©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы бүгінгі есеп беру кездесуінде осылай деді. Тұрғындар өңір басшысының баяндамасын тыңдап болған соң өз сұрақтарын қойды. Соның бірі - Асылбаева Күланда есімді тұрғын жергілікті кадр мәселесін көтерді. Нақтырақ айтсақ, «Әлеуметтік желілерде «Ералы Тоғжанов өз командасын әкеліп, қызметке орналастыруда. Жергілікті кадрлармен жұмыс істемейді» деген қауесет тарап жатыр. Осыған байланысты өзіңіз анықтама беріп кетсеңіз», - деді.
- Бұл сұрақты Қоғамдық кеңестің отырысында да бір ағамыз көтерді. «Тоғжанов Оралдан келген. Жергілікті кадрларға қарамай, Оралдан келгеннің бәрін жұмысқа алатын көрінеді» деген болатын. Мен оған жауап бермесем де болатын еді, бірақ жауап беруге міндеттімін.
Оралдан мен Әсел деген қыз баланы ғана әкелдім. Осы бала туралы әркім «жап-жас, уыздай, түк білмейтін, салт-дәстүрді көрмеген, қызметті көрмеген» деп жазып жатты. Әсел – өз қыздарыңыз, ата-анасы осы өңірдің тумалары. Қызмет бабымен Оралға кеткен. Міне, қыздарыңызды ауылға қайтардым. Президент әкімдігіндегі мамандар Әселді ұсынған соң шақырдым. 9 айда менің аппаратым жасай алмаған жұмысты үш жұманың ішінде осы қыздарыңыз шешті, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Облыс басшысы қазір республика бойынша Маңғыстау облысында пилоттық жоба жүргізіліп жатқанын еске салды. Әкімнің айтуынша, мемлекеттік қызметке келетіндер аз. Сондықтан Маңғыстау өлкесінде олардың жалақысын екі есе көтеруге байланысты пилоттық жоба қолға алынып, 1 қаңтардан бастап іске қосылған.
- Қоғамдық кеңесте бір ағам «Жіберген қағаздарым сізге жетпейді. Жауабын уақытылы алмаймын» деп кінә артты. Оған қосыламын, соны жою үшін осындай білімді азаматтарды шақыруымыз керек. Мен Оралдан алып келген бір ғана қызды айтып жатырмын. Басқа Оралдан ешкімді әкелген жоқпын, - деді облыс басшысы.
Бұдан соң Ералы Тоғжанов аудан, қала әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларын орнынан тұрғызып, жеке-жеке таныстырды.
- Мен бір ғана нәрсені айтқым келеді, мемлекеттік қызметке жершілдікпен, рушылдықпен кадр тағайындалмайды. Тағайындалатын кадрлардың барлығы Президент әкімшілігімен келісіледі, - деді әкім.
Былтыр мемлекеттік қызметтегі 409 орын бос тұрған. Оның 48 пайызы басшылық қызметтер. Маңғыстау облысының басшысы білікті маман дайындау үшін мектеп бітірушілерді оқытуға 50 грант бөлінетінін еске салды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН