Туберкулез, онкология және қан айналымы жүйесі ауруларының денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып тұрғаны шындық. Жақында Теңге ауылындағы «Атамұра» мәдениет үйінің ғимаратында «Халық арасында әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу» тақырыбында өткен басқосу осы дерттердің алдын алуға арналды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары облыстық орталығының (ОСӨСҚПО) әлеуметтік тапсырысы аясында «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен «Жасыл Ел» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылармен ұйымдастырылған бұл кездесу мамандармен әңгімелесу түрінде өтті.
Жастар алдында ОСӨСҚПО Жаңаөзен қалалық филиалы директорынның міндетін атқарушы Махаббат Сарыева қатысушыларға қан айналымы жүйесінің аурулары жөнінде барлық ақпаратты егжей-тегжей түсіндіріп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сонымен қатар ол туберкулезден сақтану жолдары туралы да баяндама жасап, жауынгерлерге жөтелу әдебі мәселесі бойынша ақпарат жеткізді.
Онколог дәрігер Марат Салыхов қатысушыларға онкологиялық ауруларға қатысты мол ақпарат түсіндіріп, жастардың салауатты өмір салтын ұстануы керектігін қаперге берді.
-Өкінішке орай, біздің елімізде жыл сайын обырдан шамамен 17 000 адам қаза болады, оның ішінде 42%–жұмысқа жарамды жастағылар.-деді ол. Ал егер бұл санды тарихымыздың бергі беттеріндегі фактілермен салыстыра қарасақ, Кеңес әскері Ауғанстанда болған 10 жылдық соғыста 15 000 әскерінен айырылған екен. Осы бір ғана салыстырудың өзі обырдың адамзатқа қаншалықты қатерлі екенін көрсетпей ме? Тек Жаңаөзен қаласында обырмен ауыратын 525 науқас тіркелген. Дегенмен, заманауи медицина обырдың алдын алу, диагностикалау және емдеудің мықты әдістеріне ие. Бұл әдістер, әсіресе, аурудың бастапқы сатыларында жетістікке жетуге мүмкіндік береді. Қатерлі ісіктің алдын алу және ерте диагностикалаудың ең тиімді әдістерінің бірі–халықты профилактикалық медициналық тексеру. Сондықтан «Денсаулық–2020» жаңа мемлекеттік бағдарламада басты назар онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтауға бағытталған.
Жаңаөзен қалалық Жастар денсаулығы орталығының менеджері Ерлан Қалиев жастарға темекіге қарсы демонстрациялық чемодан, «Drunk and Dangerous» интерактивті көзілдіргі мен «Спирттің ақуызға әсері» биохимиялық тәжірибе арқылы онкологиялық аурулардың пайда болуына маскүнемдік пен темекішегушіліктің әсеріне тоқталды.
Жиналыс соңында «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысушыларға әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу жөнінде ақпараттық парақшалар таратып, оларға тақырып бойынша әлеуметтік бейнерликтер көрсетті. Олардың айтуынша, осындай кездесулер келешекте облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында жалғасын таппақ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА