57-қадам. Туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлік) инвесторлар тарту.
«Ұлт жоспары -100 нақты қадам»
Елбасы Н.Назарбаев жариялаған Ұлт жоспарының кіріспесінде «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік пен бірлік», «Есеп беретін мемлекет қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжатта мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған. Былтыр қорытындысы бойынша өлкемізге 47 мың 840 турист келсе, оның 14 мыңнан астамы Кендірлі курорттық аймағына барды. Өңірде туристік инфрақұрылымның дамуы Ақтау және Жаңаөзен қалаларында ойын-сауық орталықтарының және «Сая» демалыс базасының ашылуы, «Tree of Life», «SunSet», «Достар» демалыс базалары, Кендірлідегі «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ қайта салған «Ақбөбек» балаларды сауықтыру лагері, жаңа қонақ үйлердің ашылу мен құрылысын қайта салу есебінен жүргізілді. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында «Эко Маңғыстау» ҰЕҰ қолдауымен қонақ күту үйі ашылды. Сонымен қатар Бейнеу ауданына қарасты Ақжігіт ауылында «Жұмыспен қамту картасы- 2020» бағдарламасының аясында қонақ күту үйі, Ақтау қаласындағы 2- шағынауданда қонақ үй (хостел) ашылды. Сондай-ақ өткен жылдың қыркүйек айында «HolidayInn» 4 жұлдызды қонақ үйі пайдалануға берілді. 2015 жылы кіру туризмінің келушілерінің өсуіне Испания, Германия, Ресей, Голландия, Швейцария, Қырғызстан, Қытай елдерінің ірі туроператорлары өткізген ақпараттық турдың септігі мол болды. Ресейдің «Экспресс-Тур» компаниясымен Самара- Астрахань-Баутин порты- Самара теңіз саяхаты ұйымдастырылды. Шетелдік сарапшылардың қатысуымен халықаралық қонақ үй форумы, халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. 2016 жылдың қаңтар айында Маңғыстау облысы әкімдігі және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арасында туризм саласында шағын және орта бизнесті қолдау бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі банктер арқылы жобаларды субсидиялау жүргізілуде. Жоба аясында Маңғыстау ауданындағы Көгез жерінде этноауыл және Мұнайлы ауданында жастарға арналған хостел салу, «Достар» қонақ үй кешенін үлкейту және жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Біздің басқарма Еуропалық Одақпен бірлесіп «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасын жүзеге асыру аясында, туризм саласында шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Маңғыстау облысында 2016-2020 жылдарға арналған туризмді дамыту стратегиясын жасақтау бойынша жұмыстар жалғасуда. Жуырда Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың төрағалығымен өңірлік экономикалық кеңестің отырысы өтті. Мемлекеттік органдардың, ірі кәсіпорындардың, банк саласының басшылары, Еуропалық Одақтың «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасының өкілдері, туризм саласында қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкерлер қатысқан жиында аймақтағы туристік саланың дамуы талқыланды. Кеңес отырысында туризмді дамытуға, жобаларды іске асыруға кедергі келтіріп отырған мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Басқарма өңірдің туристік әлеуетін әлдендіру және таныстыру мақсатында Алматы қаласында «КИТФ-2016, «MITT -2016» халықаралық Мәскеу туристік көрмесіне қатысты. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 57- қадамы шеңберінде облысымызда ұлттық деңгейде «Кендірлі» курорттық аймақ» атты якорлық жоба іске асырылуда. 2012 жылы «Кендірлі» курорт аймағының даму жоспары жасақталып, бекітілді. 2011-2015 жылдарда «Кендірлі» курорт аймағының сыртқы инфрақұрылымының техникалық- экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Курорт аймағында автокөлік жолдарының құрылысын салу, туристік және көлік инфрақұрылымын дамыту, өнімдерді өндіру, кадрларды дайындау бойынша жұмыстар басталды. «Кендірлі» курорттық демалыс аймағы сыртқы инфрақұрылымың құрылысы аясында «Окарем-Бейнеу» магистралдық газ құбырынан автоматтық газ тарату стансасының және газ бөлу құбырының құрылысы аяқталды. Осы демалыс аймағын дамыту аясында облыс әкімдігімен бірлесе отандық және шетел инвесторларын тарту бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылды. Ағымдағы жыл аяғына дейін Ақтау қаласында халықаралық туристік форум, «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жүргізу аясында шетелдік туроператорлар үшін ақпараттық тур өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ауылдық жерлердің оқушыларына арналған экскурсия ұйымдастыру көзделіп отыр.Гүлжан БАЙЖАУЫНОВА,
облыстық туризм басқармасының басшысы