©
Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың есеп беру кездесуінде тұрғындар тоғыз жолдың торабында жатқан Бейнеу темір жол вокзалын үлкейту мәселесін ұсынды.
Бұл сауалға Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов: «Бейнеу вокзалының құрылысы 1980 жылдары салынған. Ол қазіргі таңда бір тәулік ішінде 24 пойызға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 8-і халықаралық тасымалдаушы. Бүгінде тапсырмаға сәйкес "Қазақстан Темір Жолына" ұсыныс берілді», - дегенді айтты.
Ал облыс басшысы күн тәртібінде сонымен бірге Ақтау қаласының сыртындағы Маңғыстау елдімекеніндегі вокзалдың да мәселесі тұрғанын жеткізді.
- Жақында "ҚТЖ" АҚ басшысы Маңғыстауға сапармен келеді. Сонда бұл мәселені шешуіміз қажет. Біз тек Бейнеудегі ғана емес, ашығын айтқанда, Ақтау вокзалының мәселесін де қарастырып жатырмыз. Маңғышлақ стансасы қаладан біршама қашық жатыр. Сондықтан оны Ақтау қаласына көшіру туралы сұрақты күн тәртібіне қойдық. Қаладағы өндірістік аймаққа дейін темір жол келіп тұр. Бірақ ондағы 20 Га көлемінде жер жекеге беріліп кеткен. Қазір сот процестері жүріп жатыр. Ол жерлерді қайтаруымыз керек. Содан соң шешімін табамыз, - деді. Е.Тоғжанов.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Сурет Т. Құсайынның архивінен