға редакциямызға келген оқырман хаттары себеп болды. Табысы аз, жұмыссыз жүрген тұрғындар әлеуметтік көмек алуға қатысты сұрақтарын жолдапты. Олардың өтінішін жауапсыз қалдырмау мақсатында құзырлы органдарға хабарласып, оқырмандардың сұрақтарын қойдық. Оған Ақтау қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Қытай Тілепіқызы жауап берген еді. Сұрақ жолдаушыларға және өзге де әлеуметтік көмек алушыларға септігі тиер.
Сұрақ: Салеметсіз бе. Менің үш балам бар. Үлкені беске, ең кішісі екіге толады. Төртіншіне жүктімін. Күйеуім жалдамалы жұмыс атқарады, мен балалармен үйдемін. Үлкен қызым жасөспірімдер палиартритімен ауырады. Маған қандай көмек болады?
Жауап: Сіздің отбасыңызға атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін жолдасыңыздың еңбекақысын растайтын анықтама ұсыну міндетті болып табылады. Толық ақпаратты 35 ш/а, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының ғимаратында орналасқан Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығынан біле аласыз.
Ал басқа әлеуметтік көмек түрлерін алу құқығыңызды анықтау үшін Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне (11 шағын аудан, 50 ғимарат, 110 бөлме, телефондары 43 26 52, 43 25 81) хабарласуыңызға болады.
Сұрақ: Сәлеметсіз бе. Мен 4 баламен үйде отырған келіншекпін. Үлкенім 7 жаста, кенжем 10 айлық. Күйеуім базарда күзетші болып қызмет етеді. Айлығы 25 мың, ал біз жалдамалы үйде тұрамыз. Қандай жәрдемақы түрін ала аламыз?
Жауап: Сіздің отбасыңызға атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін жолдасыңыздың еңбекақысын растайтын анықтама ұсыну міндетті болып табылады.
Сонымен қатар Сіздің отбасыңыздың тіркелген орны және тұратын мекен-жайы әр түрлі әкімшілік-аймақтық бірліктерде орналасқан жағдайда атаулы әлеуметтік көмек көрсетілмейді. Мысалы, Ақтау қаласында тіркелгенсіз, бірақ Мұнайлы ауданында үй жалдап тұрсаңыз көмек ала алмайсыз.
Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмек туралы толық ақпарат алу үшін 35 ш/а, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының ғимаратында орналасқан Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласыңыз.
Сұрақ: Атаулы әлеуметтік көмек қандай жағдайда беріледі? Мысалы, үйде енем жұмыс істейді. Ал күйеуім жұмыссыз. Өзім үш жасқа дейінгі бала күтімімен отырмын.
Жауап: Сіздің отбасыңызға атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін жолдасыңыз жұмыссыз ретінде тіркеуде тұруы және енеңіздің еңбекақысын растайтын анықтама ұсыну міндетті болып табылады. Толық ақпарат алу үшін 35 ш/а, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының ғимаратында орналасқан Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласыңыз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА