Өңір дамуы өркендей түседі
Өңір басшысы облыстық әкімдікте орын алған кадрлық ауыс-түйіс турасында ақпарат беріп өтті. «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» аясында жергілікті атқарушы органдар халық алдында есеп беруі тиіс. Біздің жұмысымыз өңір дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, Елбасы мен ҚР Үкіметі жүктеген тапсырмаларды мерзімді орындауға бағытталады. Өңір дамуының негізгі индекаторлары тұрақты деңгейде сақталды. Халық санының өсімі бойынша Маңғыстау облысы екінші орында. Жыл сайынғы өсім 3 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда облыс халқының саны - 649 мың адам. Өңірлік экономиканың негізгі макрокөрсеткіштеріне толықтай қол жеткізуге әлемдік нарықтағы мұнай бағасының тұрақсыздығы теріс әсерін тигізді»,-деді облыс әкімі Е.Тоғжанов. Есептік кезеңде өнеркәсіп көлемі 1 трл. 48 млрд. теңгені, ал нақты көлем индексі 99,1 пайызды құрады. Маңғыстау облысы республика бойынша өндірілген өнеркәсіптік өнімнің он пайызын қамтамасыз етіп отыр. Мұнай өндіру көлемі 9 млн. тонна құрады. Өткен жылғы есептік кезеңмен салыстырғанда 0,3 пайызға төмен. Өндірілген көгілдір отын көлемі 1,5 млрд. шаршы метрге жетіп, 17 пайыздық өсім тіркелді. «Соңғы күндері көгілдір отын мәселесі өршіп тұр. Үш-төрт күн бойы облыс аумағын аралап, бірқатар сауалдарды ортаға салып, нақты шешімдер қабылдадық. «Қарақұдықмұнайдан» 600, «Кенсарыдан» 300 тонна көгілдір отын алу көзделіп отыр. «ҚазГазӨңдеу» зауыты қызметі құқық қорғау органдары пен ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерімен жіті тексерілуде. Газды өндіруден бастап, барлық өндірістік үрдіс, жұмыс механизмі тексерістен өтеді»,-деп атап өтті өңір басшысы. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі, ол - республикамыздың және өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту. Осы бағытта облыста 5 мыңға жуық жұмыс орнын құрумен, инвестициялық құны 315 млрд. теңге болатын 34 ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланды. Сессия отырысында облыс әкімі жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын дамыту, денсаулық сақтау саласы сапасын арттыру, білім беру жүйесін реформалау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жастар саясатын жүзеге асыру мәселелерін ортаға салды. Өңір басшысы алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс басты он міндетті атап өтті. Бірінші - халықты жұмыспен қамту, бар жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру. Әсіресе мұнай саласындағы жұмыс орындарды сақтау басты приоритет болып қалмақ. Жұмысшы жастарды еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарға қысқа мерзімді оқытумен және тегін кәсіптік-техникалық білім берумен қамтамасыз ету көзделген. Өңір экономикасының озық саласына қажетті мамандарды жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін облыс әкімінің 50 гранты беріледі. «Бастау-бизнес» жобасы аясында 750 қатысушыны кәсіпкерлікке оқыту қажет. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында облыс орталығында бір және Құрық ауылында екі жатақхана қолданысқа беріледі. Бұл жатақханаларда өңіраралық еңбек мобилдігін арттыру аясында жұмыссыз жастар және әлеуметтік сала жас мамандары, барлығы мыңнан астам адам орналастырылады. Облыс әкімі қалалар мен аудандар әкімдеріне, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тұрғындар арасындар өз еркімен қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтардың санын азайту бағытында іс-шаралар қабылдауды тапсырды. Екінші - өңір дамуының стратегиялық бағыттарының бірі – көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Рухани-тарихи сәулет ескерткіші – Бекет ата қорымына келушілердің жүру қозғалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында республикалық бюджет қаржысы есебінен «Ата жолын» қайта құрылымдау жұмыстарын бастау Министрлікпен келісілді. Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап Ақтаудан әуежайға дейінгі төрт жолақты автожолды салу қолға алынады. Үшінші - облыс мектептерінде үш аусымды оқытуды болдырмау. Ағымдағы жылы бастау алған 8 мектеп құрылысын сапалы жүргізу, бюджет қаржысын толық игеру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, облыс бойынша 300 мұғалімді 3 тілділікке оқыту жобасын жүзеге асыру құзырлы мекемелерге міндеттелді. Төртінші – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша насихат жұмыстарын жүргізу. Қазіргі таңда өңір халқының 97 пайызы тұрғылықты мекен-жайы бойынша тиісті емханаларда тіркелген. Десекте, өңір басшысы міндетті медициналық сақтандырумен халықты жүз пайыз қамту мақсатында тұрғындар, әсіресе жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті. «Денсаулық сақтауды жаппай ақпараттандыру жыл соңында дейін жүз пайызға жетуі тиіс. Бейнеу ауданы Ноғайты, Тұрыш, Төлеп ауылдарында ғаламтор желісі мүлдем жоқ. Мұнайшы, Жетібай, Ақшұқыр ауылдары мен Е.Оразақов атындағы облыстық туберкулезге қарсы шипажайда баяу жылдамдықта жұмыс істейді. Сол себепті «Қазақтелеком» облыстық дирекциясына ауылдық елді мекендерді жоғарғы жылдамдықты ғаламтор желісімен қамтамасыз етуді тапсырамын»,-деді өңір басшысы. Бесінші - қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау және қамтамасыз ету. Терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық іс-қимылды ұйымдастыру және үйлестіру міндеті барлық мемлекеттік құрылымдарға жүктелді. Ералы Лұқпанұлы сыртқы күштердің ықпалына тез ілігетін топ – жастар екендігін айтып, қауіп-қатерге төтеп беріп, тиімді қарсы тұрудың ең басты құрал қоғам мен биліктің өзара келісімі, ұлт бірлігі екендігін атап өтті. Алтыншы - мемлекеттік бағдарламаларды тиімді және уақытылы орындау. «Биыл республикалық қаржыландыру көздерінен барлығы 32 млрд. теңге бөлінді. Алайда бөлінген қаржының толықтай және уақытылы игерілуі ойдағыдай жүргізілмеуде. Бұл әсіресе мемлекеттік сатып алулар процедурасының жоспарлы мерзімде өткізілмеуіне байланысты. Барлық аудандар мен қалалар әкімдері, тиісті облыстық басқарма басшылары бөлінген қаражатты ай сайынғы жоспарға сәйкес, толықтай игеруді қамтамасыз етуі қажет»,-деді облыс әкімі. Жетінші – үлескерлер мәселесін шешу. «Қазір облыста үлескерлер бойынша шешімін таппаған 2 нысан бар. Олар – «Хазар Палас» және «Ақ желкен» тұрғын үй кешендері. «Хазар Палас» кешені бойынша құрылыс жұмыстарының 96 пайызы аяқталды. Жыл соңына дейін толықтай аяқтау жоспарланып отыр. «Ақ желкен» тұрғын үй кешені бойынша негізгі мәселе Жоғарғы сот қарауына жолданды. Алтықұлаш әулие жанындағы құрылыс нысанындарында бірқатар мәселе туындап отыр. Инвесторлар арқылы шешімін табуға тырысамыз»,-деп мәлімдеді Ералы Тоғжанов. Сегізінші – жер мәселесі. Облыс әкімі өңір бойынша жер қатынастары мәселесіне аса назар аударып, ерекше тоқталды. Қазіргі таңда облыс аумағында пайдаға асырылмаған 1508 жер телімі бар. Осы жер бөліктерінің 22 пайызы, яғни 328 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. 4 пайызы, яғни 68 жер телімі игерілген. Ал жер бөлігінің құжаты толық емес. Облыс әкімі жуық арада бұл олқылықтың орнын толтыруды, пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын толық аяқтауды тиісті органдарға тапсырды. Тоғызыншы - 2018-2020 жылдарға арналған жергілікті бюджетті қалыптастыру. «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» аясында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағытында қолданыстағы бюджеттік заңнамаға біраз толықтырулар енгізілді. Маңызды жайт - 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2000 адамнан астам халқы бар ауыл деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналды меншігі енгізіледі. Бұл өзгеріс өз кезегінде ауылдық әкімдердің дербестігін және жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Облыс бойынша дербес бюджет 31 ауылға енгізіледі. Тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. Оныншы - облыс орталығы ретінде Ақтау қаласын жан-жақты дамыту. «Ақтау қаласында ірі кәсіпорындар шоғырланған әрі көліктік -логистикалық желі дамыған. Тоғыз жолдың торабы тоғысады. Әуе, су, жер жолы бар. Халықаралық және республикалық деңгейдегі қоғамдық, мәдени және бұқаралық іс-шаралар өтеді. Туризмді дамыту - өңірді өркендетудің басты бағыты. Тарихи, экологиялық және жағажай туризмін дамытуға мүмкіндік мол. Сол себепті қаланың сыртқы келбетіне, санитарлық тазалығы мен көгалдандырылуына ерекше көңіл бөлінуі тиіс»,-деп атап өтті облыс әкімі. Сонымен қоса облыс әкімі құрылыс және сәулет мекемелеріне тамшылатып суару технологиясы мен энергия қуатын үнемдеу тәсілдерін енгізуді тапсырды. Әрі тамыз айының 15-і мен 18-і аралығында өтетін Маңғыстау күндеріне жоғары деңгейлі дайындықпен қатысуға шақырды. Халық қалаулылары облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының басшылығымен атқарылған жұмыстардың оң нәтижелерін саралай келе, жоғары бағасын берді.Құқық қорғау қызметі қалыпты
Сессия отырысында Маңғыстау облысының ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Ұ.Мылтықов 2017 жылдың 6 айы ішінде атқарылған жұмысы туралы баяндама жасады. Жергілікті полиция қызметінің жалпы міндеттері, құқықбұзушылық профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, полиция жұмысын ашық және әділ жүргізу турасында нақты мәліметтер айтылды. «Жол-патрулдік полиция бөліністерімен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар нәтижесінде облыс бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 9,5 , одан қаза болғандар саны 7,7 және дене жарақатын алғандар саны 4,9 пайызға төмендеді. Бүгінгі таңда облыс аумағында жол қозғалыс ережесін автоматты түрде бақылауға арналған 19 техникалық құрылғы жұмыс жасайды. Олардың көмегімен, ағымдағы жылдың 6 айында 10 мың 694 құқық бұзушылық тіркелді»,-дейді Ұ.Мылтықов. Облыс көлемінде өсімдіктерді қорғау және браконьерлікке қарсы күрес мақсатында үнемі арнайы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға байланысты 42 дерек қылмыстық іс әрекет анықталып, процессуалдық шешім қабылданыпты. Маңғыстау облысының ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ұлықбек Мылтықовтың баяндамасы туралы облыстық мәслихат депутаты М.Дүйсенбаев сөз сөйлеп, жергілікті полиция жұмысын оң бағалады.Өзге де өзекті жайттар
6-сайланған Маңғыстау облыстық мәслихатының кезекті 11-сессиясының отырысында облыс әкімінің орынбасары Шолпан Лазарқызы облыстық бюджетті нақтылау мәселесі бойынша сөз сөйледі. Облыс әкімі түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатуға тырысып бағатынын жеткізді. Маңғыстау облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов «Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасының және мүшелерінің мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы», «Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясы төрағасының және мүшелерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекіту туралы», «Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясы төрағасын және мүшелерін тағайындау туралы» мәселер бойынша сөз сөйледі. Сонымен қатар, «Маңғыстау облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың және Маңғыстау облысының қалалар мен елді мекендердің аумақтарын аббаттандырудың қағидалары туралы», «Маңғыстау облысы аумағында мемориалдық тақталарды орнату жөніндегі комиссияның құрамы туралы», «Тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін жеке кәсіпкерлі субьектілеріне екінші деңгейдегі банктер беретін несиелердің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің құрамы туралы», «Қарақия ауданының әкімшілік –аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы», «Облыстық мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және т.б мәселелер қаралды. Аталған мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, сессия сәтті қорытындыланды.Голрох ЖЕМЕНЕЙ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ