©
Арменияда армян мен қазақ қыздары сұхбатты қазақ тілінде жүргізді.
Күз айында маған Армения жүрегі – Ереванға сапар шегу бақыты бұйырды. Мұндай ерекше сапар БҰҰ мұрындық болуымен Қазақстан журналистеріне арналған семинар-тренинг аясында ғана мүмкін болды. Алтын тарихы тереңге тартқан ежелгі де көркем қалада менің ана тіліме ғашық, ұлтыма құрметпен, еліме мақтанышпен қарайтын шетел жанын табам деп еш ойламаған едім. Алайда мұндай жан бар. Және ол күлімдеп, қазақша амандасып: «Менің есімім – Шушан Хачайрян! Мен Қазақстанды жақсы көремін» дегенде, аузыма сөз түспей қалды...
— Шушан ханым, сіздің қазақ тіліне қызығушылығыңыз неден басталды?
— Менің есімім – Шушан Хачайрян. Ереван мемлекеттік университетінде ғылыми жұмыста қызмет етемін. 2010 жылы Ереван мемлекеттік университетінде қазақ тілі және әдебиеті орталығы ашылды. Алайда, ашылғаны не керек, орталықта тілді үйрететін мамандар жоқ еді. Мен жас түркітанушы ретінде түрік тіліне ұқсас қазақ тіліне қызығушылық білдіріп, тілді өз бетімен меңгере бастадым. Қазақ әдебиетінің басты қазынасы – «Абай жолы» роман-эпопеясын оқығанда, тілге деген сүйіспеншілігін артып, қазақ елін көргім келді. Ұлы Абайдың тіліне ғашық болғанымды түсіндім. Қуанышқа орай, Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетінде үш ай тәлімдемеден өтуге, қазақ тілімді дамытуға мүмкіндік алдым. Бұл кішігірім сапар арқасында мен ғылыми қызметімді қазақ тілі мен Қазақстанға байланысты болады деп шештім. Алдағы уақытта қорғайтын диссертациям қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың шығармашылығына арналады. Қазір осы бағытта жұмыстанып жатырмын.
— Қазақ тілін үйрену барысында қандай қиындықтар болды?
— Ең қиыны, қазақтілді ортаның жоқтығы болды. Армения еліне демалып, біліп іздеп келген қазақтардың саны көбейгенімен, қазақ тілінде сөйлейтін қазақтар жоқтың қасы. Мен қазақтармен қазақ тілінде сөйлесіп, тілімді дамытқым келеді. Және қазақ тілі – өте бай тіл. Оның тұрақты тіркестері, сан есімдерінің көптігі бір жағынан таңғалдырса, екінші жағынан тіл үйренуде көп кедергі келтірді. Қазақ тілінде ұғынуға қиын ерекшеліктер жетерлік. Алайда мен бұл қиындықтарға қарамастан, қазақ тілін үйренуде барымды салып жатырмын.
— Қазақстан еліне барғанда, қандай әсер алдыңыз?
— Қазақстанға әлі жолым түспегенде, Астана туралы көп оқыдым. Расымен де, Астана – жаңа Қазақстанның символы, Еуразияның маржаны. Бұл сұлу қаланы көріп, таңғалмау мүмкін емес. Азғантай уақыт ішінде бой көтерген қаланың жеткен жетістіктері таңдай қақтырады. Алайда мені ерекше сүйсіндірген Алматы қаласы болды. Оның тамаша табиғаты, қонақжай халқы, зәулім ғимараттары, таулары, ауасы мүлдем өзгеше, тартымды, жақын. Енді мен Шымкент пен Маңғыстауды көруді армандаймын. Олардың ұлттық салт-дәстүрлері жақсы сақталған, ерекшелігі мол қалалар деп естігенмін.
— Қазақ ұлты сізді немен тәнті етті?
— Армения елінде басқа ұлттар өте аз. Қазақстанда түрлі ұлт пен ұлыстарды көргенде таң-тамаша болдым. 100-ден астам ұлттың бір мемлекетте өмір сүруі, тату-тәтті тұруы, достығы – қазақ еліне деген құрметімді өсірді. Бұл қазақ халқының жетістігі, мейірімділіктің мерейі деп ойлаймын. Ұлттың қонақжайлылығы, бауырмалдығы, адамгершілігі секілді асыл қасиеттер оларды басқа ұлттардан ерекшелейді.
— Сіздің қазақ әдебиетінде ерекше ұнайтын шығармаңыз бар ма?
— Қазақ әдебиетінде ерекше құрмет тұтатын, ерекше сүйетін кітап -«Абай жолы» романы. Себебі, бұл кітап қазақ тілінде оқыған тұңғыш туындым. Және бұл кітап маған қазақ әлеміне, ұлтына, еліне, мәдениетіне, тарихына қадам басуға мүмкіндік берген энциклопедия десем артық айтқандық емес. Мен Алматы қаласында болғанда, М.Әуезов атындағы ұлттық театрында болып, «Абай трагедиясы» қойылымын көрдім. Қойылым маған қатты әсер етті. Сахнада болған көріністер әлі де көз алдымда. Абайдың басынан кешкен қиындықтары, ұлылығы, даналығы, шығармашылығы бәрі-бәрі мені тәнті етті.
— Қазақтың ұлттық тағамдарын татып көрдіңіз бе?
— Иә, мен Қазақстанда болғанда ұлттық тағамнан дәм татқанмын. Бәрі қатты ұнады. Әсіресе, сары бауырсақтар тіл үйіреді. Қымыздың дәмі де ерекше екен.
— Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланыс жайында ойыңызды білдірсеңіз...
— Қазақстан және Армения арасындағы байланысы дамуының жаңа кезеңі Тәуелсіздіктен кейін басталды. Қазақстан Республикасының Армениядағы елшілігі және Арменияның Қазақстандағы елшілігі ілкімді істерді жүзеге асырды, екі елдің қарым-қатынасы қарқын алуына көп жұмыстанды. Біздің университетте ашылған қазақ тілі және әдебиеті орталығы да осыған дәлел десек болады. Қос мемлекеттің байланысы тек саясат пен экономика саласында ғана емес, әлеумет пен мәдениет бойынша да дамыса деймін. Себебі, қос елде көп жастар біле бермейтін ұқсастықтар баршылық.
— Болашақ жоспарларыңызды айтсаңыз...
— Диссертациямды сәтті қорғап, қазақ еліне сапар шегуді жоспарлап отырмын. Болашақта қазақ тілін шебер меңгерген соң екі ел арасындағы мәдени байланыстың берік болуына септігімді тигізуді армандаймын. Отандастарыма тамаша ел – қазақ мемлекеті туралы, ал қазақтарға Отаным – Армения туралы айтқым келеді.
Сұхбат құрған – Ханым ҚУАТ
https://youtu.be/6YFWwynkmwM