©
Облыс әкімдігінде «Балалар туралы деректер, балаларға арналған деректер» тақырыбында өткен дөңгелек үстел «Қазақстан балалары» тұңғыш статистикалық жинақтағы мәліметтермен таныстыруға арналды.
Оны кіріспе сөзбен ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Орынханов «Қазақстан балалары» жинағы балалар құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық құжаттар мен жоспарлы іс-шаралар әзірлеуде шаралар қабылдау үшін маңызды және қажет екендігін атап өтті.
-«Қазақстан балалары» — бүгінгі таңда 18 жасқа дейінгі балалар туралы мейлінше толық статистикалық көрініс беретін бірегей дерек көзі, онда балалардың денсаулығы, білімі, бос уақыты, әлеуметтік қорғалуы, жастардың жұмыспен қамтылуы және басқа да көптеген ақпарат қамтылған,-деді ол. -Алғаш рет осындай мәліметтер жас-жыныс белгісі бойынша және Қазақстан өңірлері бойынша бөлінісімен қолжетімді болып отыр. Сонымен қатар статистика карталар мен графиктердің көмегімен көрнекі етіп берілген. Солар арқылы көрсеткіштер өзгерісін оңай бақылауға болады.
Жылнаманы дайындауға республикадағы балалардың жағдайын сипаттайтын көрсеткіштерді жүйелеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына мүше халықаралық және ұлттық ЮНИСЕФ сарапшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Бір жылдан астам уақытқа созылған қыруар жұмыстың басты жетістігі—Қазақстанның барлық өңірлерінде тұратын 0-17 жас аралығындағы балалардың жағдайы туралы әр түрлі көрсеткіштерді бір жүйеге келтіру болды.
Статистикалық жинақта мәліметтердің демографиялық сипаттама, денсаулық сақтау және салауатты өмір салты, білім және балалардың бос уақыты, балаларды әлеуметтік қорғау, әл-ауқаты және әлеуметтік теңсіздік, балалардың заңмен байланысы, жеткіншектердің жұмыспен қамтылуы, басқа елдермен халықаралық салыстырулар сияқты негізгі аспектілері көрсетілген. Жалпы, «Қазақстан балалары»—балалар туралы мәліметтер көзі ғана емес, бірінші кезекте, балаларға арналған мәліметтер деуге болады. Үкімет, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар балалар туралы егжей-тегжейлі мағлұматтарға ие бола отырып, мұндағы сенімді сандарға сүйене алады және балаларға қатысты саясатты жоспарлауды үйлестіре алады. Сондай-ақ, жыл сайынғы «Қазақстан балалары» жинағы балалар туралы деректер алмасуды қалыптастыруға ықпал ету, оларды балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған мониторинг, талдау, саясат шараларын, бағдарламаларын және жоспарларын әзірлеуде пайдалану үшін қажет.
Тағы оқыңыздар: Облыс басшысы жас мұғалімдерге еңбек кітапшасын табыстадыЖылнама мәліметтеріне сенсек, өңірімізде бала туу көрсеткішінің республика бойынша едәуір жоғары және жасанды түсік жасатудың төмен деңгейі байқалады. Ал сәби өлімі жөніндегі көрсеткіш бойынша бесінші орында. Сондай-ақ облыста артық салмақ пен бойдың өспей қалуы балалардың сәйкесінше 5 және 4 пайызын шарпыған, 1-14 жас аралығындағы балалардың 58,1 пайызы психологиялық агрессияға душар болған.
Кездесуде «Қазақстан балалары» жинағынан бөлек, елімізде осымен үшінші рет жүргізілген көп көрсеткішті кластерлік зерттеудің (MICS) нәтижелері де ұсынылды. MICS—әйелдер мен балалардың жағдайына мониторинг жүргізу саласында елдердің жұмысына қолдау көрсету үшін ЮНИСЕФ жасап шығарған үй шаруашылықтарын зерттеудің халықаралық бағдарламасы. Сонымен қатар басқосуда Маңғыстау облысындағы балалар туралы статистикалық мәліметтер талқыланды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА