Сенекте өрт сөндіру бекеті ашылды. Екі мыңнан астам тұрғыны бар Сенек ауылы және оған қарасты далалық массивке жауапты бекетте 8 адам жұмыс жасайды. Бекет үшін «ӨС және АҚЖҚ» ММ-нің кәсіпкерлік дайындық мектебінің командалық оқыту құрамымен 40-сағаттық бағдарламада 4 өрт сөндіруші және 4 ерікті өрт құрылымының жүргізушісі оқытылған. Бұл Маңғыстау облысында ашылған үшінші шағын өрт сөндіру бекеті. Осындай бекет Тұпқараған ауданындағы Ақшұқыр және Таушық елді мекендерінде жұмыс атқаруда. Өртке қарсы бекеттің ашылу салтанатына Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары М. Мұханов, Маңғыстау облыстық өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің басшысы азаматтық қорғаныс майоры Е. Мауленов, Қарақия аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, Қ. Бесимбаев, «Сенек» ЖШС директоры Қ. Наурызмағанбетов және ауыл ақсақалдары мен жастар қатысты. Жиналғандарды мекеме басшылары өрт бекетінің ашылуымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. Құрылған өрт құрылымына Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті жаңа бекетті арнайы жауынгер киімімен және техникалық өртке қарсы жиынтықпен қамтамасыз етті. Ауыл ақсақалы Е.Қалиев өрт бекетінің ашылуымен тұрғындарды құттықтап, жұмыссыз жүрген жастарға жұмыс көзінің ашылғанына ризашылығын білдіріп, ауылдың өркендей беруін тіледі.
А. ШАМАЖАНОВА,
әлеуметтік қызметкер
Тағы оқыңыздар: 2050 жылдың жастарына aманат хат!