Ақтауда көркем гимнастикадан Ақтау қаласы әкімінің кубогы өтті. Облыстық деңгейде өткен сайысқа өңірдің аудан, қалаларынан 100-ден астам гимнасшы қатысты.
2005-2011 жылдар аралығында туған жас гимнасшы қыздар жеке және топтық бағдарламада сынға түсіп, үздіктерді анықтады.
Ең үлкен топ 13 жастағы қыздар арасында Ұлжан Әбдірахман, 2007 жылы туылғандар арасында Жансая Жаңбуршиева, 2008 жылғылар арасында Виктория Слюсарева мен Сабина Қосымбетова, 2009 жылы туылғанда арасында Аружан Қуанбаева мен Қарлығаш Каримхан, 2010 жылы туылғандар арасында Саида Дәуренқызы мен Дарья Лукьянчикова бірінші орынға лайық болды. Ал жарыстың ең кіші қатысушылары - 7 жасар гимнасшылар арасында Дарья Жекен мен Галина Иванова өзгелерден озық болды.
Жалпы командалық есепте 2008 және 2010 жылғылар арасында Маңғыстау облысының Көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының гимнасшылары бас жүлдені алса, 2009 жылғылар арасында "Жас батыр" спорт мектебінің, 2011 жылғылар арасында Жаңаөзен қаласының гимнасшылары жеңімпаз атанды.
Ұйымдастырушылар жарысты өткізудегі мақсат Маңғыстауда көркем гимнастиканы дамыту, жас гимнастшылардың спорттық шеберлігін шыңдау екендіін айтады.
Маңғыстауда спорттың бұл түріне қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұған бүгін өткен жарысқа облыстың аудан, қалаларынан келіп қатысушылардың көптігі дәлел.
Көркем гимнастикадан Манғыстау облысының аға бапкері Бибігүл Ерназарова Ақтау және Жаңаөзен қаласында бірнеше көркем гимнастика сыныптары мен клубтары жұмыс жасайтынын атап өтті. Аға бапкердің айтуынша, бұл жарыста Маңғыстау облысының құрама командасы жасақталады. Оған қоса, республикалық деңгейде өтетін жарыстарға да осы сайыста жеңімпаз болғандар қатысады екен.
Көркем гимнастикадан Ақтау қаласы әкімінің кубогы биыл екінші рет өткізіліп отыр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН