«Адай ата – Отпан тау» кешенінде ақын, Адайдың жорық жыршысы Қалнияз Шопықұлының 200 жылдығына арналған «Мен – Қалнияз деген күреңің!» тақырыбында әдеби-танымдық кеш өтті. Шараға Қалнияз атаның ұрпағы Құлтан Тәуірбаев, Қалнияздың сүйегін өлкемізге әкелуге атсалысқан азамат Әби Қарабаев, Атақозы батырдың ұрпағы Жұмабай Әсемұлы, аталас ағайыны Еламан Дарханбайұлы, республикалық «Қосай ата» қорының төрағасы Сағидолла Төленов, «Маңғыстау облыстық ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қартбек Дүйсенбаев және Жыңғылды селосындағы Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Жиналғандар әуелі «Бата төбе» басындағы Қалнияз ақынның бейітіне зиярат етіп, құран оқып, дұға бағыштады. «Отпан» МКҚК ұйымдастыруымен кешендегі «Қарашаңырақта» өткен шарада мекеме ардагері, ҚР мәдениет саласының үздігі Данияр Аралбаев Қалнияз ақынның өміріне арналған «Қалнияз Шопықұлы және оны Отпан тауға қоюдың идеялық маңызы» тақырыбында баяндама оқыды. Жиында Қалнияз атаның ұрпағы Құлтан Тәуірбаев, «Маңғыстау облыстық ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қартбек Дүйсенбаев сөз сөйлеп, естелік айтты. Көп жылдар бойы Маңғыстау ауданының мәдениет саласында автоклуб меңгерушісі болып істеген, мәдениет майданының майталманы, Шайыр ауылының тұрғыны Қарамырза Тәжиев Қалнияздың «Биік қылып сөйлейін» толғауын асқақтата толғаса, Жыңғылды ауылы мәдениет үйінің қызметкері Ниязтұрлы Бектұров ақынның «Тойбастарын» шалқыта шырқады.
Адайдың жорық жыршысы, қазақтың жауынгер ақыны Қалнияз Шопықұлы 1816 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының Сам құмында дүниеге келген. Әкесі Шопық Доспамбетұлы жас кезінде Еділ, Жайық өзендері арасындағы Нарын құмын мекендеген. Кейін Маңғыстауға беттеп, Қарақұм, Үстірт жерінде байлардың малшысы болады. Өмірі жалшылықпен өткен Шопықтың Қалнияз, Көлнияз, Ернияз, Қапа, Рақа, Тілеубай атты 6 баласының үлкені Қалнияз қаршадайынан байдың малын бағып, өмірдің тауқыметі мен қиындығын ерте татып, ерте ержетіп, қайралып өседі. Ер жетіп, атқа қонған соң қоржынының бір басына сұқпалы домбырасын, екінші басына жебелерді толтырып салып, асынып жүретін болған.
Оған жаратқан Алла небір жақсы қасиеттерді үйіп берген: ол ақпа-төкпе ақын болумен қатар, жыршы, әнші және күйші де болған. Сонымен қатар шаршы топта қарсыласқа дес бермес, есе жібермес азулы айтыс ақыны да болған. Бізге жеткен Кете Тәжібаймен, Жаскілеңмен айтыстары, Хиуа ханының тұтқынына түсіп, алдына барғанда сөйлеген сөздері ақынның сөзден дауыл да тұрғызар, кесте де тоқи алар құдіретін көрсетеді. Ол «Байұлыға белгілі, ұстазым – Тіней Өгізбай» деп Өгізбайды ұстаз тұтып өткен.
Ақын қартайған шағында өлең-толғаулар шығарып, жорықтарға бірге аттанған батырларды сағына еске алып, ата қоныс, туған жерін аңсап, елден шалғай жүргеніне налиды. Қолайлы қоныста отырса да елді аңсап, атамекенге оралу ниетімен бірқатар ауылмен бірге Душанбе, Гиссар бетке көшеді. Бірақ ол мақсатына жете алмай, Қалнияз 1902 жылы 86 жасында Гиссар қыстағында дүниеден өтіп, сонда жерленеді. 2015 жылы Алланың қалауымен, Маңғыстау халқының сұрауымен, артынан өнген ұрпақтары атамекеніне әкеліп, ақынның киелі сүйегі өзі аңсап, жырлап өткен Маңғыстауға әкелініп, кәрі Отпан тау етегіне, «Адай ата – Отпан тау» кешені маңайынан мәңгілік мекен тапты.
«Отпан» МКҚК мен Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың өнерлі оқушылары қатысуымен дайындалған, Қалнияз ақынның жырларынан құрылған әдеби-көркем көрініс қатысушылар назарына ұсы
деген ұмтылысы тыңдаушыларды ризалық сезімге бөледі. Әсіресе Қалнияз ақын бейнесін сомдаған Жәмшид Хожабаевтың өлең оқу мәнері көпшілікке ерекше ұнады.«Отпан» МКҚК мен Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың өнерлі оқушылары қатысуымен дайындалған, Қалнияз ақынның жырларынан құрылған әдеби-көркем көрініс қатысушылар назарына ұсынылды. Өскелең ұрпақтың өлең, жырға деген құмарлығы мен орындауға деген ұмтылысы тыңдаушыларды ризалық сезімге бөледі. Әсіресе Қалнияз ақын бейнесін сомдаған Жәмшид Хожабаевтың өлең оқу мәнері көпшілікке ерекше ұнады.
Жомарт АЙДАРБЕК, «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің көпшілік-экскурсия бөлімінің меңгерушісі.