Жуырда «Достық үйінде» Каспий аймағындағы ғаламдық қауіпсіздікті сақтаудағы Қазақстанның және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөлін айқындаған «Н.Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі, Каспий маңы елдерінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға халықаралық ұйымдардың, Каспий маңы елдерінің өкілдері, шетелдік және қазақстандық ғалымдар, сондай-ақ Пәкістан мен Македония Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілері, Түркия, Түрікменстан, Иран Ислам Республикаларының Бас консулдары қатысты. Халықаралық жиынды Орталық Азия университетінің ректоры Жұматай Әлиев жүргізді. Конференция модераторы, Орталық Азия университетінің ректоры Жұматай Әлиев бұған дейін Алматы мен Астана қалаларында Қазақстанның сыртқы саяси қатынастардағы рөлін айқындаған екі конференция өткізілгенін жеткізді. Ол Ақтауда ұйымдастырылған үшінші конференцияның кездейсоқ таңдалмағанын, себебі бүгінгі таңда Каспий аймағы көптеген мемлекеттер үшін үлкен мүдделерге ие болып отырғанын атап кетті. «Бүгінгі жиынның басты мақсаты ғаламдық қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне әлемдік қауымдастықтардың назарын аудару. Қазақстан мен оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей-Түркия қатынастарын реттеудегі, Сирия дағдарысын бейбіит жолмен шешу үшін ортақ алаң құрудағы бітімгерлік қызметін ұмытуға болмайды. Қазақстанның аймақаралық қауіпсіздікті нығайтудағы үлесі орасан зор. Сан-салалы сыртқы саяси ұстанымының арқасында Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық пен ынтымақтастықты сақтауда маңызды сипатқа ие. Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде әртүрлі салалар бойынша қарым-қатынастар оң шешімін тауып келеді. Мәселен, Қазақстан ішкіаймақтық бірегейлікті дамытуда, трансшекаралық су ресурстары мен қоршаған ортаны қорғауға байланысты қарама-қайшылықтардың, проблемалардың шиеленісу әлеуетін төмендетуде ықпалы мол», - деді Жұматай Әлиев. Конференцияда бүгінгі Қазақстан үлгі етіп отырған бейбітшіл саясаттың жүзеге асырылуының негізгі нәтижелері баяндалды. Жаңа ғасыр басында Елбасы бастаған Қазақстан аймақ елдерінің ішінде айрықша маңыз атқарып, қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған сыртқы саяси бастамаларға ұйытқы болған еді. Конференция барысында баяндамашылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлі мен қызметін айрықша атап кетті. Бүгінде Каспий маңы мемлекеттерінің барлығы бірегей Каспий су қоймасы бөлінушіліктің емес, бейбітшілік пен аймақтардағы тұрақтылықтың, мемлекеттер арасындағы әріптестікті дамытуда біріктіруші фактор рөлін атқаруы тиістігін терең ұғынады. Бұл орайда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін рәсімдеу бойынша өзара тиімді шарттарды жүзеге асыру аса маңызды міндет саналып отыр. Конференцияға қатысушылар халықаралық қауіпсіздіктің аспектілерін және Каспий маңы елдеріндегі мәселелерді талқылап, әлемдік ғалымдардың ғылыми ұйымдарда жүргізген ғылыми зерттеулерінің тәжірибесі мен нәтижелерін атап өтті. Қазіргі таңда Каспий теңізінің түбін және тереңдігін делимитациялау, теңіз деңгейінің іргелес учаскелерін бөлу, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, гидрометеорология саласындағы мәселелер шешілді. «Каспий – трансшекаралық су объектісі. Сондықтан Каспий маңы мемлекеттерінің бірлескен күш-жігерінсіз теңізді қорғау мүмкін емес екенін білесіздер. Каспий теңізіндегі көмірсутегі шикізатының ауқымды көлемін өндіру жоспарлануда. Демек, теңіз аймағын қорғау одан да өзекті болмақ. Халықаралық ұйым өкілдерінің және Каспий маңы мемлекеттерінің әр кездесуі мемлекеттік органдардың, шаруашылық субъектілерінің, мамандардың және жұртшылықтың назарын Каспий теңізінің экологиялық мәселелеріне аударуға және оларды жан-жақты шешудің жолдарын айқындауға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов. Маңғыстау – жылына 600 миллиард долларлық жүк тасымалданатын Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан орталық алаң. Түркияның бас консулы Корхан Кунгер Солтүстік дәліз құрылысы аяқталғаннан кейін Қытайдан Еуропаға Транс-Каспий дәлізі арқылы жүк жеткізу мерзімінің 4 есе қысқаратынын айтты. «Қазақстан президентінің озық саясаты Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты арттырып келеді. Өткен жылдың өзінде Каспий аймағындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы, транзит, кеме арқылы жүк тасымалдау және балық шаруашылығы бойынша келісімдерге қол қойылды. Екі елдің әскери-теңіз флоты Ақтау мен Бандар анзали порттарына сапар шегуі теңіз қауіпсіздік саласындағы және Каспий теңізінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашты», - деді Иран Ислам Республикасы Бас Консулының міндетін атқарушы Мохаммад Хоссейнголи Нури. Жиын барысында Каспий теңізі алабындағы экономикалық іс-қимылды текетіреске емес, Каспий жағалауы мемлекеттерінің ұлттық мүдделерін қорғауға негіздеу мәселелері қаралды. Қатысушы өкілдер болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен ғаламдық қауіпсіздік мәселелерін шешуде барлық ұйымдар мен жекелеген тұлғалардың маңызды рөл атқаратынын ұғына отырып, адамзат қоғамын дамытудың жоғары идеалдарын басшылыққа алып, мемлекетаралық үйлесім мен бірізділік жолдарын табудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, халықаралық аренада әр елдің ұлттық мүдделерін сақтауда аймақ мемлекеттері табысты болуы үшін сыртқы күштердің ықпалын барынша шектеу қажеттігіне назар аударылды. Түрікменстанның бас консулы Мұхаммед-Нұр Овезов Түрікменстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы туралы сөз сөйлеп, екі елдің ынтымақтастық, әріптестік байланысы жыл санап нығайып келе жатқанын айтты. «Бауырлас ел ретінде Қазақстанмен қарым-қатынас жоғары деңгейде деп білемін. Жуырда ғана Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов бастаған қазақстандық делегация елімізге келіп, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арттыру мақсатында маңызды кездесулер өткізді. Жағалаудағы қос мемлекеттің ауыл шаруашылығы, құрылыс өндірісі, өнеркәсіп, тауар айналымы, көліктік-логистикалық хабты дамытудағы мақсаттары ортақ, мүдделері ұқсас. Осындай мүмкіндіктерді тудырып отырған екі елдің басшыларына, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевға алғысымыз шексіз» деді Түрікмен елшісі. Осы ретте Маңғыстау түбегі арқылы өтетін Шығыс Еуропаны Орталық Азиямен, Солтүстік Еуропаны Парсы шығанағы елдерімен байланыстыратын «ТРАСЕКА» және «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздері ерекше аталды. Айта кетсек, Ақтау порты Қазақстанның батыс қақпасы ретінде еліміздің әлемдік тауар нарығына шығуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жиынға қатысушылар Ақтау қаласынан «Қазақстан теңіз университетін» ашуды ұсынды. Өлкедегі іргелі оқу орнының жанынан 1500 орындық жатақхана салу жоспарланды. «Біздің Президентіміз барлық жерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Бұл елдің дамуына аса қажет. Балаларға компустар салынуы керек. Жатахқаналар салынуы керек. Президенттің бағдарламасы осы бағытта. Сондықтан біз әр облыста салып бастаймыз. Студенттер тек Маңғыстаудан ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен, шетелден келеді», - деді Орталық Азия Университетінің ректоры Жұматай Әлиев. Бұл Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы аясында инвесторлардың қолдауымен жүзеге асады деп күтілуде. Шара соңында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен дипломаттар мен ғалымдар Халықаралық Жер Ана күнінің құрметіне шырша отырғызды. Жер шарының, оның экожүйелері мен адам арасындағы қарым-қатынасын айқындайтын «Жер Ана» термині көптеген елдерде қабылданып, оның құрметіне түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.
Жайық НАҒЫМАШ