©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қызметке тағайындалғаннан бері Маңғыстаудағы 61 елдімекеннің 50-інде болып, тұрғындармен жүзбе-жүз кездесіп, олардың талап-тілегін тыңдаған. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов бүгін Ақтау қаласында өткен есептік кездесуінде айтты.
- Кездесулердің барысында және 2017 жылы жалпы тұрғындар тарапынан 2224 өтініш келді. Оның ішінде 130 азамат жеке қабылдауымда болды. Бүгінде 1792 өтініш шешімін тауып, қалған 432-сі орындалуда. Бұлар - қаржы бөлуге байланысты, ұзақ мерзімді қадағалауда тұратын мәселелер, - деп атап өтті өлке басшысы.
Әкімнің айтуынша, өңірдің дамуына қатысты мемлекеттік органдардың басшыларына 1459 тапсырма беріліп, оның 411 толығымен орындалған, қалған 1048 қатаң бақылауда тұр.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің 28%-ы - жұмыссыздық мәселесіне, 26%-ы инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, 10% жер бөлуге қатысты болған. Бүгінде бұл сұрақтардың 1802-сі шешімін тауып, қалғандары бойынша жұмыстар жүруде.
Облыс әкімінің айтуынша, мемлекеттік органдардың басшыларына берілген 1459 тапсырманың ішінде Бейнеу ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамту, газбен қамту, Есет, Төлеп ауылдарын электрмен қамту, Сенек ауылына спортзал салу, "Тасмұрын-Мәстек" автожолын салу, Жармышта мәдениет үйін, Шетпеде кітапхана салу, Басқұдық, Қызылтөбе, Атамекен ауылдарында үш ауысымдық оқытуды болдырмау мақсатында жаңа мектептер мен ауылішілік жолдар салу, Ақшұқыр ауылында жаңа мектептің құрылысы, Сайын Шапағатов ауылының жаңа учаскелерін газбен қамту, Жаңаөзен қаласындағы, Бостандық, Ақсу, Мерей, Жұлдыз шағын аудандарындағы дренаж құрылыстарын салу, Рахат ауылында мәдениет үйінің құрылысын салу мәселелері бар.
Естеріңізге сала кетейік, Ералы Тоғжанов 2017 жылдың 14 наурызында Маңғыстау облысына әкім болып тағайындалған болатын. Бүгін Ақтау қаласында облыс әкімі жұртшылық алдында есеп беріп, 2017 жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН