Мұсылман баласына Құран әріптерін танып, оны оқи білу—қастерлі міндет және ол адамдардың өзіне пайдалы. Дертке дауа, жүрекке тыныштық, отбасына береке, ұрпаққа тәрбие беретін, өзге де шексіз қасиеттері мол Алланың Кәләмын оқуға ынталандыратын аят-сүрелермен қатар хадистер де аз емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Абдуллаһ ибн Масғудтан жеткен бір хадисінде: «Алла кітабынан бір әріп оқығанға бір жақсылық бар, ол он есе жақсылық болып жазылады. (Яғни бір әрпіне он сауап беріледі.) Мен әлиф, ләм, мим—бір әріп демеймін. Әлиф—бір әріп, ләм—бір әріп, мим—бір әріп деп айтамын», делінген. Тек бір әріп үшін осынша сауап берілетін болса, Құран Кәрімді бастан-аяқ оқып шығатын кісіге қаншама сауап жазылатынын есептей беріңіз. Сондықтан бұл күндері бұрынғы аталарымыз сияқты Құран оқуға және балаларына осынау қасиетті кітапты оқуды үйретуге ұмтылатындар қатары көбейе түсуде. Жазғы демалыс күндерінің біраз уақытын Құран оқуға арнайтын балалар да аз емес.
Биылғы 25-мамырда Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде жұмысы басталған сауат ашу сабақтары 42 күнге созылған-ды. Бұл онша көп уақыт болмағанымен, 5-13 жас аралығындағы 70 бала хақ дініміздің тұңғиығына үңіліп, имандылық тәлімдерін ұғынып, бойларына адамгершілік қағидаттарын барынша сіңіруге тырысқан. Құранның қыры мен сырын білуге талпынған балдырғандарға мешітке арнайы шақырылған «Нұр-Мүбарак» институты исламтану факультетінің 2-курс студенттері Ержан Пернебеков, Мұхамедназар Қарапыз және Ақжол Исабек дәріс берген. Ұстаздардың айтуынша, балғындардың ата дінімізге қызығушылықтары жоғары.
Жақында имандылыққа бет бұрған балаларға сауат ашу курсынан өткендігі туралы сертификат тапсыруға арналған жиын болды. Онда Ақтау мешітінің бас имамы Дүйсен Хаснияз балалардың болашағына сәттілік тіледі.
- Сауат ашу курстары Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде тұрақты жүргізіліп келеді,-деді Дүйсен Хаснияз.-Құранды қолдарына ұстап, оның ғаламатын сезінуге қызығатын жастар мен жасөспірімдердің қатары жыл санап артып барады. Биылғы тәлім алушылардың ең кішісі 5 жаста. Ұстаздар бүлдіршіндермен 42 күн жұмыс істеп, қасиетті сүрелер мен аяттарды үйретті. Басты мақсат–өскелең ұрпаққа Исламның шынайы жолын көрсету.
Ислам ілімін үйрену инемен құдық қазғандай десек, балалардың қолына тиген бұл куәлік—шексіз ғылым жолындағы ізденудің басы ғана. Бүгінгі сертификат иелері мұнымен тоқтап қалмай, мешіт қабырғасында алған білімін келешекте жалғастыра береді деген үміт бар.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="29936,29937,29939,29940,29938"]