Облыстық әкімдікте ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыз бойынша департаментінің ұйымдастыруымен аймағымызда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Басқосу барысында кеңестің жаңартылған құрамы таныстырылып, мемлекеттік қызмет саласындағы кемшіліктер мен заң бұзушылықтар айтылды.
Елімізде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әдеп кодексі күшіне енген болатын. Құжатта мемлекеттік қызметшілердің қызмет бабындағы сондай-ақ, жұмыстан тыс уақыттағы қарым-қатынас талаптары анық көрсетілген.
Облысымызда биылғы жылдың 11 айдың қорытындысы бойынша 15 мемлекеттік әр түрлі лауазымдағы қызметші тәртіптік жазаға тартылып отыр. Мәселен, Маңғыстау ауданы әкімінің аппарат басшысы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін лауазымынан босатылды. Бірқатар мемлекеттік қызметкерлер өздерінің негізгі құрылымдық міндеттерінде шешім қабылдауда заңдылық нормаларды басшылыққа алмағандары үшін жауапқа тартылды,-дейді облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы Е.Меңдалиев. Әдеп кеңесінің кезекті отырысына облыстық әкімдік өкілдері, департамент басшылары мен аудан әкімдері қатысты. Алғашқы болып сөз алған Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов 2016 жылы мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жұмыстар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалары мен әдеп кодексі талаптарының орындалысын баяндады.
Ағымдағы жылы аудандық комиссия тоқсандық отырыстарды уақытылы өткізіп, жаңа заңнамалық құжаттарды тіркеді. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан кеткен кемшіліктерге қатысты шағым жәшігі орнатылды. Мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық қалыптастыру бойынша сұхбат алаңы өткізілді. Биылғы жылдың 11 айында мемлекеттік қызметкерлерге байланысты тәртіптік іс қаралған жоқ, — деді Түпқараған ауданының әкімі Т.Асауов. Түпқараған ауданында 14 мемлекеттік қызмет орны бос тұр. Әкімнің айтуынша, мемлекеттік қызметке келуге мамандар құлықсыз. Кеңес мүшелері облыстың Бейнеуден басқа аудандарында мемлекеттік қызмет көрсетуді ішкі бақылаумен айналысатын бөлім құрылмағандығын айтады. Әкімдіктерде ұйымдастыру бөлімінің бір маманы бұл жұмысты жүктеме ретінде атқарып отыр. Ал, елімізде бұл жұмысты тұтас бір бөлім атқарады. Әзірге біздің облыс аудандарында бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Осыдан соң сөз алған Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Төлегеновтің мәлімдеуінше, ағымдағы жылы ауданда бірқатар ауыл әкімдеріне қатысты тәртіптік істер қаралған. Бірқатар әкімдік қызметкерлеріне өз қызметтеріне лайықты болмай, лауазымды асыра сілтегендері үшін сөгіс берілген. Тәртіптік жаза қолданылғандардың арасында Басқұдық, Батыр, Қызылтөбе ауылдарының әкімдері бар. Бірқатар кемшіліктер мемлекеттік сатып алу қызметіне қатысты орын алған. Отырыс барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр атқарылған жұмыстар ретін баяндаса, мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасы мен облыстағы жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшылары 2016 жылдың 3 тоқсанында өңіріміздегі орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы орындардың тәртіптік комиссияларының жұмысына жүргізілген талдау қорытындысын мәлімдеді.
Анар ШАМШАДИНОВА