Ажал апанын ауыздықтау, мезгілсіз ажалдан арашалау кез келген жұмыр басты пенденің пешенесіне жазыла бермесі хақ. Бұл білімі ұшан-теңіз, таным өрісі кең, пайым-парасаты зор, көкейге түйгені мол тағдыр иесіне табиғат тартуы десек артық айтпағандығымыз. Сондай ерек қасиет иелері, ғұмыры өнеге, сүрлеуі сара, тағылымы тың жандар ретінде Амангелді Қазыбайұлы мен Ақтоты Жарылғасынқызын сөз етуге болады. Медицина саласын терең меңгерген, майын ішіп, жілігін шаққан майталман мамандар білімін ұштап, біліктілігін жетілдіруден танбаған. Қос жұбай дәстүрлі қытай медицинасын да игерген. Бүгінде "Алтын ине" жеке емдеу-қалыпқа келтіру орталығын ашып, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.
Дәрменсіз дертке дауа тауып, ем дарытар дәрігер атану Ақтотының бала кезден арманы. Жаны нәзік, зерделі, алғыр Ақтоты он жасында ойда-жоқта әкесінен көз жазып қалады. Сұм соғыс азабын шегіп, қиын-қыстау кезеңді көзбен көрген әкесі алты жылға жуық төсек тартып жатады. Күннен күнге әл-дәрмені кетіп, өңі солған жанның үміті жапырақтай қурап, жан тәсілім етеді. Жүрегіне жазылмас жара салып, көңіліне кірбің ұялатқан ауыр қаза Ақтотының ақ халатты абзал жан атануына ерекше ықпал етеді. Орта оқу ордасын үздік тәмамдайды Тәлім-тәрбиесі мол, білгір де білікті мамандардан дәріс алып, білім іргетасын берік қалаған ұстаздар өнеге-тағылымын өн бойына сіңіреді. Асқақ арман арқалап, Алматыға жол тартады. Тағдырдың жазуы болар, бұ жолы жоғары білім ордасына өтудің сәті түспейді.
«Алматыға алғаш рет екі құрбыммен бардым. Бұрын ауылдан әрі аттап шықпаған маған алып қала өміріне бой үйрету оңайға соқпасын сездім. Екі құрбым емтиханнан сүрініп, кері қайтты. Балалық болар, соларға еріп мен де медициналық иститутқа түсем деген ойымнан айнып, ауылға асықтым. Сол кездері мектепте оқу-өндірістік комбинаты жұмыс жасады. Осы комбинатта өлшеу аспаптары мен автоматтарын бақылау мамандығы бойынша білім алғанмын. Өмірде кездейсоқ нәрсе бола бермейді. Жапырақтай қағаз жаңа салада еңбек жолымды бастауымның басты себебі еді. Көп ұзамай Өзен монтаждау басқармасына қызметке тұрдым. Басшылық бұйрығымен кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында Мәскеуге аттандым. Ресейдегі белді жоғары оқу ордасының бірі Губкин атындағы институтқа мұнай саласы бойынша оқуға түстім. Бірақ бұл мүмкіндіктен де бас тарттым»,-деп еске алады Ақтоты.
Мақсат-мұратына берік, арманына адал жан ауылға оралысымен Ақтөбеге аттанып, медициналық институтқа оқуға түседі. Жоғары оқу ордасында терең білім, мол таным, толайым тәжірибеге қанығады. Өз ісінің үздіктері мен бесаспап мамандардан кәсібінің қыр-сырын үйренеді. Алты жыл бойы санаға сіңірген мол білімді тәжірибе жүзінде іске асыра білу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Әйтседе Ақтоты зор ізденіс, еселі еңбек пен тынымсыз талпыныс нәтижесінде сүйікті ісін толықтай игереді. Аурухана табалдырығын жоғары білімді жүрек шипагері, тәжірибесі жетік жас дәрігер ретінде аттайды.
«Институт қабырғасында Калимурзина Балқия Сағатовна дәріс берді. Жан-жақты білімді, қарым-қабілеті дара, көзқарас көкжиегі кең маман ретінде кез келген тақырып астарын тереңнен зерттей отырып, кеңінен түсіндіретін. Өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, салқын қанды, өте салмақты жан. Медицинаның сан саласы бойынша білікті де білгір дәрігерлерді дайындап шығарған. Теориялық терең тәлімді тәжірибе жүзінде қолданып, науқас дертін дәл тауып, ем-дом жасайтын білгірлігіне сүйсінетінбіз. Сырқат психологиясы мен жан-дүниесіне терең бойлап, өзара эмоциональды қарым-қатынас орнататын. Антына адал, білікті маман болуға ұмтылатынбыз. Ол кісіге алғысым зор. Балқия Сағатовна сынды ұстазым болуы тағдыр сыйы деп санаймын»,-дейді дәрігер өткен өміріне көз жүгіртіп.
Ақтотының институтта алған терең білімі еңбек жолында кезіккен кез келген кедергілерді еңсеруге, білімін үстеп, ізденуге, абырой-беделге ие болуына сеп болады. Ақ желеңді абзал жан талай сырқатты ажал аузынан арашалап, алғысына бөленеді. Жүрек ауруын ауыздықтап, дәрменсіз дертке дауа табады. Қызмет барысында туындайтын қиындықтарға қарамастан, тек қана алға ұмытылады. Оң нәтиже жолында бар күш-жігерін жұмсап, қызу еңбекке, сүйікті кәсібіне білек сыбана кіріседі. Науқастың жай-күйі бір қалыпқа түсіп, оңалғанға дейін Ақтоты тынбайды. Ұдайы бақылап, үздіксіз ем-дом жасап.яғынан тік тұрғызып қана қоймай, сауықтырып жібереді. Тікесінен тік тұрып, ажалмен күресуде аянбайтын абзал жан облыстық ауруханада төрт жылға жуық қызмет етеді. Нәпақа үшін өмір бойы бір орынға жіпсіз байлану Ақтоты үшін мүлдем жат дүние. Ол тың ізденіс, жаңа бастама, соны жаңалыққа жаны құмар. Өз кәсібінің қыры мен сырын бүге-шігесіне дейін танып білуге әрдайым талпынады. Осылайша, үлкен арман, зор үміт, ерек әсермен алыстан қол бұлғаған арман қала Астанаға аттанады.
«Астана қаласында 1998-2000 жылдары Ақмола мемлекеттік медицина академиясында клиникалық ординатурада білім алдым. Есіл жағасындағы Елорда жаңа-жаңа бойын тіктеп, еңсесін көтеріп келе жатқан кез. Білікті профессорлар, белгілі мамандар басы біріккен оқу ошағында ұшан-теңіз білімнен сусындадым. Іргесі берік, тағылымы терең ескінің көзін көрген тәлімгерлердің тәжірибесіне қанықтым»,-дейді Ақтоты.
Медицина саласы, әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруын емдеуде білім-білігі мол дәрігер дәстүрлі медицинаға аса зеректік, озық білім мен сан жылғы кәсіби тәжірибесін ұштастыра келеді.
«Бірде менің қолыма қытай медицинасы құпиялары жайлы кітап түсті. Әлі есімде, авторлары Упур Халмурад және В.Начатой. Кітап мазмұны ұнағаны соншалық қытай медицинасына деген зор қызығушылығым оянды. Шіркін-ай, бастан-аяқ зерделеп, түсініп-түйсінсем, авторлардың біріммен кездесіп, сөзіне құлақ түрсем деген арман туды. Уақыт өте мен қызмет ететін емханаға қарама-қарсы тұста шығыс медицинасымен айналысатын кабинет ашылды. 2002 жылы Нелля Огай атты ұстаздан дәріс алдым. Дәстүрлі қытай емі, әдіс-тәсілдері мен қыр-сырына ұғына бастадым. Ине салу арқылы тұла бойға қан жүргізіп, жан-дүние мен тән тепе-теңдігін орнату, адам ағзасын оңалту бойынша білімімді ұштадым. Аңсаған арман орындалады демекші, қытай медицинасы бойынша 2005 жылы В.Начатойдың екі жылдық оқу циклын сәтті ақтадым. Содан кейін сол кісінің үш циклдық ине салу курсын тәмамдадым. Мұнымен қоймай, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында үш айлық ине салу курсын жоғары деңгей, оң нәтижемен бітірдім. Ал 2008 және 2011 жылы аспан асты еліне сапар шегіп, дәстүрлі қытай медицинасы жоғары оқу орталығында белгілі профессорлардан білімімді жетілдірдім. Новосибирск қаласында В.Начатойдың біліктілікті арттыру оқуын да тәмамдаған едім. Бұдан өзге білімін шыңдап, оққып ізденуден танбадым»,-дейді Ақтоты санамалап.
Қытай медицинасын терең меңгерген Ақтоты инемен емдеудің жаңа тәсілін кеңінен қолданысқа енгізіп, қан тамырлары ауруына шалдыққан науқастарды, әсіресе инсульт, сал ауруларын емдейді. Аяқ-қолдары жансызданып, тіл- ауыздан қалған жандардың аяқ-қолына қан жүгіртіп, өн бойына қуат береді. Дертіне дауа, жанына шипа дарытады.
Ақтоты институт қабырғасында жүріп жұбайы Амангелдімен отау құрады. Амангелді де көптің алғысына бөленген ақ халатты абзал жан. Қызылорда өңірінің тумасы. Дәрігерлер әулетінен шыққан. Марқұм әкесі 40 жылға жуық бас дәрігер болып адал қызмет еткен. Амангелді асқар тау әкенің арман-тілегін жерге қалдырмай, Ақтөбе қаласына аттанып, жоғары оқу ордасына түседі. Дәрігер-невролог мамандығы бойынша терең білім алып, сәтті аяқтап шығады. Ілкі еңбек жолын туған өңірінде бастап, біраз жыл бойы ел игілігіне еңбек етеді. 1991 жылы Маңғыстау өңіріне қоныс аударып, облыстық ауруханада қызметін жалғастырады. Талай науқастың дертіне дауа тауып, қамкөңіл жанға демеу бола біледі. Сан түрлі сырқаттан айығып, сауығып кетуіне септігін тигізеді. 1998 жылы жұбайы Ақтотының білімін жетілдірсем деген ойына қолдау көрсетіп, Астана қаласына аттанады. Президент істері жөніндегі басқарманың орталық клиникалық ауруханасына қызметке орналасады. Он жыл бойы қалтқысыз еңбек етіп, ұжымда сый-құрметке бөленеді. Мұнымен тоқтап қалмай, Казань қаласында қолымен адам денесіне әсер ету арқылы тірек-қимыл жүйесінің ауруларын емдейтін мануальды терапия саласы бойынша білімін жетілдіреді. Сол оқу ордасында ине салу әдіс-тәсілін игереді. 2003 жылдан бастап жеке мануальды терапия кабинетін ашады.
Елордада жемісті еңбек етіп, зор жетістіктерге жеткен жұбайлар араға уақыт салып туған өлкеге қайта оралады. Сан жыл игерген мол ілім-тәжірибені туған ел иглігіне жаратсам деген мұрат алға жетелейді. Ақтоты мен Амангелді Ақтауға оралысымен жеке кәсібін жүргізуді көздейді. Қос жұбайдың жоспары жүзеге асып, жеке емдеу-қалпына келтіру орталығын ашудың сәті түседі. Бүгінде "Алтын ине" деп аталатын емдеу-қалпына келтіру орталығында жүйке-жүйе аурулары, жүрек-қан тамыр, асқазан-ішек, несеп-жыныс аурулары, гинекологиялық түрлі науқастар емделеді. Сондай-ақ, буындары ауыратын адамдар, тыныс алу жүйесіне қатысты дертке шалдыққандар өз дауасын тауып жатады. Тері, эндокриндік ауруымен науқастанғанда және көз ауруымен ауыратындарға ем береді. Орталық көмегіне жүгінген науқасты алдымен жұбайлар қарап, қалыптасқан жайтты зерделеп, ортақ шешім қабылдайды. Қажет болған жағдайда сырқатты медициналық зерттеуге бағыттап, толық тексерістен өткізеді. Барлық нәтижелерді сараптай келе, диагнозын қойып, жоспарлы ем жүргізеді. Орталық алдынан адам аяғы үзілмейді. Ем қонып, дертінен құлан-таза айыққан жандар жетіп артылады.
Бүгінде қос дәрігер екі баланы тәрбиелеп отырған, бірлігі жарасып, берекесі артқан бақытты жанұя. Үлкен ұлы инженер болса, кішісі мектеп түлегі. Қызметте де, өмір де қол ұстасып, тату-тәтті, мәнді-мағыналы, өнегелі өмір сүрген қос жұбайдың тұрмыс-тірлігі, кескін-келбеті қызығарлықтай.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ