©
Маңғыстау облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Астана күніне орай «Жырлаймын сені, Астана!» облыстық ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраның мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыру және насихаттау.
Байқауға облыс аумағындағы 20-45 жас аралығындағы кез келген ақын қатыса алатын байқау жабық түрде өтіп, қатысушы ақын ұсынылған 3 (үш) тақырыпта Астанаға арнау; «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбында (Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың мақаласы аясында; Еркін тақырыпта өз туындысын жолдауға мүмкіндік алды.
Қатысушы үміткердің шығармасы бұрын ешбір жерде жарияланбаған, бұрын жарық көрген немесе мерзiмiнен кешiккен шығармалар мүшәйраға қатыстырылған жоқ.
Байқау қатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін қазылар алқасы құрып, өлең-жырларындағы сөз қолданысы, ұйқасы; ой тереңдігі, мазмұны; көркемдік ерекшелігі ескеріліп бағаланды.
Мүшәйра жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының шешіміне сәйкес дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жеңімпаздарға Қосымбай Маңдайлы, Шамшадинова Анар, Маулина Нұргүл, Гүлайым Шынтемірқызы, Амиров Бақытжан – (2016 жылғы Бас жүлде иегері) қазылар алқасы баға берді.
Нәтижесінде Бас жүлдеге Жаңаөзен қаласы, оқушылар шығармашылық үйінің оқу ісі меңгерушісі Тамара Битимова, І орынға Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Зейнетулла Қосымбаев, ІІ орынға Бейнеу ауданы, Сам орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Нұрсұлтан Оңғарбаев, ІІІ орынға Маңғыстау ауданы, Жастар ресурстық орталығының қызметкері Мейрамбек Ордабеков, ынталандыру сыйлығына Бейнеу ауданы, Боранқұл орта мектебінің мұғалімі Маржан Аккаюва, Қарақия ауданы, Қарақия аудандық мәдениет үйінің қызметкері Нұртай Қонайұлы, Қарақия ауданы, Жетбай кенті № 3 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Азамат Орынбасаров ие болды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ