Ел іші - өнер кеніші
Өмірге келіп, ес білгеннен әнші болуды армандап, мақсатқа жеткен өнерпаздар өз тыңдармандарына өлшеусіз рухани нәр берумен бірге, көптеген жастардың қиялына қанат бітіріп, алдағы уақытта олардың да әншілік жолды таңдауына себепші болғандары белгілі. Әрине, кезінде атағы жер жарғанмен, бүгінде оларды ешкім біле бермейтін, бірлі - жарым көз көргендер мен ауылдастарынан басқа ешкім ойға ала бермейтін, елеусіз күйде қалып келе жатқан тұлғалар аз емес. Сондықтан бабалар аманатына адалдық танытып, ел ішінде ескерусіз жүрген талант иелерін жұрт алдына шығаратын жөніміз бар деген оймен, әншілігі кім – кімді де баурайтын, бірнеше әннің авторы, дауысы алты қырдан асатын әнші - жыршы Әсет Ақниязов ағамызбен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Әсет аға, сіздің талай бәйгелерде оза шауып, халықтың ыстық ықыласына бөленгеніңізді біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан өнер жолына қалай келгеніңіз жөнінде айтып өтсеңіз.
- Менің әнші – жыршы болуыма деген қызығушылығымды туғызған – өзімнің әкем Түзелбай деген кісі. Ол өзі домбыра тартып, ән айта білмесе де халық әндерін сүйіп тыңдайтын. Өзіміздің Қашаған, Аралбай, Сүгірдің жыр – дастандарымен қоса, Қайыптың әндерінің сөздерін жатқа білетін. Біреулер сол кісілердің туындыларын бұзып айтса, қатты қапаланатын. «Қап! Өзім айта алмаймын, әйтпесе» деп ренжіп отыратын. Оның өнерге деген құрметі ерекше болатын. Әкемнің осы жағдайын көрген сайын, халық әндерін жинаумен қатар, оны мақамға салып айтуға қызығушылығым арта түсті. Ұмытылып бара жатқан әндерді тауып, оның бұзылмай сақталуына үлесімді қосқым келді. Жалпы, менің өнер жолында қалыптасуыма әкемнің сіңірген еңбегі ерекше. Мектепті қабырғасында жүргенде мәдени шаралар мен той – томалақтарда ән - терме айтып көзге түсіп, ауыл арасында «Әнші бала» деген атақты да алдым. Ауыл болғасын мал шаруашылығы бірге жүретіні белгілі. Ол уақытта ауылдағы көрші балалармен бірге өріске кеткен малды тауға шығарып жайып келетінбіз. Қай жылы екенін дәл білмеймін, бір күні қозы - лақтарымызды ауылға қарай айдап келе жатып, жолшыбай ауыл шетінде орналасқан «Мойнақ» деп аталатын фонтанға шомылуға барғанымызда, ауыл әкімі бастаған азаматтарымен бірге бес - алты қонақ демалып, табиғат тамашалап отыр. Әлгі бейтаныс қонақтардың бас қондырысынан әртіс немесе әншілер екендігін іштей болжап алған мен, қастарына қызығушылықпен жақындағаным сол еді, менің өнерге жақын екенімді жақсы білетін ауыл әкімі: - Әсетжан! Мына отырған кісі Республикамызға белгілі күйші Қаршыға Ахмедияров деген ағаң, - деп таныстырды. Содан соң Қаршыға ағамыз бастаған әнші - күйшілердің өнерін тамашалап отырып, кеш қалай болғанын білмей қалыппыз. Сол күні кешке болатын алматылық өнерпаздардың концертінде мені де «өлең айтсын» деген ауыл әкімі қонақтарға ұсыныс жасады. Қанша дегенмен музыкалық білімдері бар әншілермен бір сахнада өлең айту әрине қиын. Сонда да болса «Жығылсаң нардан құла» деген, сахнаға шығып Қайыптың әні «Жадаукөкті» орындап шықтым. Әнімді айтып болып, төмен түсіп келе жатырғанымда алдымнан иманды болғыр Қаршекең шығып, қолымды қысып тұрып: «Сен бала мектеп бітіргесін жатып алмай, Алматыға кел. Сенен мықты әнші шығады» деп арқамнан қақты. Содан мектепті бітіргеннен кейін де әне – міне деп жүргенде кешігіп, оқуды амалсыздан келесі жылға қалдыруға тура келді. Бір жылдан соң Алматы қаласына барып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға құжат тапсырып, жолым болып, оқуға түстім. Белгілі күміс көмей әнші Сәуле Жанпейісова апамыздың сыныбында дәстүрлі ән бойынша екі жылдай дәріс алдым. Бірақ та екі жылдан кейін оқуымды тастап, ауылға тартып отырдым. Мүмкін жастықтың буы болар, оның үстіне атқа мініп еркін өскен ауылдың баласымын, ауылды да сағынып кеттім. Сол барғаннан біразға дейін ауылдың маңайынан ешқайда ұзап шыққан жоқпын. Өнерден қол үзбей, жергілікті Жеткізген Сейітов, Сағынғали Нұрғажаев, Қожан Арашов сияқты ағаларымды өзіме ұстаз тұтып, қастарына еріп, ән үйреніп, әңгімелерін тыңдадым.
- Сізбен бірге сол консерваторияда Қазақстанға белгілі қазіргі өнер жұлдыздары оқыды ма? Олармен араласып тұрасыз ба?
- Мен арман қуып Алматыға барғанымда, көпке танымал бейнеулік дүлей жыршы – термеші Елдос Еміловты жолықтырдым. Елдосты бұрын жақын танымасам да, екеуміз аудандық облыстық жыр – додаларда кездесіп жүретінбіз. Өте талантты жігіт болатын. Сонымен бірге біздермен қатар оқыған белгілі әнші Мейрамбек Беспаев, қазіргі «Телқоңыр» деп аталатын бағдарламаның жүргізушісі Ақан Әбдуәлі және Тоқтар Серіков, ал Айгүл Қосанова біздерден бір курс жоғары оқыды. Олармен осы уақытқа дейін хабарласып, ақыл – кеңестерін алып тұрамын. Айгүл болса былтыр «жеке есеп беру концертіме қатыс, сені ел танысын, келіп бағыңды сына. Босқа жата берсең ертеңгі күні сенің Әсет екеніңді ешкім білмей қалады» деген болатын. Бірақ түрлі себептермен бара алмадым.
- Сіздің әншіліктен де басқа ақын –сазгерік өнеріңіз бар екенін білеміз. Белгілі күміс көмей әнші Тамара Асар мен Ғаділбек Жаңайдың репертуарындағы «Аққу арман» деп аталатын әннің сөзін де әнін де сіз жазған дейді, сол рас па? Тағы қандай әндеріңіз бар?
- Мен туған Шайыр ауылы – талай таланттарды түлеткен құтты мекен. Ол ауылдан Қашаған атамыз бен Медет Жылгелдіні айтпағанда, Маңғыстауға белгілі Әзірбай, Қыдырбай Тұрмағанбетов, Сағынғали Нұрғожаев, Бірғали Байекеев, Ерекен Қорабаев, Қожан Арашов сияқты дүлдүлдер шыққан. Ақын Светқали Нұржан айтқандай кең кеудесіне нәзік өлең сиғызған» Талғат Атшыбаев ағамыз да осы ауылдың түлегі. Бұл әндердің барлығы осы ағаларымызға еліктеушіліктен шыққан дүние. Бір әннің басын бастап одан аяғын жазып жүргенде «Аққу арман» мен «Қаракөз қыз» деген ән өмірге келді. Бұл әндер ауылдағы жас өнерпаздардың орындауында той – томалақтарда ғана айтылып жүретін. Осыдан үш – төрт жыл бұрын Ғаділбек інім телефон соғып: «Аға сіздің Аққу арманыңызды Тамара екеуміз орындайын деп едік» деп рұқсат сұрап, келісімімді алып жарыққа шығарды. Бұл әнді күні кеше ғана Тамара қарындасымыз елімізге белгілі ақын апамыз Анар Шамшадинованың сөзімен қайта өңдеп, бейне баянын халыққа ұсынып үлгерді. Ал «Қаракөз қыз» деп аталатын әнімді Қазақстанға белгілі әнші Ғалымжан Жолдасбай деген азамат орындап жүр. Одан басқа да «Көз алдап өткен елес пе ең», «Жайықтан ұшқан тырналар» мен жуырда жарық көретін «Орал вальсі» деп аталатын жаңа әндерім бар.
- Ән өнерінен басқа қандай салаға қызығушылық танытасыз? Отбасыңыз туралы да айтып өтсеңіз.
- Отбасы жайына келетін болсақ бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған бақытты әкемін. Өзім де ауылда туғандықтан, таза қазақы отбасында тәрбиеленгенмін. Әке – шешемізден өрбіген он баланың бесіншісімін. Өзіммен бірге туған тумаластарымның бір – екеуінен басқасы өнерге жақын, домбыра ұстап ән айтады. Мен бала кезімнен ән өнерінен басқа атқа мініп, мал баққанды ұнататынмын. Қазір құдайға шүкір жеке шаруашылығым бар. «Мал баққанға бітеді» демекші, бүгінгі күні түйе ұстап - шұбат, бие байлап – қымыз ішіп отырған жайымыз бар.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ