Ақтауда 390 теңіз жаяу әскери бригадасы №25744 әскери бөлімінде Алматы, Жамбыл, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан шақыртылған 200 жас сарбаз Отан алдындағы әскери антын қабылдады.
Салтанатты рәсімді №25744 әскери бөлімнің командирі, полковник Бағлан Өсербаев құттықтау сөзімен ашты:
- Әскери ант – жас сарбаздың қарулы күштер қатарына енген сәтте жасалатын маңызды рәсімі. Әскери ант әскери қызметтің міндетті бір бөлігі ретінде алғаш рет Египет, Греция және Рим әскерлерінде пайда болған. Мыңдаған жылдар бойы жауынгерлердің еліне, халқына берген киелі серті болып келген. Біздің елдің қарулы күштерінің әскери ант мәтіні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген. Қанша уақыт өтсе де әскери ант қабылдаған күн сарбаздың жүрегінде мәңгілік сақталады. Қарулы күштерінің қатарына кірген әрбір сарбаз ант қабылдап, Қазақстан халқына, оның заңды түрде сайланған Президентіне адал болуға, егеменді еліміздің конституциясы мен заңдарын қастерлеп, сақтауға міндетті! Баршаңызды әскери ант қабылдау күнімен құттықтаймын. Сіздер әскери антты қабылдаған соң, Отан алдындағы парызыңызды атқарып, ел сенімін ақтап, мемлекетіміздің ержүрек қорғаушылары атанасыңдар!-деді ол.
Әскер қатарындағы жас сарбаздар еңсесін тік ұстап, сап түзелген. Олардың әскер қатарында жүргеніне 1 ай болса да, әскери өмірге әбден араласып, ысылғаны байқалады. Әскери жаттығуларды меңгеріп, қару-жарақтар мен техникалардың тіліне қанық.
Жас сарбаздар Отан үшін адал қызмет атқаратынына ант беріп, қасиетті борышын өтеді. Салтанатты рәсімнен соң мемлекеттік әнұран шырқалды, болашақ Отан қорғаушыларға әскери басшылар, ардагерлер, ата-аналар ақ тілектерін білдіріп, сәттілік тіледі. Жиналғандар назарына жас сарбаздардың күнделікті жасайтын әскери жаттығулары, мылтық қолдану арқылы жасайтын әскери қимылдары көрсетілді. Олардың паш еткен әскери өнері қатысқан ата-аналарды, дос-жаранды тәнті етті, сүйсінтті.
Қасиетті ант қабылдаған жас жауынгерлер рәсім соңында туған-туыстарымен қауышып, сағыныш мауқын басты.
- Мен Жамбыл облысы, Тараз қаласынан келдім. Кішкентай кезімнен еліме қорған, халқыма пана болар азамат болуды армандадым. Бір ай ішінде әскери қызметпен етене таныстым. Енді Отан алдымдағы әскери борышымды абыройлы орындап шығамын. Себебі бұл – әрбір азаматтың ел алдындағы қастерлі борышы, - деді жас сарбаз Серке Айдарұлы.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор