©
Кешегі өткен Маңғыстау облысы әкімінің тұрғындармен есептік кездесуінде осы мәселе көтерілді. Тұрғындар көкейкесті сұрақтарын қойып, қатыса алмағандары жазбаша жолдаған болатын. Солардың бірі, Мұнайлы ауданының тұрғыны Ұштап Төленбаева ауыл атауларына қатысты сұрақ жолдапты. Ол Мұнайлыдағы Маңғыстау-1,2,3,4,5 ауылдарының атауын өзгертіп, белгілі тұлғалардың атын беруді ұсынды.
- Бұл сұрақты мен өзіме де қойғанмын. Осы орайда Қоғамдық кеңестің рөлі ерекше ғой деп ойлаймын. Құдайға шүкір Маңғыстаудың киелі жерлері жеткілікті, сондықтан бұл – ақылдасып шешетін мәселе. Ұсыныстарды мұқият қарастырамыз, шешімді республика шығаратынын айта кеткен жөн, - деді Е.Тоғжанов.
Ал бұған байланысты Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев «Ұсыныстарды аудандық Қоғамдық кеңес мүшелерімен, ауыл тұрғындарымен жиналып, ақылдасқанбыз. Онамастика комисииясына «Ақеспе», «Бозжыра» секілді жер-су атауларын ұсындық. Енді соның шешімін күтеміз», - деп жауап берді.
Айта кетейік, бұл аудандағы ауылдардың атауын өзгертуге байланысты мәселе сайтымызда бұған дейін де көтерілген болатын.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА