©
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облыстық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Чернобыль атом электро станциясы апатын жоюға қатысқандарға арналған салтанатты жиналыс өтті.
Миллиондаған адамның өміріне зардабын тигізген Чернобыль атом электр станциясындағы жарылысқа - 30 жыл болды. Атом энергетикасы тарихындағы ең ірі апаттың зардабын жоюға Қазақстаннан 30 мыңдай адам қатысты. Ерен ерлігімен көрінген олардың арасында маңғыстаулықтар аз болған жоқ.
Чернобыль апаты – барша халықтың ортақ қасіреті. Жиналыста апаттың залалсыздандыру жұмысына қатысқандар бас қосып, жарылыс құрбандарын еске түсірді. Қаланың №4 мектеп оқушылары күллі әлем халқының қабырғасын қайыстырған қайғы, құрбан болған жандар жайында өлеңдер оқыды.
— Адамзаттың қасіретіне айналған Чернобыль апаты миллиондаған жанның жүрегін жаралады, ауыр естеліктер қалдырды. Жарылыс болғанда мен оқушы едім. Бала болдық, білмедік. Бірақ кішкентай жүрегімізде қорқыныш ұялады. Қауіпті нәрсе болғанын ұқтық. Чернобыль апатын жоюға қатысқан барлық жанның алдында тағзым етіп, алғысымды бірдіремін! — деп түйіндеді сөзін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина.
Жиналыс соңында Чернобыль апатын жоюға атсалысқан жандар ҚР «Чернобыль одағы» кеңесінің шешіміне сәйкес «Пана» обьектісін орнату күніне 30 жыл» естелік белгісімен марапатталды.
Ханым ҚУАТ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="15507,15506,15505,15504"]