Бесікке салу рәсімі Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қайырымдылық шарасы аясында өтті. «Қоғамдық келісімнің» бастамасымен ұйымдастырылған рәсім салт-дәстүрді дәріптеу және қайырымдылық бағытында жасалды. 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында облыс басшысы «Жомарт жүрек Асар» атты бір айлық шараның тұсауын кескен болатын. Бұл бастама қазір облыс көлемінде кеңінен ұйымдастырылып келеді.
Шараға Ана үйінің тұрғындары мен басшылары, «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері және меценаттар қатысты.
«1 наурыз – Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылған күні. Дәл осы күні тұсауы кесілген шара болғандықтан, біз бүгінгі шараға да мұрындық болып отырмыз. Біз бұған дейін Балалар үйінде де болдық. Амал мерекесінде мұсылмандар, өзіміздің қазақтар қандай да бір игі шара жасаған. Сол жолды жалғап әрі салт-дәстүрді насихаттау бағытында Аналар үйінде ұлттық шара өткізіп отырмыз. Осында жақында дүниеге келген екі сәби бар екен. Соларды бүгін бесікке салу рәсімін жасаймыз. Облысымызға белгілі әл Фатима апамыз сәбилерді бесікке бөлеп, ақ батасын береді», - деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Жайылханова.
Наурыз айы басталғалы бүгінге дейін түрлі қайырымдылық шарасы өткізілді. Солардың бірі – «Балаларға базарлық».
«Біз меценаттарға, көмектесіп жүрген азаматтар мен азаматшаларға үндеу тастағанбыз. Сол кісілер де осында балаларға өздерінің базарлықтарын алып келді», - дейді Аманкүл Әбдіғалиқызы.
Мұндай шаралар ай соңына дейін жалғасын таппақ. «Аналар үйінде» бұған дейін шамамен 70-тен астам қыз-келіншек сәбиімен тұрақтаған. Көпшілігі отбасыларына қайта табысқан. Панасыз қалған жас аналарға арналған орталық жайлы сайтымызда бұған дейін жазғанбыз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА