Студенттік шақ - әр адамның өмірінде өшпес із қалдыратын, ұмытылмас естеліктерге толы ғажап кезең. Студент – асау аттай арындаған жастық, жалындаған қайрат, албырт сезім, адал достық, бүкіл әлем бір өзіне бас иердей пәк көңіл, бірде аш, бірде тоқ, бірде бар, бірде жоқ, әр күн мереке мен думанға толы қайғысыз, қамсыз шақ. 17 қараша - осынау қызығы мен шыжығы мол өмірдің кейіпкерлері студенттердің мерекесі.
Бүгінде Жаңаөзен қаласында мектептен кейінгі білім беретін 5 колледж жұмыс істесе, онда 5 мыңнан астам студент білім алады. Мейрам қарсаңында студенттердің жай-күйін сұрап, аталған колледждерге хабарласып көрдік.
Маңғыстау облыстық медицина колледжі
Болашақ медицина қызметкерлерін дайындайтын оқу ордасында 715 студент 4 мамандық бойынша білім алады. Директордың тәрбие жұмыс жөніндегі орынбасары Ғайнижамал Түменбаеваның айтуынша, колледжде студенттермен тәрбие жұмысы алдыңғы орынға қойылған.
- Колледж жанынан құрылған «Жігер» жастар комитеті негізгі 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Тұлғаның адами құндылықтары мен ұстанымдарын, моральдық қасиеттерін қалыптастыруда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Колледжде тіл апталығы, поэзия кештері, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тәрбие сағаттары, мерекелік концерттер өткізіліп отырады. Белсенді студенттеріміз өте көп, - дейді Ғ.Түменбаева.
Жақсылыққа жаным жақын
Күреңхан Қуатбаева - медицина колледжінде мейірбике мамандығы бойынша білім алып жүрген 3 курстың студенті. Жастар комитетінің белсенді мүшесі Күреңхан колледж ішінен құрылған «Бірге жанымыз» атты қайырымдылық топтың да жетекшісі.
- Күреңхан, медицина қызметкері болуды бала кезден армандадың ба?
- Дұрысы, бұл - менің ата-анамның арманы. Олардың қалауына мен де қарсы болмадым. Медицина – мамандықтардың ішіндегі ең абыройлысы, сонымен қатар өлмейтін мамандық. Қай жерде болмасын дәрігер қауымына сұраныс бола бермек. Сондықтан үй-ішімізбен ойласа келе, мектеп бітіргесін Жаңаөзенге келіп медицианалық колледжге оқуға түстім. Өзім Жетібайдың қызымын. Қазір бюджет бөлімінде оқимын, жатақханада тұрамын. Жатақхана өзіміздің үйімізден кем емес, жайлы, тәулік бойына тегін интернет бар, бір сөзбен студенттің білім алуына барлық жағдай жасалған. Болашақта академияға түсіп білікті дәрігер атансам деген жоспарым бар.
- Студент жастардың басын қосып, қайырымдылықпен айналысу ниеті қайдан туындады?
- Қалада «Мейірім» деген еріктілерден құралған қайырымдылық қоры бар. Бұл жастардың игі істеріне қазір көпшілік жұрт куә болып жүр. Алғашында туысқан ініммен бірге олардың ұйымдастырған шараларына қатысып жүрдім. Араласа келе қызығушылығым арта түсті. Жалпы табиғатымнан өте ашық жанмын, кез келген адаммен тез тіл табысып кетем, қолымнан келсе көмектесуге асығып тұрамын. Осы қасиеттерімнен шығар, уақыт өте бұл топқа мен де мүше болдым. Кейін колледж жанынан құрылған қайырымдылық тобына мені жетекші етіп дайындады.
- Бұл топ нақты қандай істермен айналысады?- «Бірге жанымыз» деп аталатын қайырымдылық топқа 30-ға жуық студент мүше. Мақсатымыз – жастарды достыққа, мейірімділікке, жанашырлыққа баулу. Әр түрлі студент болады. Белсенді жастармен қатар, шетте қалыңқырап қойған, бұйығы, ұяң, көп адаммен араласа бермейтін де жастар бар. Осындай балаларды өз қатарымызға қосып, қоғамдық жұмыстарға тартамыз. Олармен жекелей жұмыс жасаймыз. Бойындағы өнерін ашуға, өзін ортада еркін ұстауға көмектесіп, мерекелерде, туған күндерінде кішігірім сыйлықтар жасаймыз. Концерттерімізге шақырамыз. Таяуда ғана колледжге жаңадан қабылданған 1 курс студенттерімен жақынырақ танысу мақсатында «Кел, құшақтайын» атты акция ұйымдастырдық. Одан өзге 27 қазанда колледжде «Мейірім» қайырымдылық тобымен бірге «Игі іс жаса» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырдық. Билет құны 100 теңге болды. Жиналған қаржыны «Қоянжырық» белгісі бар бір баланың операциясына көмек болсын деген ниетпен «Мейірім» қорына табыстадық. Бұл шарада барлығы 500 студент қамтылды. Осындай игі істердің өткізілуіне атсалысып, белсене қатысқан ұйымдастырушы студенттерге, оқу озаттарына рахмет айта отырып, колледж студенттік кеңесінің басшысы, 3 курс студенті Әділбек Мизамбаевты, өзін-өзі басқару тобының жетекшісі Расул Асылбековты, қайырымдылық тобының мүшесі Лиза Жаңбырбаеваны ерекше атап өткім келеді.
- Медицина атүсті, жүрдім-бардым қарайтын мамандық емес. Осындай қоғамдық жұмыстар оқуыңа кедергі келтірмей ме?
- Оңай емес, әрине, келісемін. Талап - күшті. Кейде уақыт жетпей жатады. Демалыс күндері үйге бара алмай қалатын кездер болады. Бірақ бәріне үлгеруге тырысамын. «Жас адам шаршаушы ма еді?» деп өз-өзімді қайрап, шаруаларыма қайта ораламын. Жастар – елдің болашағы, қоғамның қозғаушы күші. Бойда қайрат пен жігер, күш пен қуат барда бәріне үлгеру керек дер едім. Кейбір бойкүйез жастарға көңілім толмайды.
- Сенің ойыңша студенттің өмірі несімен қызық?
- Студенттік шақ ешқашан қайта айналып келмейтін керемет кезең. Кімді көрсең бәрі - дос, бәрі - бауыр. Күнде думан, күнде той, кейде аш, кейде тоқ боласың. Жатақхананың өзі - өзгеше әлем. Барды-жоқты көресің. Маған осының бәрі - қызық. Барлық студенттерді мерекемен құттықтаймын. Алдағы өмірде тек сәттілік тілеймін. Әрқайсысы өз саласының білгірі болсын деп тілек айтамын.
«Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжі
2008 жылдың 1 қыркүйегінде жұмысын бастаған «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжінде күндізгі бөлімде 6 түрлі мамандық бойынша 455 студент білім алады. Сырттай оқу бөлімінде де студенттер бар. Колледжде жоғары санатты - 14, бірінші санатты –10, екінші санатты – 6, барлығы 39 оқытушы сабақ береді.
Бүгінгі күні студенттер білім алумен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Бұл – тұлға болып қалыптасудың алғашқы баспалдағы. Колледждегі жастар ұйымы студенттердің жан – жақты дамуына, мәдениетіне, кәсіби тәрбие алуына, әлеуметтік белсенді азамат болуына, өз құқығын қорғай білуіне көмектесіп, бағыт-бағдар береді. Студенттер колледжішілік, қалалық, облыстық, дебат, жайдарман ойындары, спорттық шараларға белсене қатысып, алдыңғы орындардан көрініп жүр.
"Каспийдің" арулары
Айман мен Шолпан атты егіздер - колледждің ең белсенді студенттерінің бірі. Шолпан колледж президенті болса, Айман - оның көмекшісі. Қыздардың өнерлі екендігі көрініп-ақ тұр. Колледж ішіндегі түрлі іс-шараларды ұйымдастырумен қатар, би жарыстарына, жайдарман ойындарына қатысып, жүлделі орындардар алып жүр екен. Анель Өтесін мен Мадина Оразымбетовалар да колледждің қоғамдық өмірінен тыс қалған емес. Бірі көркем сөз оқып, бірі мәдени шараларды ұйымдастырып зыр жүгірген болашақ ұстаздардан білікті мамандар шығарына күмән жоқ.
Шолпан Аманжолова, студент:
- Университет – өмір мектебі. Студенттік шақ сол өмірге бастайтын жол. Біреулер отбасын құрып, шаңырақ көтереді, біреулер ғылым қуса, біреулер қызық пен думан қуып жүреді. Не десеңіз де, барлық студенттерді байланыстыратын бір нәрсе – қайта оралмас жастық шақ, қызыққа толы дәурен. Ендеше, барлық студенттер қауымын жекеменшік мерекесімен құттықтаймын. Ел ертеңі – біздер. Сондықтан мойнымызға артылған үміт жүгін абыроймен көтеріп, білікті маман болайық дегім келеді.
О.Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды-техникалық колледжі
Таяуда ғана аты Маңғыстау индустриалды-техникалық колледжі болып өзгерген бұрынғы Жаңаөзен мұнай және газ колледжі мұнайлы түбекпен бірге түлеп келе жатқан бірден-бір оқу ордасы. Өңірге қажет мұнайшылар дайындауда бұл оқу орнының рөлі зор. Қазіргі аға буын мұнайшылардың барлығы дерлік осы колледждің түлектері десек артық айтқандық емес. Бүгінде нарық талабына сай білім беру бағытын өзгерткен бұл мекеме әлі де туған өлкені дамытуда жетекші мамандар дайындай беретін абыройлы мектеп болып қала бермек.
Тағы оқыңыздар: Тапа-тал түсте ток ұрлайтындарға тыйым боладыРахат Искакова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- Колледжде тәрбие жұмысының мақсаты – студент жастардың Қазақстан Республикасының азаматтары және патриоттары ретінде қалыптасуы мен өзін-өздері танытуларына, болашақ мамандық иесі болып, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жол ашу, инновациялық жаңа әдіс-тәсілдерді меңгерген, бүгінгі заман талабына сай эрудициясы мен интеллектісі жоғарғы азамат пен азаматшаларды тәрбиелеу. Биылғы 2017-2018 оқу жылында колледж студенттерінің саны 1160 жасты құрап отыр. Колледжде 49 топ бар. Студенттердің шығармашылықпен жұмыстануына барлық жағдай жасалған. Рухани-әдеп мектебі, би ансамбілі, көркемсөз оқу шебері, драма үйірмесі, домбырашылар ансамбілі, КТК клубы, жас ғалымдар кеңесі жұмыс істейді. Оқу жылы басынан бері Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша кездесулер, ашық тәрбие сағаттары, патриоттық тәрбиенің маңызы туралы ой-толғау, пікірлесу алаңдары өтті. Жыл сайын өтетін «Маңғыстау жұлдыздары» облыстық фестиваліне колледж таланттылары белсенділілікпен қатысады. Республикалық, облыстық, қалалық ақындар байқауына, пікір-сайыс, дебаттарға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар, колледжде салауатты өмір салтын насихаттауға көп көңіл бөлінеді. Футболдан, волейболдан, баскетболдан қалалық, облыстық денгейде өткен жарыстарда студенттеріміз жүлделі орындар иеленіп жүр. Оқу ордасының беделін биіктен көрсетіп жүрген Бақытжан Бекімбетов, Жазира Коптілеуова, Нұрбол Айтенов, Бексұлтан Жалғасбаев, Әсел Сарсенова, Әділет Махметов, Алтын Жаңабаева сияқты өнерлі де, талантты студенттерді мереке қарсаңында атаудың өзі – мақтаныш.
Студенттер тек білім алушы жастар ғана емес, қай кезде де қоғам жұмысына белсене араласып, өз үлестерін тигізіп отырған қоғамның қозғаушы күші. Қаншама тарихи реформалар осы студенттердің серпінімен болғаны белгілі. Ендеше, елі үшін жанын қиған кешегі Қайрат пен Ләззаттардың ізбасарлары, мерекелерің құтты болсын!
Айжан НАСЫРОВА