©
Биыл Ақтаудағы жергілікті ІТ компания Мediana.kz-тің құрылғанына - 10 жыл. Мерейтойға орай қаламызда ІТ саласына арналған бизнес-конференция өтіп жатыр. Елімізге белгілі мамандар шақырылған шараның алғашқы күні «Заманауи бизнестегі ІТ ролі» тақырыбына арналды. Бүгін «Білім беру және заманауи инфокоммуникациялық технологиялар» деңгейін сөз етіп жатыр. Осы тұста спикерлердің бірі, МО Білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастеміровадан білім саласындағы ІТ жетістіктерді сұраған едік.
Барлық салада ақпараттық технологиялардың дамып жатқаны секілді Маңғыстау облыстық білім саласы да одан қалыс қалып жатқан жоқ. Республика бойынша мектептерге арналған kundelik.kz электронды жүйесі бар. 2010 жылдан бастап облыс мектептерінде осыған ұқсас mektep.edu.kz атты портал жұмыс істейді. Қазіргі таңда білім басқармасы Мediana.kz арқылы оның мобильді қосымшасын да шығарды. Қосымшаны телефонға орнатып, кез келген уақытта ата-ана баласы жайлы барлық мағлұматты біле алатынын бұған дейін айтқан болатынбыз.
- 2018 жылдан бастап тағы бір жобаға көшуді жоспарлап отырмыз. Әр аудан, қала бойынша 1-2 мектепті алып, қағаз журналсыз электронды журналмен жұмыс істеп көреміз. Бұл пилотық жобамыз жақсы жұмыс істесе, келесі 2018 жылдың қыркүйегінен бастап толықтай оған өтуге мүмкіндік бар. Бірақ ол кең жолақты интернеттің қосылуына байланысты. Қазір оны қосуды қажет ететін 3 аудан бар: Қарақия, Маңғыстау, Бейнеу. Аудан әкімдері хабардар, осы мәселені тездетіп шешсе, кең жолақты интернетке 100% қосыламыз. Қазір мектептердің 90 %-ы қосылып тұр, - деді Зейнеп Жұмағалиқызы.
Сонымен қатар, басқарма басшысы Ақтау қаласында балабақшалар бойынша eddо.kz жобасының да жүргізіліп жатқанын айтты. Егер ол да жақсы нәтижесін берсе, алдағы уақытта облысқа таратуға мүмкіндік бар. Ол жүйе арқылы балаңызға қажетті барлық құжатты электронды түрде алу, баланы кезекке қою тәрізді қызметтерді орындауға болады.
Қазіргі таңда мұғалімдерге электронды журнал толтырғаны үшін қосымша ақы төлеу мәселесі де көтеріліп жүр. Бұл туралы бұрынғы білім және ғылым вице-министрі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған болатын. МО білім басқармасының басшысы бұл мәселе уақыт өте шешілетінін жеткізді.
- Мұғалім электронды журналды толтыру арқылы қағаз журналды толтырмау мүмкіндігі бар. Біз қазір соны жүйелеп жатырмыз. Бұл жүйеге кіріп кеткенше қоғамда резонанс береді. Мұрағатқа тапсыру үшін тоқсан соңында қағазға жинақтап немесе тек қана сол электронды журнал арқылы қағазсыз да шығу мүмкіндіктері бар. Оның барлығын министрлік әлдеқашан айтты. Біз өзіміз соған әлі жете алмай жатырмыз, сондықтан қоғамда пікірлер әртүрлі болып қалыптасуда. Бұрын «Ақпаратты Қазақстан» деген бағдарлама болды. Онда компьютерлендіру, факс алу, сайт ашу сияқты дүниелер болды. Қазір ол бағдарлама аяқталды, біз оның барлығын өттік. Енді «Сандық Қазақстан» деген бағдарлама бекиді. Соған байланысты кез келген нәрсені жаңадан бастағанда қиындығы болады. Тек мұғалімдер үшін емес, барлық салада қиындық бар. Қазір үйде отырып кез келген анықтаманы шығарып алуға болады. Бірақ соған қарамастан, халыққа қызмет көрсету орталығына барып қағаз нұсқада алатындар бар. Сондықтан бұл – уақытша қиындық. Мен электронды жүйеге көше алатынымызды толық сеніммен айта аламын, - деді МО білім басқармасы басшысы Зейнеп Тастемірова.