Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан XXІІІ қысқы Олимпиада ойындарында бүгін мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасындағы сынның финалдық кезеңі өтті. Еліміздің атынан өнер көрсетіп жатқан Элизабет Тұрсынбаева 12-орынға тұрақтады.
Жарыстың алғашқы күні бабы шаппаған Элизабет бүгінгі жаттығуын сәтті орындады. Дегенмен бұл көрсеткіш Олимпиада жүлдесіне таласуға жеткіліксіз. Жаттықтырушысы Брайан Орсер айтқандай, бұл дода Элизабет үшін дайындық, ал келесі Олимпиада тұғыр биігіне көтерілу кезеңі болмақ.
«Мен бүгінгі еркін бағдарламада өзім жоспарлаған деңгейде өнер көрсеттім. Жарысқа жаңа көйлекпен, жаңа әуенмен шықтым. Барлық талапты шамам жеткенше орындауға тырыстым. Бір рет құлап қалғаным болмаса, көп қателік жіберген жоқпын. Бұл - Олимпиада ойындары. Бүкіл әлем көз тігіп отырғандықтан, аздап қобалжу да болды», - деп атап өтті Тұрсынбаева жарыстан соң.
Сондай-ақ, жас спортшы өзінің алғашқы олимпиадасында үздік ондыққа кіруді мақсат еткенін де айтып қалды.
«Басты мақсатым үздік он спортшының қатарынан көріну болатын. Енді жарыстың соңына дейін күтеміз. Ондыққа кіріп жатсам, соның өзі мен үшін үлкен жетістік. Себебі мен жарысқа жарақатпен шығып отырмын. Ең бастысы, Олимпиадада қазақ қыздары бар екенін көрсете білдік», - деді ол.
Айта кетейік, Элизабет Тұрсынбаева қысқа бағдарламада 57,95 ұпаймен 15-сатыға тұрақтаған болатын. Бүгін еркін бағдарламада 119,17 ұпай еншілеп, қос сайыс нәтижесінде 177.12 ұпайға ие болды.
Жалпы мәнерлеп сырғанау бойынша Пхенчхан Олимпиадасына Қазақстаннан үш спортшы қатысты. Элизабет Тұрсынбаева, Денис Тен және Айза Мамбекова.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА