Заңсыз бөлінген 51 жер телімі мемлекетке қайтарылды
[ 2017 ] 17 қараша, 13:25 | Жаңалықтар
Қарақия ауданында заңсыз бөлінген 51 жер телімі мемлекет пайдасына қайтарылды, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қарақия ауданы прокуратурасы ақпан айында Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне "Жер туралы" заңнама талаптарының сақталуына тексеру жүргізді. Нәтижесінде жеке тұрғын үйге және кәсіпкерлікті дамыту мақсатына көзделген жер телімдерін заңсыз өзіндік қосалқы шаруашылық үшін табыстағандығы белгілі болды. Кейіннен аталған жер телімдердің нысаналы мақсаттары коммерциялық мақсатқа немесе жеке тұрғын үй салу мақсатына ауыстырылған.
Аталған заңсыз әрекеттер тек қана конкурс немесе аукцион арқылы берілетіндігіне қарамастан, оны айналып өту мақсатында жасалғандығы анықталған.
Аудан прокуратурасы Қарақия ауданы әкімінің атына шешімдерді бұзу бойынша ұсыныс енгізіп, жалпы көлемі 8,25 га, кадастрлық құны 56 млн. теңге болатын 51 жер телімі мемлекет пайдасына қайтарылды.
Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сәулетшісі ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50 бабы 1 тармағы 4 тармақшасына сай «қызметіне толық лайық еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметінен өз еркімен босатылған.
Ал, бөлім басшысы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өлкеміздегі Тәртіптік кеңесінің шешімімен ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50 бабы 1 тармағы 4 тармақшасына сай жауапқа тартылып, 11 қыркүйекте қызметінен босатылған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
940
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.