Кеше Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға 800-ге жуық адам қатысты. Өңір басшысының баяндамасынан соң жиынға келгендер көкейдегі сұрақтарын қойды. Қатыса алмаған тұрғындар мазалаған мәселелерін бейнесұрақ, call-center арқылы жолдады.
Бейнесұрақтарда Ақтау қаласындағы 7 шағынаудандағы емхана тұсындағы ашық жатқан кәріз құдықтары, Ақшұқыр ауылындағы үш ауысымдық мектеп, электр жарығының бағасы төңірегіндегі мәселелер көтерілді.
Сонымен қатар Форт-Шевченко қаласынан тұрғын-үй салу, Сайын ауылындағы 6-кварталға газ тарту, қала ішіндегі балалар ойнайтын алаңдарға құм төгу, тұрғын үйлердің сырт келбетін көркейту мәселелері де айтылды.
«Форт-Шевченкода 48 пәтерлік үйдің мәселесін күн тәртібіне қойып, қаржысын белгіледік. Шешімін табады. 1332 үй салынады деп жоспаланған, қазір 300 үй салынды. Ал Сайын ауылына келер болсақ, өткенде ол жерге электр жүйесі тартылды. Газ мәселесі де биыл шешіледі», - деп жауап берді өңір басшысы.
Ал үйлердің сырт келбетін өзгерту, балалар алаңын жөндеу бойынша облыс әкімі ІІБ басшысына аулаларға бейнебақылау қою қажеттігін баса айтты.
«2000 жылдары теңіз жағалауынан аукционға жер сатып алдым. 2013 жылдан бері «сол жерге ештеңе салмадың» деген себеппен үнемі тексереді. Бір рет сот менің жағыма шешіп берді. Біз ол жерде маусыммен ғана жұмыс істейміз. Қаладан 40 шақырым қашықта жатыр. Құрылыс салу оңай шаруа емес. Ешқандай инфрақұрылым жоқ. Менің жеке меншігімдегі нәрсе ғой. Осы мәселені қарастырсаңыз», - дегенді айтты «Кезби» ЖШС басшысы Бітім Кезбаев.
«Жерге байланысты мұндай тапсырманы мен бердім. Бірақ сіз айтқандай қала сыртындағы жерлерге емес, ол ең бірінші Ақтау қаласына байланысты. 2010 жылдан бастап қаладан жер алып, игермеген қаншама тұлға бар?! Оны бұлай жалғастыра беруге, соншама уақыт ұстап отыруға болмайды ғой. Егер игере алмаса, істей алатын азаматтарға беру керек», - деді облыс басшысы.
Мұнайлы ауданының тұрғыны Райхан Дәрібаева Атамекен, Басқұдық ауылдарында жауын-шашын кездерінде көшеде жүру қиындығы туралы айтты. Осыған байланысты дренаж салу жұмысы қашан жүргізілетінін сұрады.
- Бұл сұрақ Жаңаөзен қаласында да тұр. Қазір 2 млрд-қа жуық қаржы бөлінді. Сіз айтқан екі ауылдағы бұл мәселені міндетті түрде шешуді қарастырамыз. Мен өзім бәрін аралап, қарап шықтым. Су ағатын жердің бәріне үй салынып тастаған. Сондықтан судың кететін жері жоқ. Оны шешудің жолы – дренаж салу. Осыған байланысты ақшаның көлемі қазір белгіленді. Биыл толықтай шешімін табамыз, - деді Ералы Тоғжанов.
Осы орайда Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев 1 млрд 443 млн теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, республикалық бюджеттің бақылауына ұсынылғанын жеткізді. Жауабы алдағы уақытта белгілі болмақ.
Жаңаөзен қаласының тұрғыны, 1-топ мүгедегі Людмила Башкенова пәтер мәселесімен келсе, Басқұдық ауылының тұрғыны Жұлдыз Елеуова жолдасының мүгедек атануына себепкер болған құрылыс компаниясына шара қолдануды сұрады.
- Маңғыстау облысы бойынша электр қуатының тарифі еліміздің басқа облыстарына қарағанда жоғарырақ екені бәріне белгілі. Осы тарифті төмендетуге байланысты нақты қандай шаралар қолданып жатырсыз? – деген сауал тастады Қалбай Аталықов.
Аймақ басшысы энергия өндіруші, таратушы және қамтамасыз етуші мекемелермен бірлесе отырып, Ақтау қаласына жақын орналасқан елді мекендерде электр энергиясына қойылған тарифтерді төмендету бойынша анализ жасағанын айтты.
«Өмірзақ, Приморск, Преозорный және Рауан ауылдарында тариф бағасын 22,60-тан 20-ға дейін түсіреміз. Бұл шешім қабылданды. Ал Мұнайлы ауданының екі ауылындағы 20,88 көрсеткішін 17,40-қа дейін төмендетуге мүмкіндік бар», - деді ол.
Бұдан соң сұрақтың бір парасы есеп беруді онлайн көріп отырған тұрғындардан call орталық арқылы келді. Сall орталық арқылы 41 сұрақ, арнайы почтаға 47 және жәшікке 12 сұрақ түскен. Олардың көпшілігі әлеуметтік сала, тұрғын-үй және жер мәселесіне қатысты.
"Шығыс-2" шағынауданының тұрғындары «Шығыс-2" шағынауданында инфрақұрылым жоқ. Тұрғындар газ және сумен жабдықтау мәселелерін жеке қаражаттарымен шешуде. Қазіргі таңда жол, автобус аялдамасы және кәріз жүйесінің жоқтығы шешілмей тұр. Осыны қарастырсаңыз» деген өтініш жолдапты.
Бұған Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов: «Жобалық-сметалық құжаттамаларды алдағы сәуір айында дайындаймыз. 270 млн қаржы қажет. Сәуір-мамыр айларында шешім шығады», - деп жауап берді.
Бұдан соң қала тұрғыны Тұрсын Хамитова облысымызда букмекерлік кеңселердің қатары көбейіп жатқандығына, оның жастардың тәрбиесіне кері әсер ететініне алаңдаушылық білдірді.
- Облыстағы ең үлкен мәселенің бірі. Ақтау қаласы бойынша 48 букмекерлік кеңсе құрылған. Оның 10-нан астамы заңсыз жұмыс істеген. Оларға қазір тоқтау салынды, жабуға байланысты тапсырма бердім. Салық департаментіне нақты тапсырмалар қойылды, қазір сот процесі жүріп жатыр. Жаңаөзенде мұндай 17 букмекерлік кеңсе бар. Жастардың болашағына үлкен әсер ететін нәрсе болғандықтан, мұны түбегейлі шешуге міндеттіміз. Киелі Маңғыстауда ондай дүниелер болмауы керек.
Ақтау қаласының тұрғыны Күләш Ғайыпбаева балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан жастардың жұмыспен қамтылу, баспана берілу мәселелерін ортаға салды.
- Өмірдің қиындығын көрген, әртүрлі себептермен балалар үйінде өскен ол балалар маған келді. Қазір 11 баланың 5-уін Атырау қаласына оқуға жіберіп, 3-уін жұмысқа орналастырдық. Ол азаматтарға барынша көмектесіп жатырмыз, - деді Е.Тоғжанов.
Бұдан соң қала тұрғыны Киікбай Жақыпұлы мұнай саласы қызметкерлеріне қатысты 5/50 жобасы төңірегінде сауал тастады. «Мекеменің берген аздаған қаржысына алданып, біздің қаншама азамат жасына жетпей зейнеткер атанып жатыр. Олар ертеңгі күні ақшаларын жұмсап болғаннан кейін жұмыссыздар армиясына қосылады. Олардың бала шағасын кім бағады? Неліктен бұл әрекетті Маңғыстау облысына қолданды?» - деді ол.
Бұл сұраққа Ералы Лұқпанұлы:
«Бүгінде 2600-ден астам азамат 5/50 жобасы бойынша бойынша ақшасын алды. Олардың әрқайсысының құны – 5-8 млн. көлемінде. Соның ішінде 377 адам зейнетке шықты. 400-і қайтадан компания арқылы келісімшартпен жұмысқа тұрды. 100-ден аса басқа облыстың азаматтары ауылдарына қайтты. 95-і алған қаржыларын шағын және орта кәсіпке салып, әрі қарай жұмыс істеп жатыр. 8 млн. теңге орта және шағын кәсіпке әжептәуір ақша емес пе? Ешкімнің ешкімге «сен осылай жасайсың» деп қысым көрсетуге құқы жоқ. Мен өткенде компания басшысына осындай бір жағдай кездессе, жауапқа тартылатынын ескерттім. Қысым жағдайында кеткен адам болса, маған келсін, қабылдауға дайынмын.
Киікбай Жақыпұлы сонымен қатар Шетпеде орналасқан ауруханада жаңа туған нәрестелерді жасанды демалдытарын аппарат жоқтығын айтып, нәрестелердің өміріне алаңдаушылығын да білдірді.
Денсаулық басқармасының басшысы алғашқы жарты жылдықта бұл мәселенің шешілетінін жеткізді.
Жиын соңында қала тұрғыны Фарид Сейітұлы бірден үш сауалын ортаға салды. Оның бірі - 4 шағынаудандағы 3-үйдің 6 қабатынан жоғары ауыз су көтерілмейтіндігі болды. 4 жылдан бері ауыз су алаңдатып отырған тұрғындардың жағдайына қала әкімі Ғалымжан Ниязов жауап берді.
- 1160 шақырым су, кәріз жүйелерінің бүгінгі таңда 773 шақырымы, яғни 67 пайызы ескірген. Сондықтан кей жерлерде жазда суару маусымы басталғанда мұндай мәселе туындап тұр. Қазір апаттық жағдайда тұрған 5,2 шақырымын жөндеу үшін 600 млн. қаржы керек, - деді ол. Облыс басшысы бұл мәселені жуық арада шешуді тапсырды.
«Жеке кәсіпкер 3 шағынауданның 13 б үйінің алдынан бизнес орталық салған. Оның екінші қабатында өзі отбасымен тұрып жатыр. Сонымен қоса осы бизнес орталықтың маңайынан аула салды. Жанындағы үйлерге көлік қоятын, бала ойнайтын орын қалмаған. Осы мәселені шешіп берсеңіз» деген екінші сауалдың әкім заң тұрғысынан қарастырылатынын айтты.
Фарид Сейітұлының үшінші көтерген мәселесі – «Мұнайшы» стадионына қатысты болды. «12 шағынауданда «Мұнайшы» стадионы бар. 11,12,13 және 14 шағынауданның балалары ондағы секцияларға қатысады. Енді қазіргі таңда осы стадион сатылып, орнына бизнес орталық салынады деген сыбыс шығып жатыр. Осы сыбыстың жалған не шын екенін білгім келген», - деді ол.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жергілікті спортшыларды қолдау шараларына басты назар аударылып жатқандығын айта келіп, стадионның сатылмайтындығын кесіп айтты.
«Біздің футболшылар басқа облыстарда ойнап жүр. Аймақтағы спорт саласын дамытқымыз келсе, бізге осы мәселелерді шешу керек. Сондықтан қазір кәсіпкерлермен келісіп, 80 млн. теңге қаржыға стадионның футбол алаңын жасау жұмыстары қолға алынады», - деді ол.
Жаңаөзен қаласының мал дәрігері Шәріп Жалжанов жұмыс барысында қысым көруіне байланысты басшысының үстінен шағым айтты.
«Жаңаөзен қалалық ветеринария бөлімінің басшысы 6 жылдан бері басшының уақытша міндетін атқарып келеді. Осы уақыт аралығында маған бірнеше рет қысым көрсетті. Мысалы, 2015 жылы 4 айлық жалақымды бермеді. Мен жоғары дәрежелі мал дәрігерімін. 2016 жылы тамызда мекемеде 9 орын бос тұрса да мені жұмыстан қысқартты. Сот та, прокурор да соны қолдайды. Мұнымен қоса еңбек демалысымның ақшасын ала алмадым. Енді биыл алдымда не күтіп тұрғанын білмеймін. Осы кісіні қызметінен алуыңызды және мені жазықсыз қысқартуға қол қойған мемлекеттік қызметкерлерді жауапқа тартуыңызды сұраймын», - деді ол.
- Мен ол кісіні ертең орнынан алып тастаймын деп өтірік айтпаймын. Алдымен арнайы қызметтік тексеру жүргізілуі керек. Оны ертең емес, бүгіннен бастатамын, - деп жауап қатты әкім.
Жағдайын айтып, сауал қоюшылардың қатары толастамады. Жиын барысында үлгермеген өңір халқын облыс басшысы, аудан әкімдері мен әкімнің орынбасарлары кездесу аяқталған соң да қабылдады. Кейбір күрделі мәселемен келген тұрғындарды жеке қабылдайтындығын жеткізді.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тұрғындар тарапынан call орталық арқылы 60, зал ішінен 30 және электронды пошта мен бейне сұрақ арқылы барлығы 160-қа жуық сауал келіп түскен.