©
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Тұңғыш Президентінің сынақ тестілері бойынша жарыс өтті. Елбасы тестілері ептілік, ширақтық пен төзімділікті талап ететін қимыл-жаттығулар топтамасынан құралған. Халық арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ынталандыру мақсатында өткен сайыс өзара тартыс, қызыққа толы болды. Тұңғыш Президенттің сынақ тесті бірнеше сатыдан тұрады. Сайысқа балалар, жасөспірімдермен қоса кез келген тұрғын, яғни жас шамасы 9 бен 60 жас аралығындағы азаматтар қатысу мүмкіндігіне ие бола алады. Спорттық іс-жаттығуларды жоғары деңгейде, денсаулыққа зарарсыз орындау мақсатында арнайы медициналық анықтама талап етіледі. Ақтау қаласы бойынша ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тест нормативтерін жергілікті атқарушы орган өкілдері ойдағыдай орындады. Облыс аумағында мемлекеттік қызметкерлер арасында Президент тестін өткізу бойынша бас төреші Александр Кабаргин іс-шараның халықты спорт және дене шынықтырумен айналысуға ынталандыруда маңызы зор екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Елбасының сынақ тесті халықты физикалық тәрбиелеу жұмыстарының негізіне айналғанын тілге тиек етті. «Сынақ үш спорт түрінен өтті. Қатысушылар 60 метрлік қашықтықта жүгіру, екпінмен граната лақтыру, ұзындыққа секіру бойынша бақ сынасты. Бұл жолы әрине жеңіл әрі оңтайлы спорт түрлері таңдалып алынды. Қимыл-жаттығулар, сайыстар қатысушылардың күш-қайраты мен төзімділігін сынға салды»,-деді Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Қарабалаев. Президент тесті қорытындысы нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлерге бес жас шамасы бойынша марапаттар мен төсбелгілер табысталды. Спорттық сайысқа тоғыз команда, барлығы 58 қатысушы белсенді атсалысқан.Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Айнұр КЕМАЛОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39182,39180,39181,39185,39184"]