Декреттік демалыс: жөргекпұл мен жәрдемақы қалай есептеледі?
[ 2018 ] 9 сәуір, 11:00 | Жаңалықтар
Маңғыстау өңірі соңғы жылдары бала туу көрсеткіші жөнінен республикада көш бастап жүр. Бұл – облысымыз үшін жағымды жаңалық болса, биылдан бастап жәрдемақы мөлшерінің көбеюі – аналар үшін қуанышты хабар болды.
Оқырмандарымыздан декреттік демалысқа шығу, әлеуметтік көмек алу, бала күтіміне берілетін жәрдемақы төңірегіндегі бірнеше сұрақ келіп түсті. Осыған орай Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Маңғыстау облыстық филиалының директоры Нұрсұлу Ахметқызымен әңгімелесіп, жоғарыдағы сауалдардың жауабын сұраған едік.
- Қайырлы күн, Нұрсұлу ханым. Редакциямызға «Декреттік демалысқа қанша уақытта шыға аламын?» деген сұрақ келген екен. Әңгімемізді осыдан бастасақ. Жұмыста жүрген қызметкер декретке қанша уақытта шығады?
- 30 аптада шыға алады. Оны емханалардан рәсімдеп, еңбекке жарамсыздық құжатын алғаннан кейін жәрдемақы алуға құқылы болады.
- Әлеуметтік көмек алу үшін қандай құжаттар жинауы қажет?
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қолдау алуды көздейтін азаматтар Әлеуметтік төлемдерді алу үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне өтінішпен жүгінуі қажет.
Жүкітілігіне және босануына әлеуметтік төлемді тағайындау үшін уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алған соң Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне:
* жеке басын куәландыратын құжат және
* 20 сандық банктің есеп шот нөмірі туралы анықтамасын қосып өтініш беруге болады.
Мемлекеттік корпорация қызметкерлері құжаттардың барлығын топтайды да бізге жібереді. Біз қарап, тағайындап, төлемге жіберміз. Төлемді банктер арқылы Мемлекеттік корпорация өздері жасайды. Қаржыландыру біздің қордың атынан жүргізіледі.
- Әлеуметтік төлем қалай есептеледі?
- Бірінші кезекте, әлеуметтік төлемнің мөлшері ай сайын түсетін әлеуметтік аударымның сомасына және нақты адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін Қорға 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу обьектісінің 3,5%-ы аударылып отырады. Мысалы, әлеуметтік аударымдар жұмыскердің еңбекақысынан ұсталмайды, 3,5 %-ды жұмыс беруші өз есебінен төлейді. Бірінші кезекте осыны түсінуіміз керек.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды уақтылы және толық төлеудің маңызы зор. Сондықтан әрбір қызметкер өзі үшін төленген әлеуметтік аударымдарды тұрақты бақылап отыруы және жұмыс берушіден аударымдардың уақытылы және толық төленуін талап етуі қажет. Бұл ретте айлық табыс әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінен аспайтын көлемде алынады. Яғни,
28 284 (ең төменгі жалақы) * 10 = 282 840 теңге.
Бұл бізде ең жоғарғы деңгей, бір айға бір мекемеден одан артық әлеуметтік аударымдар аударылмайды.
- Мәселен, азаматтың жұмысқа тұрғанына 5 ай болды делік. Оған қалай есептеледі?
- Еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнге берілген (бала туғанға дейін 70 күнтізбелікке, бала туғаннан кейін 56 күнтізбелікке, жалпы 126 күнге беріледі – ред.) айлық табысы 282 840 теңге болған жағдайда 5-ке көбейтіп, нәтижені 12 айға бөлеміз.
282 840*5 = 1414200; 1414200/12 = 117850 *4,2 коэфициентке = 494 970 теңге жәрдемақының мөлшері шығады.
-
Сонда тұлғаның жалақы мөлшеріне байланысты ма?
- Жалақының мөлшеріне қатысты есептеледі. Айта кетейін, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын әлеуметтік төлемдерден сақтандыру жағдайына дейін ресми түрде жұмыс істеген және олар үшін әлеуметтік аударымдар төленген азаматтар ғана үміттене алады. Бұл төлемнің жұмыссыз азаматтарға қатысы жоқ.
282 840 теңгенің 3,5 %-ы дегеніміз – 9 900 теңге. Бірақ азаматтардың барлығы 282840 теңге алмайды ғой. Одан төмен алатындар бар.
Туылған баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақысын алу үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру Қорда қатысушы болуы керек. Ол үшін жұмыс істеуі керек. Сол кезде саған жұмыс беруші, сен үшін әлеуметтік аударымды (3,5 %-ды) аударып отырады. Бұл көрсеткіш бұған дейін 5 % еді, 2018 жылдың 1 қаңтарынан 3,5 % болып өзгерді. Бұл салымның барлығы жұмыс берушінің есебінен кетіп отыр.
- Ал бала дүниеге келгенде бір жолғы берілетін көмек барлығына тиесілі ғой?
- Ол барлық азаматтарға жұмыс істесе де, жұмыссыз болса да беріледі. Дүниеге бала келгенде бюджет қаржысы есебінен баланың тууына бір реттік мемелекеттік жәрдемақы ала алады. Оның көрсеткіші 1,2,3-бала дүниеге келгенде 2017 жылғы 1 шілдеден 86 222 теңге болса, 2018 жылдың 1 қаңтарынан 91 390 теңге болып өзгерді.
4 және одан кейінгі балалар дүниеге келгенде 2017 жылдың 1 шілдесінен 142 947 теңге болса, 2018 жылдың 1 қаңтарынан 151 515 теңгеге көбейді. Егер егіз не үшем туылса, бұл қаржы әр бала үшін төленеді. Бұл жәрдемақы біздің Қордан емес, республикалық бюджеттен төленеді.
- Ал баланың бір жасқа дейінгі күтіміне алатын төлемі қалай есептеледі?
- Бала туылған айдан кері 24 ай есепке алынады, мысалы бала ақпан айында туылса, қаңтар айынан бастап артқа қарай 24 ай есептелінеді. 24 айдың жалпы ақшасын шығарып, 24-ке бөлеміз. Нәтижесін 40 пайызға көбейтеміз.
- 100 мың теңге жалақы алатын адамның әлеуметтік төлемін есептеп көрейікші, түсінікті болсын.
- Жақсы, 100 мың теңге айлық алатын, бірақ 18 ай жұмыс істеген адамға берілетін көмекті есептеп көрейік. Тағы бір ескере кететін жайт – айлығың 100 мың болса, оның 10 пайызы зейнетақы қорына кетеді. Сондықтан оны алып тастап, 90 мыңмен есептейміз.
90 000*18 = 1 620 000.
1 620 000/24 = 67 500
Оны 40 пайызын аламыз:
27 000 теңге. Бала 1 жасқа толғанша ай сайын осы ақша төленеді. Айта кететіні, қазіргі заң бойынша азаматша бала бір жасқа толғанға дейін жұмысқа шықса да жәрдемақы беріледі.
Егер айлығы жоғары болып, 282 840 теңге алатын болса,
282 840*24 (толық 2 жыл жұмыс істесе) / 24 = 282 840.
282 840 * 40% = 113 136 теңге айына алып отырады. Дегенмен мұндай жоғары айлық алатын әйел адамдар онша көп бола бермейді.
- Құжаттарда қате болса қайда хабарласу керек? Ол қалай шешіледі?
- Егер жаңағы айтқан 9 900 теңгені 2018 жылдың қаңтар айына аударылмай, ақпанында екі айға қосып (қаңтар мен ақпан) 19 800 тенгені аударып жіберді делік. Оны біз тексеріп, жөндеп беруге кейін қайтарамыз. Себебі біз есептегенде 9 900 теңгеден артығын алмаймыз, артығы босқа қалып қояды. Оны жұмыс беруші жөндеп береді. 30 күн ішінде жөндеп әкелсе, әрі қарай тағайындаймыз. 30 күн ішінде үлгермесе, біз тағайындаудан бас тартамыз. Бірақ жұмыс беруші құжаттарды жөндегеннен кейін азаматша бізге қайта келуге болады.
Жалпы еңбекке жарамдылық қағазы 2018 жылдың 14 наурызында берілсе, 2019 жылдың 14 наурызына дейін (12 айдан аспау керек) келіп, құжат тапсырып, әлеуметтік көмек алуға құқы бар.
Жаңа сөзімнің арасында айтып кеттім, жұмыс істеуші адам айма-ай өзіне түсетін әлеуметтік аударымдарды тексеріп отыруы қажет.
-
Бір декреттік демалыстан соң екіншісіне декреттік демалыс алатын азаматшалар бар ғой. Оларға екінші ретте әлеуметтік көмек беріле ме?
- Онда ол біздің қатысушы болып есептелмейді. Себебі ол жұмыс істеген жоқ. Екі декреттік демалыс арасында ең болмағанда 1-2 ай жұмыс істеуі керек. Бірақ алатын айлығын 12 айға бөлгенде жәрдемақы мөлшері аз болады. Ал жөргекпұл мен баланың бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақы жұмыс істемесе де төленеді. (Жұмыс істемейтін әйелдерде оның белгіленген мөлшері бар).
-
Жалпы декреттік демалысты бірінен-біріне жалғастырып, максимум қанша жыл отыруға болады?
- Соңғы туылған бала 3 жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты ақысыз демалыста отыра алады.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
13664
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.