©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Бейнеу ауданындағы жұмыс сапары барысында ауданға қарасты алты ауылдың, атап айтқанда Бейнеу, Боранқұл, Тұрыш, Сам, Сарға, Есет ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Облыс әкімімен бірге Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов, облыстық және аудандық деңгейдегі сала басшылары ере жүрді.
Аймақ басшысы әр ауылдың мүмкіндіктері мен алдағы даму жағдайын бағамдап, өткен жыл ішінде жүзеге асқан істерді тиянақтап, алда атқарылатын істерді саралап, нақты тапсырмалар берді.
Тұрғындармен болған барлық кездесулерде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен тапсырмаларын түсіндірді.
Тұрыш ауылында
Жұмыс сапарын Бейнеу ауданының ең алыс түкпіріндегі Тұрыш ауылынан бастаған аймақ басшысы ауылдағы мектеп-балабақша кешені мен фельдшерлік-акушерлік пункттің жағдайымен танысты.
Ауыл тұрғындары ауызсумен, электр жарығымен, көгілдір отынмен, теледидар, телефон байланысымен қамтылған. 30 абонентті интернет желісі бар. Ауылішілік газ құбырларына қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл жанынан «Бейнеу – Жезқазған» теміржолы өтеді. Бұл салада ауылдың 30 тұрғыны тұрақты жұмыс жасайды.
Сондай-ақ 13 шаруа қожалығында 215 сиыр, 9567 қой мен ешкі, 902 жылқы, 1484 түйе бар.
Осы орайда ауыл клубында өткен кездесуде аймақ басшысы Ералы Тоғжанов ауыл шаруашылығын дамыта түсуге ерекше назар аударды. Жиналыста ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктер егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ауыл тұрғыны Шалқар Табылдиев шаруашылық үшін құдық қазу мәселесі туралы сұрақ қойды.
Бұл сауалға қатысты облыс әкімі және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы тарапынан нақты жауаптар берілді. Құдық су шығатын көздері бар жерден қазылуы керек. Осыған орай бұл жұмысқа тәжірибелі су мамандары мен арнайы мекемелер қатысуы қажеттілігі жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ өз күшімен құдық қазуға ықылас білдіретін азаматтарға қолдау көрсетілетіні айтылды. Нақтылап келтіре кетсек, әрбір қазылған құдық үшін мемлекет шыққан шығынның 80 пайызын қайтарып береді. Мысалы 100 метр құдық қазғанда, орта есеппен 5 млн. теңге шығын кететін болса, соның 4 млн. теңгесі қайтарылатыны жұртшылықтың қаперіне берілді. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті, үлкен мүмкіндікті тиімді пайдалана білу жөнінде аса қажетті кеңестер берілді.
Қорыта айтқанда, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен көмек бар. Бұл жөнінде ауылдың әрбір тұрғыны білуі тиіс, сондықтан ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу әрбір ауыл әкімдерінің басты қызметінің бірі болуы керек. «Жастарды атакәсіп – ауыл шаруашылығымен айналысуға шақырып, кәсіпкерліктің қырсырын үйрететін курстардан өткізу керек», – деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.
Тұрыштағы кездесуде тұрғындар теміржол өткелін салу жөнінде де ұсыныс айтты. Бұл мәселе жөнінде облыс әкімі нақты шешім қабылдап, теміржол өткелінің жобалық-сметалық құжаттарын жасап, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына ұсыну керектігі жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ Тұрыш мектеп-балабақша кешеніне спорт зал салу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалатын болды.
Сам ауылында
Бейнеу ауданының қарашаңырағы Сам ауылында 500-ден астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарына мектеп балабақша кешені, медициналық пункт, Қазпошта бөлімшесі, АТС байланыс торабы, Билайн байланысы қызмет көрсетеді. Ауылдағы үйлер газ, электр энергиясы және ауызсумен толық қамтылған. Ауылдық округке қарасты Ноғайты ауылында 270-ке тарта тұрғын бар. Аймақ басшысы келген жиынға екі ауылдың да адамдары қатысып, екі ауылдың тұрмыс-тіршілігіне байланысты мәселелер талқыланды.
Ауылішілік газ құбырларына қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Екі ауыл да «Қарағайлы» жерасты суын ауызсу есебінде пайдаланып отыр. «Бейнеу сусервис» кәсіпорнына қарасты су тасу автокөлігімен қамтылған.
Сам ауылынан теміржол саласында 17 адам, Ноғайты ауылынан 5 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Өткен жылы жол салушы мердігер мекемелердің демеушілігімен 1,4 шақырым болатын ауылішілік қиыршық тасты автожол салынған. Сам ауылдық округі бойынша 614 сиыр, 15784 қой-ешкі, 2317 түйе, 1511 жылқы бар.
Екі ауылдың жағдайы мен мүмкіндіктерін анықтаған облыс басшысы ауылдардағы білім беру ошақтарында жаңартылған білім мазмұнына сәйкес жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырмалар берді. Ауыл тұрғындарын шаруашылықты өркендетуге белсендірек қатысуға шақырды. «Мұнай – байлық емес, шикізат. Ал негізгі байлық – халық пен жер. Одан асқан байлық жоқ. Болашағы бар таусылмас қазына жерден келеді. Ол – мал және егін шаруашылықтары. Бүгінгі таңда біз осы бағыттарға басымдық беріп отырмыз. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді пайдалану қажет», – деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары биылғы жылы Маңғыстау облысы бойынша сандық телевидениеге көшірілетіні жөнінде де құлағдар болды.
Ауыл тұрғыны Айтқали Жапаров көп жылдан бері тусырап жатқан «Жетіқақ» жайлауына мал апару, мал азығына құнарлы құрама жем әзірлеу қажеттігі жөнінде өз ұсынысын ортаға салды. Ауыл тұрғыны Алтынғали Тақабаев теміржолға мал өтетін өткелдер керек деді. Бұл мәселелер де кеңесте кесіліп-пішіліп оң шешімін табатын болды.
"Бейнеу-Тәжен" жолында
Еліміздің ірі стратегиялық жобаларының бірі саналатын «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан, құны 19,8 млрд. теңге болатын 85 шақырымдық «Бейнеу Ақжігіт-Өзбекстан Республикасы шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі жол құрылысының есебін тыңдады. Аталған жол құрылысына 227 техника мен 435 адам жұмылдырылған. Жол жұмысына басты қажетті материал дайындау үшін Ақжігіт ауылында қуаттылығы сағатына 120 тонна асфальт дайындайтын асфальт-бетон зауыты орнатылып, іске қосылмақшы. Көкпекті бекетіндегі қуаттылығы сағатына 175 тонна асфальт дайындайтын асфальт-бетон зауытын құрастыру жұмыстары аяқталып, газ құбырына қосу жұмыстары қолға алынуда.
Сондай-ақ биыл Құрық портына шығатын Тажен-Бейнеу, Құрық-Жетібай, ЖаңаөзенКендірлі-Түрікменстан жолдарының құрылысы және жөндеу жұмыстары қолға алынбақшы. Форт-Құрық, Жетібай-Жаңаөзен жолдары басталып кетті.
Аймақ басшысының айтуынша, Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан шекарасына дейінгі 164 шақырым жолдың жобасына толығымен ақша бөлінген. Міне, бұл жолдар арқылы Еуропаға тікелей шығуға мүмкіндік тумақ.
Жаңа медициналық құрылғылар тағы да алынады
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов Бейнеу орталық аудандық ауруханасының жағдайымен танысып, дәрігерлер мен кездесті. Орталық ауруханаға 48,9 млн. теңгенің 3 гемодиализ қондырғысы алынып, іске қосылған болатын. Қазіргі таңда Бейнеу ауданы бойынша бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын 14 науқас есепте тұр. Оның ішінде 8 науқасқа көмек көрсетілуде. Есепте тұратын науқастарды толық қамтып, қызмет көрсететін тағы да 2 хронодиализ құрылғысын алу жөнінде ұсыныс айтылды.
Облыс басшысы бұл мәселе бойынша жыл ішінде мемлекеттік жеке меншік әріптестік келісіміне сай 2 гемодиализ құрылғысы мен құны 250 млн. теңгелік компьютерлік томограф, экспорттық класс сапасындағы УЗИ сатып алынатындығын айтты.
Мал өнімі - ел ырысы
Облыс әкімі Е.Тоғжанов Елбасының Жолдауында ауыл шаруашылық кооперацияларын кең ауқымда құруға ынталандыру және тұр ғындарды жұмыспен қамту, жеке қосалқы шаруашылық әлеуетін пайдалану бойынша тапсырмасына сай ауданда атқарылып жатқан іс шаралардың барысымен танысып, арнайы тапсырмалар берді.
Осы орайда өткен желтоқсан айында іске қосылған Бейнеу ауылындағы ет өнімдерін дайындайтын «Бейнеу ауыл шаруашылығы кооперативі «АӨК» мал сою пунктінде болды. Кооперативтің құрамында мал сою алаңы, ветеринариялық зертхана және мал базары бар. Аталған кәсіпкерлік нысан заманауи мал сою құралдарымен, мұздатқыштармен, ет турағыштармен жабдықталған. Алдағы уақытта тапсырма бойынша 300 бас ірі қара малын бордақылайтын кешен салу жоспарлану да. Осы мал сою пунктімен қоса үстіміздегі жылы тағы да «Берген Бек» ауыл шаруашылығы кооперативі модулды мал сою цехы мен рефрижератор алу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 35,0 млн. теңге несие алып, оның 15,7 млн. теңгесі субсидияланған. Осындай бағдарламамен «Боранқұл Қарақұм» кооперативі модулды мал сою цехы мен рефрижератор алатын болады. Сондай-ақ аймақ басшысы бастаған топ облыстық «Жыл адамы – 2017» байқауында «Жыл фермері» атанған «Берген Бек» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Керуен Қырымқұлов басқаратын шаруашылықта болып, асыл тұқымды ақбас сиыр өсіріп жатқан шаруашылықтың іс тәжірибесін насихаттау жөнінде тапсырма берілді.
Сарға ауылында
Облыс әкімі «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсын да жүлделі орын алған 1643 тұрғыны бар Сарға ауылында болып, ауылдағы мәдениет үйінде жұртшылықпен жүздесіп, ауыл әкімі М.Болысовтың ауылдың даму жағдайы жөніндегі есебін тыңдады. Сарға ауылы бойынша жалпы 10 шаруа қожалығы тіркелген. Өткен жылы бір шаруа қожалығы ашылыпты. Қазір тұрғындардың, шаруашылықтардың жеке иелігіндегі 468 бас мүйізді ірі қара мал, 10280 бас қой мен ешкі, 583 бас жылқы, 706 бас түйе бірыңғай бірдейлендіру базасына енгізілген.
Әртүрлі кәсіпкерлік саласында 57 адам еңбек етеді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 7 адам оқып сертификат алған. 2 адам «Атамекен» микроқаржы ұйымынан 5,6 мың теңге және 1 адам ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 3 млн. теңге жеңіл пайызбен қайтарымды несиеге қол жеткізген. Ауыл жастары биыл да кәсіпкерлікке оқуға ұсыныс білдіруде», – деді ауыл әкімі.
Ауыл тұрғыны Балзира Сартаева «Бастау Бизнесте» оқып келдім, ендігі мақсатым, бұрынғы әжелеріміздің дәстүрлі тәсілімен ашытқы арқылы нан дайындау, наубайхана ашпақпын, кәсібімді бастау үшін ең төменгі пайыздық мөлшерде несие ала алам ба?» деп сұрады. Бұл сауалға аймақ басшысы Елбасының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты облыс бойынша жүзеге асырыла бастаған жаңа жоба, 1%-бен несие беретін «Нұр капитал» жобасына қатысуға ұсыныс жасады. Ал «Мал сатып алсам, қанша мөлшерде субсидия алуға болады?» деп сұраған Матай Далабаевқа субсидия алудың жолдары түсіндіріліп, ауыл тұрғынының мәселесін шешіп беру жөнінде аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысына тапсырма берілді.
Есет ауылында
Облыс әкімі Е.Тоғжанов 870-ке тарта тұрғыны бар Есет ауылында болып фельдшерлікакушерлік пунк пен мектептің жағдайын көріп, ондағы қызметкерлермен пікірлесті.
Сондай-ақ ауыл маңынан салынатын «Этноауыл» жобасымен танысып, бұл жобаны қолға алып жатқан бейнеулік меценат кәсіпкер М.Жауперовке ұсыныстар берді. Ауыл клубында өткен жиналыста тұрғындар үшін өзекті мәселе болып отырған су құбырын және жоғары кернеулі электр желісін тарту жұмыстары үстіміздегі жылы жалғасын табатыны айтылды.
«Ауыл мешітіне азан шақыру құрылғысы қажет. Мұны кім шешеді?» деген ауыл тұрғынының мәселесін де облыс әкімі Ералы Тоғжанов жиналыс үстінде шешіп берді.
Ауылға қарасты 5 шаруа қожалығы бар. Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамыта түсу қажеттілігін айтты. Сондай-ақ тұрғындардың қаперіне жылыжай салу жұмыстарына мемлекет тарапынан жылына 2 рет әр гектарына 5 млн. теңге субсидия берілетіні, жылыжайға сатылып алынған техника құнының, сондай-ақ оның құрылысына жұмсалған қаражаттың 30%-ы, суландыру жүйесіне кеткен шығынның 50%ы, малдарды асылдандыру, бордақылау жұмыстарына кеткен шығынның 50%-ы үкімет тарапынан қайтарылатыны, асыл тұқымды қойлардың селекция жұмыстарына әр басына 2500 теңге, асыл тұқымды аналық қойлардың әр басына 8 мың теңге, аталықтың әр басына 20 мың теңге, асыл тұқымды аталық жылқының және түйенің әр басына 100 мың теңге, аналықтарына 40 мың теңгеден берілетіні айтылды.
Боранқұлда
Аудан орталығы Бейнеуден кейін үлкен ауыл болып саналатын 7 мың жарымға жуық тұрғыны бар Боранқұл ауылында болған аймақ басшысы ауыл әкімі М.Төреғожиннің есебін тыңдады.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ауылдағы газ құбырларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. «КазПако» серіктестігі екінші ауылдан теміржол тұйығын салып, 2,5 км. қиыршық тас жолын төсеген. Биыл осы жол асфалттанатын болады. Жаңадан салған теміржол тұйығына ауылдың 30 тұрғынын жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр.
Боранқұлға қарасты 103 кәсіпкерлік нысан, 27 шаруа қожалығы бар кооперативтер құрылуда. Ресми тіркелген жұмыссыз адам жоқ. Ауыл тұрғындары шаруашылықты өркендету үшін бұрынғы бөгеттерді қалпына келтіру жөнінде ұсыныстарын айтып, бұл жөнінде облыс әкімінің тарапынан нақты тапсырмалар берілді.
Бейнеу ауданы бойынша
Облыс басшысы Ералы Тоғжанов аудан активімен кездесу жиынында Бейнеу ауданының әкімі Б.Әбіловтің есебін тыңдады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын талқылап, алда атқарылатын жұмыстар сарапталды. Бұл орайда ең үлкен мәселе көп жылдардан бері келе жатқан Бейнеудегі және Боранқұлдағы көне екі қабатты, көппәтерлі үйлердің жағдайы жөнінде арнайы мамандардан құрылған комиссия жасақтау, мәнжайды нақты анықтау тапсырылды. Ауылішілік автожол салу, ауызсу құбырларын тарту жұмыстарын жалғастыру жұмыстары нақтыланды. Бейнеудегі Қалдығараев, Алтынсарин мектептеріне қосымша құрылыс салу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақтауға тапсырма берілді. Сондай-ақ аудандық мәслихат хатшысы Аманқұл Ұлықпанов жаңа вокзал құрылысын салу жөніндегі тұрғындардың өтінішін жеткізді. Аймақ басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген бұдан да басқа сұрақтарды талқылап, жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
Айнахан ЕСЕТ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46881,46882,46884,46886,46887,46885,46883,46889"]