Әсем әні қалықтаған қазақ даласында небір халық композиторлары жүрек түкпірінен жан тербеп шыққан әсерлі әндерін шығарып, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Міне, осы өнер бүгінде жалғасын тауып, мөлдір бұлақтай көзі ашылып отыр. Әрине, ана әлдиімен бойға сіңген нәзік дүние бала қиялын асқақтатып, әсемдік әлеміне жетелейді. Ән салған адам сезім қылын шертетін әдемі үнімен жүрек тебірентеді. Тыңдаушының жанын жадыратып, мұңын тарқатады. Бүгінгі әңгіме еткелі отырған өнер иесі, сазгер, «Асыл мұра» халықтық-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Қаракоз Кемерова жайында болмақшы. Мұнайлы қалада Қаракөз Кемерованы білмейтіндер жоқтың қасы. Шаһардағы барлық мерекелер оның басқаруындағы ұжымның атсалысуынсыз өтпейді. Ең бастысы, бүгінгі сұхбаттасым шын мәнінде өнерге берілген жан. Оның бүкіл ғұмыры шығармашылықпен тығыз байланысты. Өзінің кескін-келбеті қандай көркем болса, жан дүниесі де сондай сұлу. Жеті жылдан бері оны сырттай білсем де өнер қайраткерінің мағыналы өмірі жайлы ешқашан да қалам тартудың сәті келмеген екен. Таяуда Қаракөз апамен дидарласудың сәті түсті. - Сізді қаламыздың үлкен- кішісінің бәрі біледі. Ансамбльдегі барлық әртістер шеберліктерімен танылып, көрермендерге рухани жоғары көңіл-күй сыйлауға талпынатынын да білеміз. - Менің қызметім өте жауапты. Уақытпен санасу дегенді білмеймін. Жыл он екі ай бойы ұйымдастырылатын кейбір бағдарламаларда үйден таңертең кетіп, түннің бір уағында оралатын кездерім де аз емес. Бірақ оны ешқашанда міндетсіп, біреулерге айтқан емеспін. Өйткені, осы жұмысымнан ерекше ләззат аламын. Біздің «Асыл мұра» ансамблі қаламыздағы барлық мәдени іс- шараларға қатысады. Әрине, олардың арасында танымдық-тағылымдық, жүректерді тербейтін, көрермендер ерекше риза болып тарқасатын бағдарламаларды жүзеге асыруға тырысамыз. - Өзіңіз қай елді-мекеннің түлегісіз? - Қазақтың «Ауылым - алтын бесігім» деген сөзі маған ұнайды. Өйткені, нағыз адамға жастайынан көптеген тағылымдық жайларды санасына сіңіретін де осы қасиетті ауылдар емес пе? Мен Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қалдайбек ауылында дүниеге келдім. Осы ауылдың барлық игі құндылықтарын бойыма сіңіріп өстім. 1969 жылы әкем қызмет бабымен Крупская совхозына қоныс аударып, осы жерде 1975 жылы 1-сыныпқа барып, 1985 жылы мектепті бітіріп шықтым. Ең алғаш рет 4 жасымда мандолина тартып үйрендім. Сосын әкем домбыра тартуды үйретті. Гитараны да мектепте оқып жүргенде үйрендім. Мектеп бітіргесін Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің оркестр бөліміне түсіп, 1988 жылы домбыра прима аспабы бойынша бітіріп, «Қазақ ұлт- аспаптар оркестрінің дирижеры» деген мамандық алып шықтым. Одан кейін облыстық мәдениет басқармасының шақыртуымен Ақтөбе облыстық филармониясына «Домбыра - дастан» фольклорлық ансамбліне жұмысқа қабылдандым. Осы ансамбльде жұмыс жасап жүріп, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Нұрымбет Ешмұхамбетов ағайдың ұйғарымымен шертер аспабын меңгеріп, 1989 жылдан бастап осы шертерді өзіме серік еттім. Сол жылдары гастрольдік сапарға шығып, жанды дауыста күніне екі концерттен беріп, бүкіл Қазақстанның ауылдарын араладық. Бұдан кейін Ақтөбе Мемлекеттік Педагогикалық Институтының «Музыкалық білім» факультетін «Кәсіптік жоғары білімді музыка пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шықтым. 2001 жылы Жаңаөзен қаласының әкімінің шақыруымен «Өнер» мекемесіне жұмысқа орналастым. 2006 жылы «Асыл Мұра» фольклорлық ансамблін құрдым. Ансамбль осы уақытқа дейін бірнеше рет облыстық, Республикалық, Халықаралық байқауларға қатысып, лауреат атанды. Белоруссия, Германия, Болгарияда өткен өнер фестивальдеріне қатыстық. Шертер аспабында көптеген шәкірттер дайындап шығардым. Қазір «Өнер» мекемесінде «Асыл Мұра» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі болып қызмет жасаймын. 2006 жылы «Жаңаөзен жаршысы» газеті жарық көріп, осы газетте тілші болып қосымша жұмыс жасадым. Әлі де қалалық, облыстық газеттерде мақалаларым жарияланып келеді. 2013 жылы Жаңаөзен арнасынан «Белгілі жанның беймәлім қырлары» атты бағдарлама ашып, соны жүргіздім. Өзім үшін өмір мектебінен өткен әкем мен анамның орны қашан да бөлек. Олар мені алақандарына салып аялады. Отбасымызда 7 ағайынбыз. Бірақ сонда да ата-анам кішкентайымнан менің әрбір сәтті қадамыма балаша қуанып, арқамнан қақты, еркелігімді көтерді. Сондықтан олардың алдында мәңгілік қарыздармын. Ата-анам жақында дүниеден озып, қабырғамды қайыстырды. Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері еді, анам әкем сырттан келгенше шай-тамақ ішпей күтіп отыратын еді. Себебі, олар тек қана өз бастарының қамын ойлаған өзімшіл кісілер емес. Жерлестерінің қайғысына мұңайып, қуаныштарына ортақтасты. Жандары игі адамдар еді. Екеуінің бір-біріне деген махаббаты, сыйластығы, таза кіршіксіз көңіліне барлық ағайын-туыс қызыға қарап жүретін. Әкем ауырып өмірден кеткен соң, анам да шыдамай артына кете барды. (Қаракөздің көзіне жас келіп еске алып отыр). 2002 жылы жеке үйірме ашып, көптеген шәкірт дайындадым. Қазір арнаулы оқу орындарында білім алып, қасымда бірге жұмыс жасап жүрген шәкірттерім де бар. Кейбіреуі басқа қалаларда оқуларын жалғастыруда. Қала, облыс әкімдерінің, мәдениет басшыларының марапаттарына ие болдым. «Жаңаөзенге 40 жыл» төсбелгісімен марапатталдым. - Сіздің репертуарыңызда қандай әндер бар? - Алғашқы әнімді 2010 жылы жазып, оған лайық сөзін 2013 жылы Орынгүл Смағұл жазып, осы ақынның «Бетке алып айды келемін» атты кітабының тұсаукесер кешінде орындалды. Сонымен қатар «Халқым қайда барасың» атты әнім де орындалды. Бүгінгі таңда балаларға арналған 7 әнім бар. Менің әндерім көбінесе лирикалық бағытта жазылады. Әннің әуені ойыма келгенде әуелі диктофонға, содан кейін нотаға түсіремін. 2008 жылы Жаңаөзенде «Кербез қыз» атты өзімнің шығармашылық кешімді берген едім. Араға 8 жыл салып, «Шертемін сезім сырларын» атты шығармашылық кешімді әуелі Жаңаөзенде, кейін Ақтау қаласында өткіздім. Қазіргі таңда Байғали Есеналиев, Қалбай Әбдіраманов, Сағындық Рзахметов, Орынгүл Смағұл, Нұргүл Маулина, Мұхамбетберді Сүйітов, Тілеген Әли сияқты ақындардың сөзіне жазылған 24 әнім бар. Оның екеуі шертерге арналып жазылған шығарма. Балаларға арналған әзірге 7 әнім бар, кейбірінің сөзін өзім жаздым. «Ақбаян ару», «Халқым қайда барасың?», «Әйел ғой нағыз қазына», «Ерке баламын», «Өнерлі өрендер», «Ән ғұмыр», «Ризамын», «Жүрек назы», «Өзіңді сүйем», «Аққулы мекен», «Наурыз қандай тамаша», «Күй қоңырау», «Ұмытқым келеді», «Келесіңбе?», «Сендер үшін өмір сүргім келеді», «Әдемісің-ай», «Асыл елім Қазақстан», «Жаңа жыл», «Жан әжем», «Әз Наурыз», «Сезім сыры», «Таңғы тамшы», «Құрмет қыл қарияға!», «Қоштасу әні» атты әндерім бар. Қаракөз Мұрабайқызы 2016 жылы Қазақстан авторлары қоғамының мүшесі атанды. Қаракөздің өмірлік жары Өтеміс Құлшықов те өнерден құр алақан емес. Өтеміс Төлемісұлы журналист, ән айтады, ағаштан бұйымдар жасайды. Өтеміс пен Қаракөз бүгінде әке, аяулы ана, ата-әже атанған жандар. Аягөз есімді немере қыздары әжесінің әндерін сахналарда орындап жүр. Өмірін өнерімен өрнектеген Қаракөзге шығармашылық табыстар мен зор денсаулық тілей отырып, әлі талай сахналарда Жаңаөзен қаласының мәртебесін асырарына кәміл сенеміз. Айтпақшы, сазгер туралы сөз қозғап, оны насихаттаушылар туралы да құлағдар қылғанды да жөн көрдік. «Сөз бен саз» жергілікті сазгерлердің шығармаларын насихаттауға арналған бағдарлама. Бағдарламаның авторы Бердіхан Әлмен 1984 жылы 10 маусымда Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келіп, сол ауылдағы С.Жаңғабылұлы атындағы орта мектепті 2001 жылы бітірді. Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде инженер-эколог мамандығын және мемлекеттік жергілікті басқару мамандығы бойынша жоғары білім алды. Қазіргі таңда Мұнайлы ауданында кәсіпкерлік бөлімінде бас маман қызметінде. Отбасылы, 3 баланың әкесі. Бердіхан Қуанышұлы мемлекеттік қызметте жүргенімен, жаны өнерге жақын азамат. Өлең шығарады, әртүрлі мәдени кештерді ұйымдастырады, әндерге сөз жазады. «Біссімілә - сөз басы» атты 32 ақынның жыр дискісін шығарған. 2013 жылы Алматы қаласынан «Саған арнаймын» атты жеке альбомы жарық көрді. Ал, 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Орал облыстары жыршыларының басын қосып, «Алтынды орда - ұран жыр» атты республикалық жыр кешін өткізді. Бердіхан Қуанышұлы бүгінде жүргізіп жүрген «Сөз бен саз» бағдарламасының авторы әрі редакторы. Ол еңбегі үшін «Қазақстан-Ақтау» телеарнасынан жалақы алмайды, өзі де төлемейді. Аталған бағдарлама қазақ және жергілікті сазгерлердің әндерін насихаттауға Бердіханның патриоттық сезіммен арнап ашқан бағдарламасы. Бердіхан Әлмен ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ақын, жырау Ұзақбай Қазжанұлының 120 жылдық мерейтойын ұйымдастыру алқасының төрағасы, жазба ақындарының республикалық мүшәйрасын ұйымдастырушы, «Менің атым - Ұзақбай» деген жыр дискісін шығаруына атсалысты, Осы шығарманы қысқартып, жыршы Темірбек Асқанбаевқа Көгөз деген этноауылда 750 мың теңгеге өзінің қаржысынан клип түсіріп берді. Өнер десе делебесі қозып, елеңдеп тұратын жастардың қатарында ақын-жырау Ұзақбайдың ұрпағы Бердіхан Әлменді ерекше атап өткім келеді. Оның мақсаты - Елбасының рухани жаңғыру мақаласындағы туған жер, тарих, ұлттық кодты сақтауға үлес қосу. Бірі сазгер, бірі насихатшы - өнер жанашырына шығармашылық табыстар тілейміз.
Гүлсім МҰРЫНОВА